24.03.2021, 9:45
Қараулар: 95
«Сантехник шақырдыңыз ба?» деген жауапты қашан естір екенбіз?

«Сантехник шақырдыңыз ба?» деген жауапты қашан естір екенбіз?

Ауыл тұрмысының жыл санап емес, күн санап дамығаны соншалық, қазір ауылдағы үйдің қаладағы баспанадан бір ғана айырмашылығы – айналасының ауламен қоршалуы. Мұны да айырмашылық деуге келмейді, қайта қаладан артықшылығы деп білгеніміз жөн. Бүгінде қай үйге бас сұқсаңыз да, салқын су мен ыстық суы қатар келіп тұрған кран, әжетхана, жуынатын бөлме жабдықталған. Отын жарып, су тасып жатқан бірен-сараны болмаса, басқаларының тірлігі дәл үлкен қалалардағыдай. Тіпті қыстақтарда да осындай жайлы өмірді жасап қойған азаматтарымыз бар. Тек бір әттеңайы – осы қолайлы тірлігіңді қамтамасыз етіп отырған бір жабдығың, тіпті соның бір тетігі істен шықсыншы, соны оңдайтын кәсіби шеберді айдан да іздеп таппайсың.

Расында да, қай-қай жерде де қарапайым мамандықтар: сантехниктер, слесарлар мен электриктер тапшы. Аудан орталығының өзінде тұратын біздің үйімізде тоңазытқышымыз сынып, не краннан су тамшылай бастаса, ауылдастардың группасына жазып, «жөндеудің жайын осы біледі-ау» деген адамның телефон нөмірін әрең табамыз. Одан хабарласып, уақытын белгілейін десең, жұмысының көптігі соншалық, екі-үш күннен кейін ғана қолы босайды. Шалғай ауылдардағы жағдайды айтпасақ та болады.

Неліктен осы мамандықтар тапшы, соны ойлап көрдік пе?!

Байқасаңыз, қазіргі қазақ жастарының көбі әнші, менеджер, бастық, әйтеуір бір шаң жұқпайтын мамандықтың иесі атанғысы келеді, бірақ слесарь, сантехник, токарь болғым келеді деп құлшынып тұрған бір ұлды көрмейсің.  Олардың ойынша, мұндай мамандыққа оқу ұят, тіпті сабағын әрең үлгеріп жүрген баланың өзі бұл кәсіптің айналасына жолағысы жоқ.

Мұның себебін алыстан іздеп қажеті жоқ, бар болғаны мамандыққа қатысты ақпарат пен насихат жеткіліксіз. Жұмыс іздестіретін қай отандық сайтты ашып қалсаңыз да, техникалық мамандықтарға  сұраныс жоғары. Шебер сантехник, жиһаз жинаушы, ток желілерін көзін жұмып тұрып жалғайтын электрик барлық кезде де керек, әрі олардың жалақысы да тым-тәуір. Ал ата-аналар баласының тек лауазымды орындарда отырғанын қалап, қалай етсе де, жоғары білім алып беруге барын салады. Мұндай түсініктен арылатын уақыт баяғыда-ақ келсе де, баласының қара жұмысшы екенінен, өзгелердің құбырын жөндеп жүргенінен ұялып, көрші-көлем, ағайын-тума біліп қойса, намыстан жерге кіріп кете жаздайтын ата-аналар әлі де болса, бар.

Екі-үш айдан соң мектеп түлектері ҰБТ тапсырып, қолдарына 11 жылғы білімін дәйектейтін сертификатын алады. Елден қалмайын деп жанталасқан, бір жағынан ата-анасы үміт артқан талапкер  осы құжаттарымен жоғары оқу орнын бағытқа алады. Біздің қазақтың өзге ұлттан бір қызық айырмашылығы бар: егер орыстың баласы жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, еш қапаланбай, дәрежесі төмендеу білім ордасына кете барады. Ал қазақ десеңіз, өзімізге тиеді, бала грантқа түсе алмай қалса, сол үйде қаралы күн туғандай болатынын біразыңыз көрген шығарсыз. Бала ата-анасымен бірге біраз уақыт қайғырып болып, есін жиған соң, ақылы бөлімге құжаттарын тапсырады. Төрт жыл бойы әке-шешесі соңғы тиын-тебенін төлеп оқытқан сол диплом пайдаға асса, жақсы. Кейін шаң басып, қара сандықтың түбінен бір шығып жатқаны, тағы да ақиқат. Неліктен деп сұраудың өзі қисынсыз. Ақылы бөлімде оқитындардың басым бөлігі таңдайтын мамандықтар – заңгер, банкир, қаржыгер, яки болмаса атын айтуға тілің келмейтін тағы бір мамандық. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтан алған мәліметке сүйенсек, ауданда 258 жұмыссыз жас бар, олардың 76-сы жұмыспен қамту орталығына ресми тіркелген. Солардың арасында манағы айтқан дипломды қыз-жігіттердің де қарасы қалың. Бұл ретте жастардың да, олардың ата-аналарының да қандай мамандықтардың сұранысқа ие екендігіне мән бермейтіндігін айта кету керек, университет дипломын алса болғаны. Сондықтан ата-ана, мұғалім тарапынан кәсіби бағдар тарапында бірлескен жұмыс керек. Сонда ғана жасөспірім мамандықтың бәрі жақсы екенін ұғынып жетіледі.

