24.03.2021, 9:26
Қараулар: 129
2GIS аудан орталығында қолжетімді

2GIS аудан орталығында қолжетімді

Ақпараттық дәуірдің талабы, бүгінде қолыңыздағы алақандай телефон өзіңізге қажет деректердің бәрін еш қиналмастан әп сәтте ақтара салады. Адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған осындай бағдарламалардың бірі – ресейлік 2GIS бағдарламасы. Расында да, аталмыш мобильді қосымшаның көмегімен ірі қараларда адаспай-ақ, бағдар табуға болады.

Әлемнің 11 еліндегі 630 қаланың геодеректері енгізілген бұл қосымша енді аудан орталығы – Чапаев ауылында да қолжетімді.

— 2GIS — электронды карта анықтамалығы. Біз аудан орталығын осы картографиялық жүйеге енгізу жөнінде ұсынысты 2GIS акционерлік қоғамының Орал қаласындағы филиалына былтыр жолдадық. Компания басшылығы бұл тілегімізді қабыл алып, бірден карта жасақтау бойынша жұмыстарды бастап кетті. Жоспар бойынша 2020 жылдың соңына дейін елдімекеннің деректері жүйеге енгізілуі керек болатын, дегенмен пандемияға байланысты енді іске қосылды, — дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Рахметуллин.

Компания мамандары ақпан айында бастаған жұмыстарының өзінде елдімекен туралы барлық ақпаратты жинап үлгеріпті. Электронды карта жүйесіне қазіргі уақытта Чапаевтағы барлық мекемелердің ғимараттары мен оларда орналасқан мекемелер, кәсіпкерлік нысандардың мекен-жайы, жұмыс жасайтын уақыты секілді мәліметтер енгізілген. Жүйенің тиімділігі сол – оны пайдалану үшін ғаламторға қосылудың қажеті жоқ. Ақпараттық желіге біздің өңірде Орал мен Ақсай қаласынан кейін қосылған Чапаев ауылындағы 2491 тұрғын үйдің мекенжайына бағытын көрсетіп, адастырмай жеткізіп апарады.

Айта кетейік, «2GIS» — халықаралық картографиялық компания, осы атаумен 1999 жылдан бері қалалардың карталары бар электронды анықтамалықтар шығарады. Компания Ресейдің көптеген қалаларының және Қазақстан, Италия, Чехия, Чили, БАЭ, Қырғызстан, Украина, Кипрдің анықтамаларын жасаған.

Әсем ЕСБЕК