24.03.2021, 9:36
Қараулар: 104
«Спутник V» ауданға жеткізілді

«Спутник V» ауданға жеткізілді

Көпке белгілі биыл ақпан айынан елімізде коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Өткен аптада ауданға вакциналардың алғашқы партиясы жеткізілді. Бұл туралы аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмас Жүнісбеков хабарлайды.

– «Спутник V» вакцинасын бүгінгі күнге 26 медициналық қызметкер және 14 мұғалім алды. Екпені жасамастан бұрын олардың анамнезін толық зерттеп, тиісті сараптамалар алынды. Денінің сау, вакцинаның ағзаға еш зиянын тигізбейтіндігіне көзіміз әбден жеткен соң ғана, екпе жасалды. Қазіргі таңда барлығының жағдайы жақсы. Енді 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасы егіледі, — дейді Алмас Тоғайбайұлы.

Айта кету керек, вакцина алуға келген пациент алдымен дәрігердің қабылдауында болып, оның саулығы тексеріледі. Егер вакцина алуға дәрігер рұқсат берсе, арнайы оқудан өткен екпе медбикесі егеді. Содан соң ол 30 минут арнайы күту залында медициналық қызметкердің бақылауында болады. Сонымен қатар вакцина алған адам 3 күн бойы медициналық қадағалауға алынады.

Егу барлық жердегідей індеттің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері және мұғалімдер, полиция қызметкерлерінен басталды. Өйткені, олардың коронавирусты жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары.

Вакцинаны алу-алмау әр адамның өз еркінде дегенімен, короновирус инфекциясының алдын алудың бірден бір жолы екенін ұмытпаған да абзал. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн.

Өз тілшіміз