Ал, жарайды, бала бармай-ақ қойсын делік. Ал бүгінгі тұрмысқа аса қажет осы мамандықтарға ауданда оқыта ма екен? Осы сұрақтың жауабын іздеп, Ақжайық аграрлық техникалық колледжіне хабарласқанбыз. Өкінішке қарай, сантехник пен электрик, слесарға оқытатын курстар жоқ болып шықты.

Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасында ауылға қажет мамандықтарға қысқамерзімді курстар арқылы жұмыссыздарды оқыту қарастырылғаны аян. «Үмітсіз шайтан» деген, осы бағдарламаның көмегімен қат мамандықты меңгеріп алғандар бар шығар деп ойлағанбыз. Мұнымыз да бекер екен…

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақтыгүл Ержанованың айтуынша, соңғы үш жылда сантехник, слесарь, электрик мамандықтарына оқытуға адам жиналмаған. «Бәрі сұранысқа байланысты. Аталмыш бағдарламаның қазіргі шарты бойынша қысқа және ұзақ мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру үшін үшжақты келісім жасалады. Яғни білім алушы, жұмыспен қамту орталығы және жұмыс берушінің тарапынан құжаттар рәсімделіп болған соң ғана оқыту курстарына жолданады. Сіз айтып отырған мамандықтарға бірді-екілі ғана сұраныс болған соң, толық курс жасақтап, адам жолдай алмадық. Әрине, тірлігі қаламен теңескен ауылдарға бұл кәсіп иелері ауадай қажет. Болашақта сұраныс болып жатса, міндетті түрде оқу курстарын ұйымдастырамыз», — дейді ол.

Бұл тұста ауыз су жеткізетін «Жайықтехсервис» мамандарының да айтар базынасы бар екен. Осы мекеменің директорының орынбасары Тимур Мырзағалиевтің айтуынша, ауыз су құбырлары жарылып, не бір құрылғысы істен шықса, кәсіпорынға хабарласып, дереу жөндеп беруін талап ететін тұрғындар көп. «Біздің міндетіміз – тек ауыз суды құбыр желісімен үйге жеткізу ғана, ал үйдің ішіндегі құрал-жабдықтардың жұмыс істеп тұруына үй иесі өзі жауапты. Дегенмен, қолымыздан келгенше, көмектесуге тырысамыз. Бірақ кейде үй қожайынының ауыз су, канализация желілеріне салдыр-салақ қарайтынына қарап, еріксіз ренжисің. Осындай жағдай көпқабатты үйлерде жиі кездеседі. Канализация құбырын уақтылы тазаламағандықтан қатып, су кәрізден шығып, бірін-бірі суға батырып та жатады. Не болмаса, бірінші қабатта орналасқан үй иесі екінші қабаттағы көршісіне пәтері арқылы кәріз жүйесін жүргізуге рұқсат бермейтін де оқиғалар кездесті. Ал осылардың бәрін ретке келтіретін кәсіп иесі керек. Аудан орталығының жылма-жыл өсіп келе жатқанын ескерсек, бір емес, он шақты электр, сантехника шеберлері артықтық етпейді.

Чапаев ауылының тұрғыны Жанна Сисенованың үйіне газ да, су да кіріп тұр, әжетхана, жуынатын ванна орнатылған. «Жуырда үйге кіретін су құбырының басындағы темір үзіліп түсіп, атқылаған суды тоқтата алмай, біраз арпалыстым. Жалғызбасты анамын, балама құбырдың аузын бітеп тұра тұр деп, өзім телефонмен сантехник іздеп, жаным шықты. «Жайықтехсервиске» қоңырау шалайын десем, демалыс күні, ешкім тұтқаны көтермейді. Судың қысымы күшті, балам «Қолым талды» деп, безектеп барады.Сасқанымнан сырттан таяқ тауып әкеліп, бітеп көргем, онымнан ештеңе шықпады. Болмаған соң, қара тұрбаның басын қайырып тастадым. Қайта көршілерімнің бірі су жүйесінің тілін білетін шеберді шақыртып, төрт сағат дегенде әрең бітті-ау шаруа. Бағымыз бар екен, оқиға күндіз, балам екеуіміз үйде  болғанда орын алды. Ал егер ешкім болмаса, топан судың астында қалғанымыз ба? Электр сымдарымен де осындай жағдай. Қарапайым люстра орнату үшін істің ебін білетін адам іздеп қиналғаның. Осындайда аудан орталығында үй тұрмысын жүргізуге қажет жұмысшылардың басын біріктірген бір орталық болса екен деп тілеймін», — дейді ол.

Иа, Жаннаның айтқан сөзінде жан бар. Мақаланың басынан бері жыр қылған электрик-сантехниктердің, тіпті құрылысшыларды дереу іздеп табатын орталық халыққа қызмет көрсетсе, жұмысшыға да ыңғайлы. Шаруаң түсті ме, осы орталыққа хабарлап, тапсырыс бересің. Мұндағылар қызмет ұсынатын адамдарға лезде хабарласып, дереу жолдай қояды. Көп уақыт өтпей-ақ, есігіңізді қаққан адам «Сантехник шақырдыңыз ба?» деп кіріп келеді. Ыңғайлы емес пе?

Қазір ше? Күнің түссе, ағайын-тума, көрші-көлем, тамыр-таныстан шебердің нөмірін сұрап, есің әбден шығады…

Әлия ШАРАПИЕВА