24.03.2021, 9:35
Қараулар: 46
Кітапханадағы көрісу тойы

Кітапханадағы көрісу тойы

Қыстың ызғары кетіп, көктемнің шуағы сезілетін Көрісу мерекесі аудан көлемінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, атап өтілді.  Жер-жерде табиғатпен терең үндестік тапқан бұл мерекенің мән-маңызы, наурызнама  шежіресін әңгімеленді.

Аудандық кітапханада ұйымдастырылған «Жаңа өмір, Жаңа жыл, Жаңа күнмен көрісу» тақырыбындағы  тағылымды шарада да нағыз ұлттық қайнарымызға айналған қауышу мерекесінің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды. Бейресми түрде өткізілген шараға келген қонақтар бір-бірімен көрісіп, мәре –сәре болды.

Алдымен кеш жүргізушілері 14-наурыз көрісу күнінің шығу тарихына шолу жасап, ақ жаулықты әжелер көнеден бастау алған мереке туралы әсерлі әңгімелер айтты. Қыстан аман шығып, мал төлдеп, ауызы аққа тиген ағайын бұл шақтағы ырымдардың барлығын жақсылыққа жоритыны айтылды.

Осы шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары, Тілек Ғабдушев жиналғандарды Көрісу және келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Ескіше жыл санауымызда жылдың басы болып саналған бұл күндер, Көрісу айты тіршіліктің жаңғыруы болып табылады. Халқымыздың ұлттық коды, мәдени байлығы осы мейрамда кеңінен көрініс тапқан. Қыстың тосқан қиындықтарының бәрін бірге еңсеріп, алты ай қыстан аман-есен шықтық. Ендеше, ағайынның бірлігін еселей түскен мына татулық мерекесі құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын», – деді ол.

Кеште белгілі өнерпаз Қанат Оңғаров күй күмбірлетсе, әжелер ансамблі тамаша әндер тарту етті. Кітапхана қызметкерлерінің салт-дәстүрлерімізді сахналаған көріністері бұл мерекенің мәнін аша түсті.

Еңбек ардагерлері Тілес Жазықбай, Бақтығали Қоспаев, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражов  өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, мерекемен құттықтады. Ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген тардымды шара соңында, күйші сазгер, батагөй ақсақал  Аманғали Қайсағалиев барша Ақжайық жұртшылығына, қазақ еліне ақ батасын арнады.

Асыл ҚАЙРАТ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