29.03.2021, 9:32
Қараулар: 69
Қоқыстың құрсауынан қашан арыламыз?

Қоқыстың құрсауынан қашан арыламыз?

Қар кетіп, жер аяғы кеңіді деп қуанамыз. Малдың ауызы көкке жетіп, адамның аузы аққа тиген көктемнің шағында шуақты күн Жер-ананы құлпыртып, сәнге бөлейді деп жатамыз-дағы. Әйтсе де  наурызда «ыр-жыры» бітпей келе жатқан тағы бір осал тұсымыз қылаң береді: Қыс бойы қардың астында көрінбей жатқан күл-қоқыстың бәрі ана жер, мына жерден «менмұндалап», көзге шыққан сүйелдей алуан түспен «жарқырап» жатады. Анабір айтқыштар осындайда «Алғашқы бәйшешектер гүлдеді» деп осып тастапты. Расында да көктемнің жаршысына айналған осы бір нәзік гүлден бұрын қар астынан «бүр жаратын» қоқыстан қашан арыламыз?!

Жылда әр ауыл-елдімекенде осындай уақытта тазалық айлығы басталады. Биыл да ауданымызды қыстан шыққан күл-қоқыстан тазарту, үйінділерден арылтып, қырып тегістеу секілді жұмыстар басталып, күн тәртібінен түспейді. Елді-мекен аумақтарын көгалдандыру, санитарлық тазалық және абаттандыру мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, мекеме қызметкерлері бір күндік демалысын сенбілікке қиып, қыстан ыбырсып шыққан көше-аулаларды тазартуға кіріседі. Біреудің артын жинауға қайсыбір құлшынып тұрады дейсің, дегенмен…

Бір жер жиналып жатса, екінші тұс ыбырсып жататын, яғни жылдан жылға жалғасқан настық, салақтық біздің тұрмысымыздан әлі алыстамай тұр. Былтыр атқарылған жұмыстарға зер салсақ, тоғыз жолдың торабындағы аудан орталығының ажарын қашырған күл-қоқыстан арылту үшін бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Көптің күшімен өткізілген сенбіліктердің нәтижесінде 2700 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды.

«Айтақтай, айтақтай, қасқырдан да ұят болды» демей ме?! Үйлер маңайының, көшелердің ыбысып жатуы қаншама айтылып, соңы тіпті үлкен дауға ұласып жатуы осы сөзді еріксіз еске түсіреді. Бүгінде қай ауылдық округті алмайық, бәрі де осындай күйде. Қар күрт еріп, ауылдың ана жер-мына жеріндегі суды ағызып, жұмысы бастан асқан Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов те осы әңгімеге келгенде, тұрғындардың салақтығына, жауапсыздығына бас шайқайды. «Расында да, қар мен тоңның құрсауынан құтылып, көше «кезген» полиэтилен пакеттер, пластик құтылар берекеңді қашырады. Жылдар бойы қордаланған күл-қоқыстарды тұрғындарға күш салмай, қалдықтар жинайтын алаңға шығаруға барымызды салып-ақ тырысамыз. Мысалы, тек былтырғы жылдың өзінде жергілікті «Нұр Ғасыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1 млн 382 мың теңгеге келісімшарт жасасып,  Қазақстан мен Республика, Қонаев пен Исаев, Сейфуллин көшелерінің артқы жақтарын көпжылдық қалдықтардың үйінділерінен арылттық. Сонымен қатар серіктестіктің күшімен Панфилов көшесіндегі бұрынғы жатақхананың орны тазартылды. Бұл тағы 3000 тонна күл-қоқыс. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – ауыл шетінде орналасқан бұрынғы асфальт зауытының орнындағы шұңқыр бітеліп, жан-жағы темір тормен қоршалды», – дейді ол.

Округ әкімі әңгіме қылған қалдықтар алаңын күтіп-ұстаудың өзі бөлек әңгіме. Тұрғындар есепсіз шығарған күл-қоқыс сол орынға жетпей қалып, артынан сенбілікке шыққандар күре жолдың бойында пакет «аулап» жүретін күндер де болатын. Сол мәселеге былтыр нүкте қойылып, қазан айында қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы «Шыңғыс» жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға беріліпті. Әрине, қалдықтар осы алаңға жетпестен бұрын ауыл ішінде орнатылған контейнерлерге жинақталатыны белгілі. Белгілі деп баса айтуымызға да себеп жоқ емес, өйткені үйден алып шыққан қоқысты «ауызы апандай» контейнерге дейін жеткізуге ерініп, аяқ астына тастай сала, қашатындар арамызда жеткілікті.

