24.03.2021, 9:54
Қараулар: 93
Самарқанның көк тасы жібитін күн

Самарқанның көк тасы жібитін күн

Шуақты көктемнің алғашқы айы қазақ халқы үшін қасиетті. Табиғат сілкініп, жаңа күн мен жаңа нұрға сенім туғанда келетін Көрісу мерекесі, яғни жаңа жылбасынан бастап,  күн мен түннің теңесетін шағы 22-наурыз және бар

Осы аты аталған мерекелеріміз жайында не білеміз, бұрын қалай аталып өтті? Осы сұрақтарды Мерген ауылында тұратын ақсақал, қазыналы қария Орынғали Аймұқашевке қойдық. Арнайы көрісуге келген біздерді жадырап қарсы алған аға әп дегеннен Әз-Наурыздың қадірі, ұлттық дәстүрлеріміздің ұұрпаққа берер ұлағаты жөнінде әңгімесін бастап кетті.

Орынғали ағамыз жөнінде бірез ақпарат берсек. Көп жыл құрылыс саласында саласында еңбек еткен ол  ауыл әкімшілігінде болып, ауылдың тірлігін түлетуге қарымды үлесін қосқан. Қазірдің өзінде де қоғамдық өмірден тым алшақтап кете қоймаған. Қоғамдық кеңесте ауылының бүгіні мен болашағын жақсартуға қатысты орамды ойларын ортаға салып отырады, мектеп оқушыларымен жүздесіп, ақыл-кеңесімен алға жетелейді. Өнерден де құр алақан емес, домбырашы, күйші, отырыс-жиындарда елді аузына қарата алатын шешендігі де бар, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы.

– Орынғали аға, көрісу айт пен Наурыз мейрамы сіздердің бала кездеріңізде қалай аталып өтетін еді?

– Бірден айтып кетейін, Көрісу айт бір күнмен, яғни 14 наурызбен шектелмейді. Осы күн тек бастауы ғана, ол жыл бойы жалғасын таба береді. Аяғы жетпеген ағайын алыстағы жақын-жұрағатына жаз бойы көрісіп бара алады. Қыс бойы бір-бірін көрмеген ағайындар жер аяғы кеңіп, мал жан өрііске кеткенде  арқалары кеңіп, ауылдардағы жасы үлкендерге көрісуге шығатын болған.

Кеңес дәуірінде саясат қаншалықты салт-дәстүрімізді ұмыттыруға бағытталғанымен, нақ осы керемет дәстүрдің сақталғанына өзім куәмін. Балалық шағымызда көрісу күнін ерекше күтетінбіз. Ауыл көшелері ала таңмен үй-үйге амандасып, көрісуге асыққан бала-шағаға толатын. Қыс қыстауда, жаз жайлауда отыратын ата-анамыз бұл күні ерте оянып, бауырсағын пісіріп, өздеріне келіп көрісетін жасы кіші адамдарды күтетін. Қыстан аман шыққан елдің қуанышы емес пе, жүздерінен жылылық лебі есіп, ерекше қуаныш сезілетін. Қай үйге барсаң да, арқа-жарқа қауышып жатқан ауылдастар. Әшейінде «Әй, жүгірмек, әрмен жүр, сыртта ойна» дейтін үлкендер осы күні көрісе барған біздерді «Жасыңа жас қосылсын, үлкен азамат бол» деген тілекпен қарсы алады. Тәтті-дәмдінің қат кезі, әйтсе де, табалдырықты аттай, көрісуге келген қай балаға да әр үйден сыбағасы табыла кететін. Үлкендеріміз осы күнге арнап сақтайтын болып тұр-ау, сірә. Бала көңіл айтылған тілек-баталар тез арада орындалып, ауылдың үлкендері тәрізді құрметке жететін күнімізді армандайтынбыз. Ол күн де, міне, келді. Ауылдың жастарына ризамын, әрдайым ақсақалымыз деп құрмет көрсетіп, абырой биігіне көтереді. Мың шүкір!

– Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз жайында да айта отырсаңыз, кешегі мен бүгінгі тойлану денгейі қандай?

– Мен Чапаев ауылындағы ПМК-806 кәсіпорнында құрылысшы болып еңбек еткен адаммын. Целиноградтан (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) құрылыс институтын бітіріп келіп, облысымыздағы құрылыс шаруашылықтарында  құрылыс шебері, аға прораб болып қызмет еттім.

