24.03.2021, 10:09
Қараулар: 138
Балуанның бағы – бапкерінің келіскені

Балуанның бағы – бапкерінің келіскені

Биылғы жыл мергендіктер үшін жақсы жаңалықпен басталды. Қаңтарда ауылда еркін күрес үйірмесі ашылса, осы спорт нысанында азғантай уақыттың ішінде ауылбалаларына ұлттық ойынымыздың қыр-мырын меңгеруде бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Қазір ауыл көшелерінен бос селтең жүрген бала таба алмайсың. Ауыл балалары түгелдей дерлік күрес залында жүр. Балаларының бос уақытын спорттпен серіктесіп өткізгенін көрген ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Бүгінде мұнда аптасына 4 рет жаттығу өткізіледі. Күреспен айналысамын деген балаларды бауырына тартып, боз кілемде шыңдаған бапкер Бауыржан Саматұлының да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұған дейін де оның шәкірттері түрлі жарыстарда жүлдемен оралып, аулдастардың мерейін асыратын. Білікті бапкердің бір ерекшелігі –  ол кімді дайындаса да, сол бала қай жарыстан да  медальсыз қайтпайды. Бұл – өз ісін сүйетін, спорт десе ішкен асын жерге қойып, уақытпен санаспайтын жаттықтырушының еңбегінің жемісі.

Енді міне күреске балуандар дайындап жүр. Алғашқы нәтиже де ауыз толтырып айтарлықтай. Тек 2 ай ғана дайындалған ұлдар күні кеше ауданда өткен балуандар бәсекесінен командалық есеп бойынша 2-орынмен оралды. Шәкірттері 9 медаль алып келді. Аз уақытта осындай көрсеткішке жеткені балаларды қуантқаны бір бөлек, өзге де жеткіншектердің спортқа деген ынтасын оятты. Ата-аналардың, ауылдағы жанашыр азаматтардың балаларды қолдауына ықпал болды. Айтулы жеңіспен ауылдастар бір бірін құттықтап, мәре-сәре болды да, қалды. Көл-көсір көңіл күйдің күні болды.

Қазір ауыл балалары бұрынғыдай емес, интернет пен теледидарға шырмалып қалған. Соның салдарынан қимыл-қозғалысы азайып, ұл-қыздардың арасында артық салмақ жинаубелең алып келеді. Міне, осындай кезеңде ауыл балаларын спортқа үйір етіп, түрлі жарыстар арқылы жеңіске ынталандырған күрес үйірмесінің қызметіне дән ризамыз. Күрес үйірмесіне қатысатын шәкірттердің ата-аналары атынан Бауыржан Саматұлына алғыс айтамыз. Болашақта еңбегіңіз еселеп қайтып, жеңістеріңіз көп болсын! Шәкірттеріңіздің шеберлігін шыңдай беріңіз. Сіз балғын балуандардың бағын ашсаңыз, олар сіздің атағыңызды айға жеткізсін!

Бибігүл Қожақова,

МЕРГЕН