24.03.2021, 9:44
Қараулар: 93
Маңдай тер, адал еңбек Есенсайда

Маңдай тер, адал еңбек Есенсайда

Бос отырмай, еңбектің етіп, кәсіптің көзін тапқандар жайында  газетімізде жиі жазылады. Біреуі наубайхана ашады, тігіншілікпен айналысады,бұның бәрі әрине еселеп төгілетін маңдай тердің арқасында келетін жетістік. Ең бастысы, ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көріп келеді. Мемлекеттен көрсетілетін қолдау мен көмектерді ұтымды пайдаланып, әр түрлі кәсіппен шұғылданып кеткендер ауданымыздың ауылдарында көбеюде.Әсіресе жастарымыздың құлшынысы жоғары. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Міне, біз де осындай қарапайым ауыл жандарына табыс әкелген еңбектің тағы қос хикаясын сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

Алдымен,қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, құрт қайнатып май шайқап отырған апамыз Нұрлы Сарсенованың шаңырағына бас сұқтық. Жақындап келіп қалған  Науырыз мерекесі қарсаңында,  оның үстіне  көктем айы туса да, қыстың ызғары қайтпаған осы кезеңде жаңа сүзілген құрт, енді айырылған қаймақ пен май көзіңе оттай басылады. Олай дейтін себебіміз – қорадағы сиырлар жарытып сүт бермейді, әрі бұзаулардың аузын көкке жеткенше оларға да азық керегі белгілі. Ал Нұрлы апамыз осы істің орайын тауып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ретін келтірген епті жан екен.

Жолдасы Шарифолла Наржанов екеуі  Есенсайдың «Ақшкөл» деп аталатын жерінде мал баққан кісілер. Ұжымшардың қарамағындағы ірі қара басын арттырып, еңбектері еленген жандар. Екі ұлы мен екі қызының алды мектеп жасына жеткенде ғана 2004 жылы округ орталығына көшіп келеді. Ол кезде өздерімен бірге ала келген ірі қара мен қой ешкінің саны аз болатын. Бүгінде отағасының маңдай терінің арқасында басқа бас қосылып жатқан жай бар. Ал сол  өсімнің өнімін пайдаға асыру, берекесін асыру әйел адамның міндетінде. Осы шаруаны бекем қолға алған Нұрлы әсіресе жаз айларында құрт пен майды, қаймақты дайындап, дастарханынан артылғанын ауыл халқына саттыққа шығарады екен. Оның жасаған құрттары ауыздың дәмін үйіретінін бір-екі ауылдасы біз жолықпастан бұрын тамсана айтқан еді. Оның тағы бір дәлелі – күз айларында аудан орталығындағы ауылшаруашылық жәрменкелерінде саудаға шығарылған сүт өнімдері сол бойда-ақ таланып кетіпті.

Ұлдарының біреуі үйленіп, келіндері бүгінде «Тасоба» ауылында ұстаздық қызметте сол жаққа қоныстанған. Бір ұлдары әкеге көмекші .Қыздың үлкені теңін тапса, кенже қыздары Назерке былтыр мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде  дизайн мамандығының студенті атанды. Білім қуған  қызғалдағының оқуға қажетті құралдары мен киім-кешегі, тұратын пәтерін де әке-шешесі қамтамасыз етіп отыр. Ауылда артылған қаражат қайдан болсын, ауладағы ойсыл қарадан түскен пайданың арқасы бәрі.

Міне, қарапайым ғана ауыл әйелінің тірлігі сынды көрінгенімен, азын аулық пайдасын үнеммен пайдалана білген жанның үлгісі бұл. Сырт қарағанда,  сүтті тартып қаймағын айыру, май шайқау, сүт ұйытып, сүзбесінен құрт жасау жеңіл іс секілді көрінгенімен, бір кісіге тез тына қоятын шаруалар емес екені анық. Ал осылардың бәрін бір өзі атқарып отырған Нұрлының бұл ісін қорада сиыры тұрса да, шайдың сүтін дүкеннен сатып алатын жастардың жалқаулығына үлгі деуге болады. Ең бастысы, «бізде ештеме жоқ» «мемлекеттен баларыма ақша төленбей қалды» деп жүргендерге қарапайым мысал. «Қазір қыс әлі кете қоймай жатыр ғой, мұндай уақта сиырдың сүті  жұтаңдау, құрт-майым аздау көрінген шығар? Жазда келіңіздер,  жайнатып қоямын», – дейді қоштасарда Нұрлы апайымыз…

Лайым ісі оңға басып, қысы-жазы шаңырақтарынан құт пен береке, дастарханнан құрт пен май үзілмесін деп тарқадық.

