29.03.2021, 9:27
Қараулар: 98
Адалдықтан бастау алған «Парасат жолы»

Адалдықтан бастау алған «Парасат жолы»

Өткен аптада ауданда республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы Түгел Садыбек, ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі  Жазира Жылқышиева және облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің бірінші орынбасары Нұрдаулет Сәмет жұмыс сапарымен болды. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен парасаттылықтың құндылығын арттыруға бағытталған кеңес «Жұбан» орталығында өтті.

«Парасат жолы» орталығы «Адалдық алаңы» жобасының аясында  республикалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Мәдениет және спорт министірлігінің  бірлесуімен ашылған. Екі тарап Алматыда меморандумға қол қойды. Орталық жастармен қатар танымал ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерімен басын біріктірген. Жастардың тұла бойына туралық пен даналықтың дәнін егуді көздейтін  бұл орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық мәдениет пен шежіре-тарихты, тұма тәрбие мен  әдебиетті жетік білетін зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар арқылы парасатты қоғам қалыптастыру. Келген қонақтарды таныстырған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов орталықтың қызметін осылайша қысқаша түсіндірді.

Осыдан соң ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы, орталық жетекшісі Сәдібек Түгел сөз алды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агентігі мен Мәдениет және спорт министірлігі, Ұлттық академиялық кітапхана бірігіп, қолға алған игі бастама елімізде адалдық атмосферасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие. Бұл ретте біздер  ауылдық жерлердегі кітапханалардың әлеуетін молынан пайдаланбақпыз.  Себебі кітапхана – руханияттың ордасы,нағыз адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелейтін жер. Біздің елде 12 500 кітапхана  болса, осы жылдың 1 сәуіріне  дейін барлық рухани ордаларда осындай орталықтар ашыу жоспарланды. Тарихымыздағы тұңғыш бастаманы Қазақстан Жазушылар одағы қолдап отыр. Осылайша бірлесіп, «Парасат жолы» орталығын ашу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыруға болады. Сондықтан бұл кеселмен ұлт болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, бірге күресуіміз керек. Себебі бұл әрбір елін сүйген адамның парызы», -деді орталық басшысы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жарира Жылқышиева алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға, сондай-ақ бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болып, ізгілікті істердің ізін жалғастыруға едәуір ықпал ететініне тоқталды.

Жүздесуде ақын Сағынтай Бисенғалиев оқыған «Парасат майданы» өлеңі қонақтардың пікірлерімен үндесті. Еңбек ардагері Даулетжан Жақсыбаев пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған шарада әділдіктің қоғам өмірінде алатын орны мен шалқар шығармалардың оқырманға беретін тәлім-тәрбиелік рөлі сөз етіп, құнды қасиет парасаттылықтың маңыздылығына баса назар аударды.

Әсет ОРЫНҒАЛИ