24.03.2021, 9:39
Қараулар: 142
Наурыз нақыштары

Наурыз нақыштары

Түркі халықтарында Жаңа жыл көктем мерекесімен басталады. Яғни 22 наурыз-Жыл басы. Осы орайда біз Наурыз мейрамына байланысты  қызықты деректерді оқырмандардың назарына ұсынбақпыз.

Наурыз мерекесі-әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда, «жаңа күн» деген мағынаны береді. Қызықты дерек: бұрын орыс халқы жаңа жылды Наурызда тойлаған.

Наурыздың дәстүрлі тағамы-Наурыз көже. Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейлнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санына байланысты әдет ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақ шақырып, өзі де 7 үйге жолығады.

Наурыз мерекесі 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі.

Ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи, «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша нов (ай), немісше нойе, латынша нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған.

Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, Жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бірін-бірі құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызхан деген есім берген.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-ші қарарына сәйкес 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 милион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар hайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халықтары Наурызды бірнеше күн тойлаған. Яғни олар Наурыз күндерінде мынандай салт-дәстүр, ырымдар жасаған. Әр жерде үлкен от жағып, оған май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже — сумалық ұсынған. Ескі киімдерді тастаған. Ескірген ыдыс-аяқтарды сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлердің қабырғасына дөңгелек ою — «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу ағашқа гүл ілінген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізілген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып,бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

Наурыз мейрамына байланысты мынандай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурыз көже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам(тыйым), Самарханның көк тасы.

Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі  – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады.Сонымен бірге барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.

1926 жылдан бастап тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.

Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.

Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алғаннан басталған. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне «Бұлақ көрсең,көзін аш» деген мәтелге байланысты болады.

Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде бір ерекше гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынандай қанатты сөз бар: «әз болмай, мәз болма».

Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал-Тоқты шоқжұлдызының паршыса атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.

Шығыс жыл санағы бойынша мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені «Бәйшешек», «Гүлгардон» не «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган», бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Саган сара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп атаған.

Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп санаған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестіріледі. Бұл таңғажайып жай емес, өйткені наурыздағы ақ қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.

 

 

Ұлыстың ұлы күнінде айтылатын баталар

Әумин!-бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда, жарандар,

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құтты болсын!

Жүгінелік ақылға,

Араздыққа жол беріп,

Отырмайық тақырға.

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жалынып,

Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,

Төр менікі демесін!

***

Өркендеудің өрін бер,

Әз-Наурыз, жаңа жылым.

Жаңа жылым-жаңа күнім!

Барша жұртты шатандырып,

Шарықтаған көңіл бер!

Жан бітіріп табиғатқа,

Тіршілікке шеру бер

Су сіміріп,жер бусанып,

Қаулап өскен көгін бер.

Сай сылдырлап, өзен тасып,

Аппақ айдын көлін бер!

Бетегесі белден болып,

Көк балауса көделері

Шабындығын шөбін бер!

***

Жаңа жыл бақыт жылы болсын,

Малың тоқ,

Уайым-қайғың жоқ болсын.

Көген толы қозы,

Желі толы құлын болсын!

Малың базарлы,

Ұлың назарлы,

Қызың ажарлы болсын!

Жарылқа, тәңірім, қабыл ет.

Қарық қып құтты Наурыз

Қүрдасыңа-қуаныш бол,

Уа, жаратқан, жарылқа!

Құдайдың өзі сөйтіп оңдасын!

Әумин!

Бет материалдарын жинақтаған Әсет САҒЫНДЫҚ