15.03.2021, 10:32
Қараулар: 198
Біздің Лаура!

Біздің Лаура!

«Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар», — деп Елбасымыз айтқандай, қазіргі кезде өзінің өнегелі ісімен лауазымды қызметін абыроймен атқарып жетістіктерге жетіп жүрген біздің әріптесіміз Ақжол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Лаура Ізмағамбетова туралы сөз қозғағым келеді.

Көпке үлгілі маман Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, мамандығы мал дәрігері, еңбек жолын 2000 жылы өзі туып өскен Ілбішін ауылында мал дәрігері  қызметінен бастаған. Жауапкершілігі мен қиындығы мол бұл жұмысты абыроймен атқарып, ауылдастарының құрметіне бөленді. Арада 7 жыл өткен соң аудандық статистика бөлімінің Ақжол ауылдық округі бойынша маманы болып тағайындалып,  бұл салаға да өзінің  үлесін  қоса білді. 2010 жылдан осы кезеңге дейін Ақжол ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы уақыт аралығында әкімшілік аппаратына мемлекеттік әкімшілік лауазымға енді  қабылданған 3 жас маманға білікті тәлімгер де бола білді.

Әлемді жайлаған індет талайды тығырыққа тіреп, қауіпсіздік шараларын жадымыздан шығармауға, тұмша тағып, арақашықтықты сақтауға міндеттеді. Осы кезде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын  жүргізуде Лаура Кәримоллақызының еңбегі зор. Ол ауылдағы мониторингтік топпен бірлесе, тауар бағаларын негізсіз көтермеу мақсатында кәсіпкерлермен байланысып, барлық қалалардан келетін студенттер мен жұмыста жүрген адамдардың нақты тізімін жинақтап, олардың саулығын қаперледі. Жұмыссыз қалған адамдардың түрлі көмектерді алуы үшін уақытпен санаспай,  әкімшілік аппараты қызметкерлерінің ішіндегі  зор еңбегімен көптің алғысын арқалаған маман.

Лаура Кәримоллақызынан алатын асыл қасиеттер өте көп, ол мейірімді, жанашыр, адал жан, өз ісін жақсы меңгерген білікті әріптес ретінде өзін ерекше көрсете білді. Үнемі жанашырлық танытып, білгенін үйретіп, ізденіс жолында жетелеп жүрген көшбасшы десек те, артық емес. Әріптесіміз  спортқа деген құрметін  айтып, жастар арасында үнемі насихаттап отырады, ауылдың қоғамдық-саяси өміріне де, аудандық спорттық шараларға да белсенді араласады.

Мемлекеттік қызметпен қоса үй шаруасын да дөңгелетіп, осы асыл қасиеттерін отбасына, екі ұлы мен қызына арнаған аяулы жар, асыл ана ретінде де құрметтейді ауыл-ел.

Қайыржан АЖҒАЛИЕВ,

округ әкімдігі аппаратының бас маманы.

ІЛБІШІН.