Аудандағы бірқатар мектеп, мәдениет үйлерінің бой көтеруіне ат салыстым. Бертін келе осы ауылдың әкімшілігінде маман болып қызмет атқардым. Мен еңбек жолымды ел білсін деп тізі отырған жоқпын, себебі, осындай ел үшін маңызы зор шаруаларда жүрсем де, қазақтың өнері, салт-дәстүріне жақын жүрдім. Домбыра десе ішкен асымды жерге қоямын.

Ата-бабамыздың танымында бұл мейрам  күн мен түннің теңесуі, табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. Кешегі мен бүгіні жайында айтсам, бағзы заманнан еш мінін бұзбай сақталған мереке. Күнадан тазару, үйді тазарту, жамандықтан арылу, өзгелерге кешіріммен қарау ретінде аталып өтеді. Біздің бала кезімізде Наурыз мерекесі туралы естігеніміз болмаса, ұлан-асыр мерекеленген жоқ. Ауыл адамдары өзара бір-бірін «Ұлыстың ұлы күні келді. Жыл жақсылығымен қуантсын» деп құттықтап жататын. Қазақы дәстүр қанына сіңген біздің ата-аналарымыз бұл күні наурыз көже пісіріп, қыстан қалған сүр етті асып, бір бірін қонаққа шақырып, мәре сәре болып жататын.

Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді» деп наз айтатын болған.

Ескіше жыл қайыру да осы күннен бастау алады. Қайта тәуелсіздігіміздің арқасында ұмыт болған салт-дәстүрлерімізбен қайта қауышып, ырыс пен берекенің, үміт пен сенімнің мерекесі – халқымыз әзиз әулиеге теңеп ерекше бағалаған Наурызымыз қайта оралды. Соңғы кезде күллі түркі әлеміне ортақ қасиетті мерекеге елімізде аса мән берілуде. Бұл да дұрыс. Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың өзі «Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл — ата салтымыз, әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы» – деп дүйім елді еңбекке, тазалыққа, табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды. Түсіне білген, өз туған жерін қадір тұтатын жанға осыдан артық не керек?!

Бүгінде ауыл-аймақта тойланатын Наурыз сән-салтанатымен қайталанбас әсер қалдырары шүбәсіз. Жергілікті ауылдық кең алқаптарда ұлттық ойындар өткізіліп, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ұлттық киім киіп, осы қызықтарды тамашалауға асығады. Осының өзі тәрбие, ұлттық құндылықтарымыздың ұлықтап, салт-дәстүрімізді ұмытпаған ұрпақтың ұлтжанды боп өсері анық.

– Наурызда аталып өтетін алт дәстүрлерімізге тоқтала кетсеңіз.

– Біздің халық салт-дәстүрге бай ел. Тек Наурыз мерекесіне қатысты бірнеше дәстүр-ырым бар. Мысалы наурызда қонақасы беру, шашу шашу, ерулік беріп, қыз ұзатылса, мұның бәрі жақсылыққа жорылған. Ерулік жайында бөлек айта кетейін, мен мектеп жасына енді жеткен жылдары әке-шешем көршілерімізге ерулік бергені әлі есімде. Ол кез соғыстан кейінгі қиын жылдар, әр ауылға пана іздеп көшіп келушілер көп. Өздері тарығып отырғандарына қарамастан, менің анам үйдің қасына жаңадан қоныстанған көршілерге қонағасы беріп, шақырды. Негізінен бұл қысқы соғымның мүшелерінен беріледі ғой, жылқы болса, қазы қарта жал-жаясы дегендей немесе қой сойылады. Мақсат жаңадан келген көршімен жақсы болу, сыйластықты үзбеу.

– Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз.

– Еліміз аман болсын! Алдағы Наурыз мейрамы тек жақсылық ала келсін. Індеттен әлем түгел арылсын. Әрбір қазақ елінің азаматы мен азаматшасына берекелі өмір, ұзақ жас тілеймін. Жастарымыз жігерлі болып өссін. «Ұлыс оң, ақ мол болсын! Қайда барсаң да жол болсын!» деген бата ел-жұртқа дари берсін.

Сұхбаттасқан  Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