15.03.2021, 10:36
Қараулар: 122
Әкеммен мақтанамын

Әкеммен мақтанамын

Әке, осы сөзді айтқанда, бір алып күш, өршіл намыс, шалқар шабыт, сағыныш сезімі бойды кернейді. Осындайда өмірінің жалғасы бар, артынан ұрпағы қалғанын ойлап, шүкіршілік етемін.

Менің әкем Өтеген Қауымбаев 1907 жылы туған, әке-шешеден ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартып өскен. Өзі үш ағайынды болған. Ағасы Меңдіғали өте шебер, ағаштан түйін түйіп, дүйім елге аты шығыпты. Жалғыз баласы Серікті оқытып, соны сүйеніш көретін. Бала да бар үмітті ақтап, инженер болып, Тайпақ кеңшарында еңбек етті. Кемпірі екеуі келін-баласының тәрбиесінде болып, арулап, жер қойнына тапсырды. Тілеген деген інісі Ұлы отан соғысына бастан-аяғына дейін қатысып, аяғынан жаралы болып, елге оралған. Наухан әжеміз екеуі 4 баланы тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейін осы Есенсай кеңшарында жұмыс кооперациясы мекемесінде есеп қызметкері болып қызмет атқарды. Соғыс салған жара асқынып, 67 жасында дүниеден озды.

Ал менің әкем 12-13 жасында еңбекке араласып, соғыс кезінде тылда еңбек еткен адам. Тракторды тізгіндеп, бригадир, механик, инженер болып, еңбек еткен адам. Әкем мен анам Ұлдай екеуі 5 ұл-қызды қатарынан кем қалдырмай, шама-шарқы келгенше оқытты. Үлкен апам Ұлзипа Оралдағы педагогикалық институтта білім алып, орыс тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалім мамандығын алды. Ақтөбе қаласына тұрмысқа шыққан ол әуелі мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директорына дейін көтеріліп, зейнеткерлікке шықты. Ақ адал еңбегі ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен, ҚР оқу ағарту ісінің үздігі атанды, Ы.Алтынсарин атындағы медалды иеленді. Одан кейінгі ағам мен 2 інім Оралдағы   ауыл шаруашылық институтына түсіп, инженер боп қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығып отыр. Әке жолын жалғастырды деген осы емес пе?!

Мен Оралдан байланысшылар оқуын тәмамдап, Есенсай ауылындағы поштаға еңбек жылдарымды арнадым. Өз қызметіммен қатар қоғамдың жұмыстарды да атқарып, еңбегімнің зейнетін көрер жасқа жеттім, шүкір, бала-шағамның ортасында ел сыйлайтын шақтамын.

Әкем өте еңбекқор, өте қарапайым, мақтануды, көлгірсуді білмейтін, ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрініп тұратын адам еді. Оның еңбекқорлығын, қонақжайлығын көріп өскен балалары, жоғарыда атап өткенімдей, жаман болған жоқ. Бәріміздің көргеніміз бір әкенің тәрбиесі, өмірде басшылыққа алғанымыз сол әкенің тәлімі. Сондықтан шығар, халқымыздың «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп айтқаны.

Ауылда жастар үйленетін болса, құда түсуге әкеме қолқа салатын. Екі жаққа елші болып, ауылдың алты ауызын айтып, шешен сөйлеп, ел-жұртқа өнегелі әңгімесін тарататыны әлі есімде. Озат комбаиншы ретінде танылған ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталған. 1986 жылы Москваға Бүкілодақтың көрмеге қатысып, күміс медальмен наградталды. Мен ол медальды Есенсай орта мектебіне мұражайға ел көрсін, ұрпақ білсін деген ниетпен тапсырдым.

Әкем бертін келе қан қысымы жоғарылап, бір аяқ,  қолы жансызданып, жылға жуық төсек тартып жатып, 75 жасында өмірден өтті.

Анам Ұлдай өте шебер ісмер адам болатын. Киіз басу, көрпе қабу, т.б. қыздың жасауын жасап беруші еді. Қыздары біздерге де қолөнердің қыр-сырын үйретті. Анам 82 жасында дүние салды.

Әкемнің қанымен, ананың сүтімен дарыған болу керек, бесеуміз де жүрегімізде иманы бар, кісінің ала жібін аттамай, қайырымды жандар болып өстік. Бала немерелерімізге де үлгі болдық. Әрқайсымыз өмірден өз орынымызды тауып, немере-шөберелердің қызығына тоймай, өз ортамызда, тату-тәтті тіршілік кешудеміз.

Әкемнің ұрпақтары, бала-келіндері бір қимас сағынышпен әрдайым есімізге алып, руханы тағзым етеміз.

Мерует ҚАУЫМБАЕВА,

қызы.

еңбек ардагері.

ЕСЕНСАЙ.