Округ орталығның дәл ортасынан ойып тұрып орын алған «Нұрсая» азық-түлік және құрылыс тауарларын сататын дүкеннің иелері, ауылдағы жас ерлі-зайыптылар Саясат Тасқалиев пен Оксана Абдрахманова. Бүгінде үш балаға ата-ана атанып отырған жұп  былтыр ғана ауылда босап тұрған үйді сатып алып, оның екі бөлмесін азық-түлікке толтырса, қалған бөлмелерінен ауылдағы құрылыс бастаған ағайынға қажет шеге, шифер, линолеум, цемент, төбе мен жарды әрлейтін бояулар, түсқағаздар,  тағы да басқа көптеген заттарға орын берген. Баспанасын жөндеп, жаңа үй саламын деген ауылдастардың бәрі, аудан-облыс орталығына шапқыламай, осында келеді екен.

Ашылғандарына жыл енді толып жатса да, нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай жас кәсіпкерлердің беталыстары жақсы. Ел мақтаған дүкен иесін көруге біз де ниет етіп, кіре берістегі ескертуге құлақ асып, маскамызды тағып, дүкенге кірдік. Ауылдастарына азық-түлік беріп, саудасын жүргізіп тұрған Оксанаға көзіміз бірден түсті. Жайдары, жылыжүзді жас келіншек бірден көрісе кетті. Ақжарқын қалпынан танбай, жұмыс барысын баяндады: «Біз кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргенде, бірден сенім артып, қолдау білдірген ата-анамызға алғыс айтқым келеді. Қолда бар қаражатты ортаға салып, жолдасымыз екеуміз ең алдымен осы бос тұрған үйді сатып алып, дүкенге ынғайлы етіп жасақтадық. Азық-түлікті аптасына бір рет облыс орталығынан жолдасым өз көлігімен тасымалдайды. Біз осылардың бәріне ешкімнен ешқайдан көмек сұраған емеспіз, бәрі де сол жолдасымыз екеуміздің жанұялық бюджетімізден шықты десек болады», — дейді дүкен иесі.

Ерлі-зайыпты жастардың алға қойған мақсаттары да зор. Табыстың өзге де көздерін қарастырып, ауылға қажет қызметтерді ұсынуға күш салғысы келеді. Әрине, ойлаған мақсаттары жүзеге асып жатса, жұмыссыз жүрген жерлестерін қызметке тарту жағын да қарастырмақ. Мысалы, тігіншілікпен де айналысып, көрпе, қыз жасауларын, ұлттық нақыштағы әдемі бұйымдар жасап, саудаға шығару жағын да ойластырыпты. Оксана бұл бағыттағы жұмыстарын бастап та кеткен. Дүкен бөлмесінің бір бұрышынан шағын ғана орынды алып тұрған әдемі ою-өрнекті көрпе тыстар мен сәндік бұйымдарды жасап, тігіп қойған өзі екен.

Биыл жаз айларында індет өршіп, адамдар жаппай ауырып, әбігерге түскен қиын кезде  Саясат пен Оксана  жағдайы төмен 5 отбасыға тегін азық түлік жеткізіп, әрқайсысына  30 мың теңгеден көмек ұсынғанын да айта кетуіміз керек.  Қазір кейде өздерін  қамқорлай алмай жүргендерді көріп, естіп біліп жүргенде,  еңбекқор жастар секілді өздерімен қоса, өзгелерге де пайдасын тигізіп, күн көріс көзін тауып отырғандарды үлгі ету – біздің мақсат.

Әсет САҒЫНДЫҚ