15.03.2021, 10:30
Қараулар: 62
Ұстаз тағлымы

Ұстаз тағлымы

Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адам бойындағы барлық ізгі қасиеттердің  ең жоғары үлгісі. Соның ішінде, Алғашқы ұстаздың жөні тым бөлек… Имене басып мектеп табалдырығын аттаған кезде алғаш сені мейіріммен қарсы алатын, алғаш қолыңа қалам ұстатқан адам да сол. Ол әр адамның санасында мәңгілік сақталып, әрі өмірінің соңына дейін бас иіп өтетін ардақты да, қасиетті тұлға кім десе, әрбір адам анасынан кейін алғашқы ұстазының есімін айтары анық.  Оның «Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеме нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулығанын айтудың өзі артық шығар. Біздің ауылда талай балдырғанды білім әлеміне жетелеген Күләш Қабенқызы Жұмағазиеваға көрсетілер құрмет ерек. Ең алдымен ардақты ұстаздың алдын көрген шәкіртіне сөйлетсек.

– Әлі есімде, мен 1969 жылы алғаш мектепке қобалжи кіргенімде, алдымнан жүзінен мейірім шуағы ескен ұстаз  күлімдеп қарсы алып, қолымнан жетектеп, екінші қатардың алдыңғы партасына отырғызды. Оның айтқан әр сөзі, жасаған әр қимылы, мінезі, тіпті киген киімінің өзі  мен  үшін өнеге болды.

Баламыз ғой, ұстазымыздың әр айтқан сөзін, ақылын мүлтіксіз тыңдайтынбыз. Ол кезде мектеп оқушылары жазуды қаламсаппен сияға батырып жазатынбыз. Сия төгіліп, сумкамызды ластамас үшін әдейі сияқапта бөлек ұстайтын едік. Бірде жазуым жылтырап әдемі болып көрінсін деген болуым керек, сияны қоюлап езіп, мектепке «Алтын сия» жасап алып келдім. Дәптеріме жаза бастағанда, апайым жайлап қана қасыма келіп, «Бақытжан, жылтыраған нәрсенің бәрі бірдей жақсы болмайды, өзің жазған әріп пен  қасыңдағы Ғалияның жазғанын салыстыршы, қане қайсысы әдемі?» дегені. Шынымен сұйық сиямен жазу әдемі түседі екен. Содан қайтып, «алтын сия» ұстамайтын болдым. Сол кезде үздік оқитын оқушыларды  алдыңғы қатардағы қызыл матамен жабылған «Ильич партасына» отырғызатын. Қай партада отырсақ та, апайымыздың әрбір сабағы қызықты өтетін. Әр түрлі тақырыптарда үнемі өткізетін тәрбие сағаттарының тәлімі мол еді біз үшін. Ол сабаққа келе жатқанда, бәріміз алдынан жүгіріп шығып, біріміз  қолынан ұстағанға, екіншіміз  сөмкесін ұстағанға мәз болушы едік. Тентектігіміз де қатар жүретін балалық шақ емес пе, сондай сәттерде апай бізге бір қабағын шытып, ұрсып, жекуді білмейтін.

Сыныбымызда 20-25 оқушы болдық. Шетінен кілең пысық. Бәскелестік те жоқ емес, қатарлас  Сапа ағайдың класынан үнемі көш ілгері жүруге тырысатынбыз.

Күләш Қабенқызы  біліммен сусындатқан   қаншама түлектері  өмірде өз орындарын  тауып, әрқайсысы тәуелсіз еліміздің болашағы үшін әр салада елеулі  еңбектерімен өз үлестерін қосуда. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас  талап сыйлайды» демекші, қазіргі таңда мен де ұстазымның берген білім нәрі мен тәлім-тәрбиесі арқасында білім саласына өз үлесін қосп жүрген педагогтер қатарынан екенімді мақтан етемін.

Ұстаздық қызметте 36 жыл еңбек етіп келемін, зейнет жасына келіп те қалдым. Еңбегім еленіп, 2009 жылы «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Осындай дәрежеге жетуім  алғашқы ұстазым Күләш Қабенқызының арқасы деп білемін.