– Чапаев ауылында 86 дана күл-қоқыс жинайтын контейнер бар. Бірақ әңгіме сайып келгенде, санға емес, санаға барып тіреледі. Біз өз тарапымыздан контейнер орнатуға тілек білдіргендердің бетін қайтарып жатқан жоқпыз. Мысалы, егер көшедегі 10 үй иесі келісіп, округ әкімдігіне өтініш берсе, олар үшін қоқыс контейнері орнатылады. Дегенмен тұрғындардың қоқыс контейнерін пайдалануға, бұған тиісті ақысын төлеп отыруға дағдылана қоймағандар толып жатыр. Ортақ ауылымызды таза ұстауда әр адам өзі мүдделі болмаса, бәрі бекер екеніне көзім әбден жетті. Осыған қол жеткізудің амалын табу керек, сонда  ертең-ақ тазалық салақтықтан басым түседі, – дейді округ әкімі.

Осы мақаланы жазар алдында өзімізге өзіміз тапсырма жүктеп, мереке күндері ауыл көшелерін бір аралап шықтық. Байқағанымыз – тұрғындардың шығарған қоқысы контейнерлердің айналасында шашылып жатыр. Уақытында шығаруға жауапты «Қойшығұлов» жеке кәсіпкерлігі қайда қарап отыр екен де? Әлде тұрғындардың қоқыс шығаруға төлеген ақшасы артылып, өздеріне мерекелік демалыс жариялады ма екен?

Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Бірақ кейбір көшелерде қалдық контейнерлерінің аузы-мұрны толық, лықып тұрмағанын да байқадық. Десе де, айналасы ат-көпір боп жатқаны суреттен-ақ көрініп тұр.  Сонда осы маңдағы тұрғындар контейнерге әкеліп салуға ерініп, қасынан өте бара, қолындағы пакетін нысананы көздей, лақтыра салғаны ма? Бұлай болса, біздің арамызда «сұрмергендер» аз екен. Әйтпесе, толмаған жәшіктің айналасындағы жайылған қоқысты қалай түсіндіреміз? Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болатынын ұмыттық-ау.  «Әттең» деп санымызды бір соқтық та, фотоаппаратқа шырт еткізіп, түсіріп, өте шықтық.

Жылдан-жылға аудан орталығында баспана салушылардың қатары көбейіп, екі-үш жылдың өзінде жаңа шағын аудандар пайда болды. Жаңаның аты жаңа, өзгелерге үлгі болардай, жарқырап тұруы керек-ақ, бірақ мұнда да жағдай мәз емес. Былтыр ғана төселген тақтайдай тегіс жолдың бойына орнатылған бірнеше контейнердің маңы көрген адамды ұялтқандай. «Өзі ұялмаған біреудің бетін шиедей қылады» деген сөз осындайда айтылған-ау, сірә.

Газетіміздің тұрақты оқырмандары аудан басшысының онлайн өткен есепті кездесуіндегі облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Чапаев ауылын үлгілі елдімекен ретінде жаңғырту жөнінде берген тапсырмасынан хабардар. Бұған дейін де ауылдың ажарын келістірген бірқатар жұмыстар атқарылды, енді бұл салаға ерекше қарқын үстелері анық. Аудан орталығын абаттандыру бойынша арнайы жоспар да құрылды. Бұған нақтырақ тоқталып өтер болсақ, аудан орталығындағы арық жүйесін құбырмен қайта жасақтау, қосымша бағдаршам орнату, жаңа саябақтар ашу, көше бойы орындықтарды жайғастыру, балалар ойын алаңын әртүрлі шамдармен безендірілген субұрқақтармен көркемдеу, осында балалары ойнаған кезде ата-аналарына телефондарын қуаттауға мүмкіндік беретін «Ақылды орындықтар» орнату, т.б. көлемді жұмыстар қолға алынбақ. Сәтін салса, ауылымызға көрік берер істердің бірі. Бірақ осы ортақ игіліктерімізді қадірлемей, қолда барды сындырып, жайрататын да өзіміз. Осылай демеске амал қандай, былтыр «Жастар» саябағының көз тартар сәні – жарық шамдарын түгелдей дерлік белгісіз біреулер түнде сындырып кетсе, Меңдалиев пен Исаев көшелерінің бұрылысындағы бағдаршамды көлікпен түйіп, істен шығардық. Ал мынау күні кеше болған оқиға – Халық банкінің алдындағы аялдамаға көлік соқтығысқан болуы керек, бағанасы опырылып, әйнектері быт-шыт шағылыпты. Әрине, саябақта сынған шамның орнына жаңасын сатып алып орнатқан әкімдік бұл аялдаманы да жөндер, бірақ ортақ үйіміздің келбетін кетірер бұзақылыққа өзіміздің баратынымыз өкінішті-ақ.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жауапсыздыққа жол бермей, санамызды зілдей басқан салақтықты шегіндіретін уақыт келді әуелде. Сырттан қараған сыншыл көз тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылымызға қызыға қараса, мақтаныш емес пе?! Бізден талап етілетіні «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп шуламай, тазалықты өз үйіміз, өз ауламыз, өз маңымыздан бастауымыз керек. Осылайша туған мекеніміздің көріктенуі үшін айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалыссақ, ортақ үй – ауылымыз қоқыстан арылып, сілкінері анық.

Әлия ШАРАПИЕВА