15.03.2021, 10:38
Қараулар: 149
Тек бір дәрігердің жетіспеуінің өзі…

Тек бір дәрігердің жетіспеуінің өзі…

Адам баласы үшін әуелгі байлық әрине, денсаулық. Ал ауыл-елде осы баға жетіспейтін байлықты насихаттайтын, тән мен жан саулығына үндейтін, тұрғындардың амандығы үшін бәйек таппайтын медицина қызметкерлері санының толық болмауынан небір қиындықтар туындап жататыны белгілі. Мысалы, ауданда тек бір дәрігердің жетіспеуінің өзі-ақ көкейкесті мәселе емес пе?

«Жайық таңында» «Ауылға қарай бет түзе, маман» атты мақалада (2021 ж., 26.02. №9) жазылғандай, қазірдің өзінде ауданның 164 түлегі медициналық оқу орындарының студенті екен. Бұл дегенің үлкен, айтулы күш қой. Меніңше ең алдымен олардың ата-аналары  ұл-қыздарына ертеңгі еңбек жолдарын аудандарда бастауды ұғындырып бақса, кадр тапшылығы сөзсіз сейілер еді. Бұдан жас маман ұтпаса, ұтылмайды. Кәсіптік дағды, тәжірибе жинақтауды алтынбесік ауылдан бастамаса, енді қайдан? Мақалада жазылғандай, осылай жасаған ақ желеңділерге мемлекеттен қамқорлық та жыл өткен сайын өрістеуде. Бұдан мысал жеткілікті.

Ал диплом алар, алмастан қалаға барып орналасуды ғана ойлау адам тағдыры үшін ант қабылдайтын дәрігерге абырой ма? Қайда асығады? Өмірі алда емес пе? Үлгереді ғой. Қалаға бару қашпайды. Өзін оқытып-тоқытып, үлкен өмір жолына аттандырған ата-ананың, ауылының сенімін, мемлекеттің, Ұлы Отанының сенімін ақтау парызын жүрегіне түйген жас солай жасайды деп есептеймін. Ол ант қабылдайды ғой, ант! Дәрігер жоқтығынан ауылыңды тығырыққа тіреме, уайымға батырма, түлек!

Еркін РАЙ,

Чапаев ауылының тұрғыны