Шәкірттеріне ілім-білімді үйретуден жалықпаған, ұстаздық қана емес, аналық та мейірімін аямаған аяулы жанға дүниедегі бар жақсылықты тілеймін! Бала,немерелерінің қызығына тоймай,ұзақ ғұмыр кешуіне тілекшімін. Шәкірттік жүрегіммен Күлаш Қабенқызына мың алғыс айтып, шексіз ризашылығымды білдіремін» — дейді бүгінгі таңда еңбегімен шәкірт махаббатына  бөленген  тәжірибелі  маман, Маңғыстау облысы Ақтау  қаласындағы IT мектеп –лицей интернатының жоғары санатты, биология пәнінің  мұғалімі Бақытжан Каденова.

Шағын ғана естеліктің кейіпкері Күләш Жұмағазиеваның өмірбаянына тоқталар болсақ, ол 1941 жылы  15 ақпанда Есенсай ауылында дүниеге келген. Мектепті 1960 жылы бітіріп, сол жылы Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың педагогика (1-4-сынып  мұғалімі) факультетін 1964 жылы бітірген. 1964 жылы Чапаев ауданы 1 май мектеп-интернатында бастауыш класқа мұғалім болып орналасқан ол бір жылдан соң туған мекені Есенсайға қайта оралады. Жас ұстаз осындағы сол кезде Октябрьдің 40 жылдығының құрметіне атанған орта мектепте 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша білім жолында адал қызмет етеді. Ұстаздық жұмысын қоғамдық қызметпен ұштастырған ол  мектеп, ауыл, аудан өміріне белсене араласты, облыстық педагогикалық оқуларда тамаша ашық сабақтар беріп, өз ісінің шын мәніндегі шебері атанды.  Республика кәсіподақтарының XI конференциясына ( 1986), Қазақстан әйелдерінің екінші сьезіне (1987) қатысып қайтқаны да – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі.

Өз ұжымында тұңғыш  және облыста алғашқылардың бірі болып, Күләш Қабенқызына алты жасарларды оқыту жауапкершілігі артылды.  Ол кездегі  материалдық базаның төмендігіне, оқыту құралдары мен дидактикалық материалдардың тапшылығына қарамастан, тәжірибелі ұстаз бұл сыннан да абыроймен өтті.

Ұзақ жылдар бойы ерекше  ынта-жігермен атқарған еңбегі ұстазды абырой биігіне көтерді. «Ленин»,  «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғары Советі Құрмет грамотасымен марапатталған. Күләш Қабенқызының көптеген жылдар бойы еңбегі үшін 2017жылы аудан әкімінің шешімімен Ақжайық ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.

Күләш Қабенқызы өз естелігінде былай депті: «Осы салада ештеңемен санаспай, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай еңбек еткен ұстаздар-әріптестерімнің есімін ілтипатпен еске аламын. Мектебімізде  20 жыл үздіксіз басшылық еткен Кәрім Жұмағалиұлын, мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып аянбай еңбек еткен Люба Ихсанқызын, шәкірттеріне математикадан дәріс берген Руслана Рәшқызын мақтанышпен айтамын. Майталман ұстаздардан білім-тәрбие алып, өмірге үлкен жолдамамен аттанған мектеп түлектерін саусақпен санап жеткізуге болмайды. Зейнеткерлікке шыққанша аталған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып, бала тәрбиесіне өз үлесімді қостым.
Мектеп директоры Кәрім Жұмағалиұлымен жұмыстас болған кезде, жұмысты қатаң талап ететін, жас ұстаздарға көмек қолын аямайтын. Кәрім аға еңбек ардагері, сыйлы аға. Мектептің атын жоғары ұстап, білімді, білікті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Әбухан Өтешқалиұлы Малдыбаев та мектепте басшылық жасады. 1992 жылдары  аудан көлемінде “Жыл директоры” жеңімпазы атанған тап осы басшы. Бала тәрбиесі ата-анаға ғана байланысты емес, ол ұстазға, мектептің тәрбиесіне де байланысты, осының бәрін дұрыс жолға қойып, ақылшы болу мектеп директорларына тікелей байланысты деп есептеймін».

«Егер мұғалім өз бойына ісі мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаған болса, ол –кемел ұстаз» — деп К.Д.Ушинский айтқандай, сол қасиеттерді бойына жинақтаған  ұлағатты ұстаз бақытын еңбектен  ғана емес, отбасылық өмірден де тапты.  Бүгінгі таңда Орал қаласында тұратын асыл жанның 5 баласы, 13 немере,11 шөбересі бар. Алдынан хан да, қарапайым да білім алған ардақты ұстаздың деніне саулық, отбасына береке тілейміз.

Мирдан САПА,

Есенсай   жалпы  орта  білім беретін  мектебінің   директоры, тарих  пәнінің мұғалімі.