29.03.2021, 9:35
Қараулар: 123
Елімнің бағын аяла, ырысыңды аяма, ӘЗ-НАУРЫЗ

Елімнің бағын аяла, ырысыңды аяма, ӘЗ-НАУРЫЗ

Табиғат оянып, күн мен түн теңеліп, шуағын шашқан көктемнің алғашқы айында бүкіл түркі халқы болып тойлайтын Ұлыстың ұлы күні ауданымызда айшықты шаралармен атап өтілді. Індеттің таралуын болдырмау үшін мереке бұрынғыдай сән-салтанаты келіскен думан-асыр  тоймен әрленбесе де, Әз-Наурыздың қадір-қасиетін, ұлағатын көпке паш ететін мазмұнды шаралар өткізілді. Бірі адам саны шектеліп ұйымдастырылса, енді бірі онлайн форматта көрерменге жолданды.

Дәл мереке күні аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өзінің әлеуметтік желілердегі жеке парақшасынан жерлестерді жақсылық пен берекеге ұйыстырған Наурызбен құттықтады. «Ұлыстың Ұлы күні елімізге құт-береке ала келсін. Ақ Жайық атырабын адал еңбегімен құтты қонысқа айналдырған жерлестеріміздің кемел келешек жолындағы бастамалары баянды, еңбектері жемісті бола берсін. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!», — деп жылы лебізін білдірді аудан басшысы.

Мерекеге орай ауданда ұйымдастырылған шаралардан газет тілшілерінің дайындаған репортажына кезек берейік.

***

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар легінде аудандық мәдени-демалыс орталығының үлесі молынан бар. Алдымен мереке қарсаңында  көркемөнерпаздар сауда орталықтарын аралап, әсем  ән әуелетіп, күй күмбірлетіп  келуші тұрғындарға тамаша көңіл күй сыйлады.  «Жолың болсын, жолаушы» деп ән әуелеткен өнер ұжымы Тайпақ-Орал және Жайық ауылына қатынайтын автобусы сапар шеккендерді мерекемен құттықтап, ақ жол тіледі.

Сондай-ақ көрісу күніне орай  облыстық Халық шығаршмашылығы ұйымдастырған, «Дәстүрмен ғұрып» жобасы аясында «Ісмер жігіт» тақырыбында онлайн байқау өтті. Нәтижесінде аудандық  балалар шығармашылығы орталығының үйірме жетекшісі Досжан Бижановтың шеберлік жұмыстарын жіті көрсеткен бейнеклип үздік деп танылып, І орынға ие болды. Түсірілімді таспалаған мәдени демалыс орталығының мамандары.

Аудан көркемөнерпаздары мерекеге орай жерлестеріне «Қош келдің, Әз Наурыз» атты театрландырған мерекелік бағдарлама ұсынды.  Ұлттық салт-дәстүріміз берік сақталған ауыл тіршілігі көрсетіліп, қыз бен жігіт айтысынан көрініс сахналанып, Наурызға арнау жыр болып төгілді. Жеті дәмнен тұратын Наурыз көже таратылып, ауыл ақсақалдары бата берген көріністер қойылды.

Мерекелік бағдарламада асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындар сипатталып, мереке ажарын ашты. Балауса бишілер мың бұрала билеп, дала төсінде жайқалған қызғалдақтарды көзге елестетсе, Назқоңыр» ансамблінің  орындауындағы халық әндері де концертке ерекше әр берді.

***

Аудандық балалар-жасөспірімдер  спорт мектебі ұжымы оқушыларға салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында шара ұйымдастырды. Өздері орналасқан ғимаратының спорт залына киіз үйдің бір қанатын тігіп, жігіттер тақия, үстеріне шапан киіп, қыз-келіншектер кимешек, ою-өрнекті камзол киген салтанатты ақжарма тілегімен осы мектептің директоры Марат Игилманов ашты.

— Бәріміз көптен күткен Наурызда келді. Ұлыстың ұлы күні тілеген көптің тілегі қабыл болсын. Ұлттық спорт түрін насихаттап, жаңғырту – бізге міндет, сондықтан барынша атсалысып, өз өнерлерімізді көрсетуде аянып қалмайық. Жаңа жыл спортта табысты, жеңіске толы болғай,-деді ол.

Ұлттық ойын түрі мен салт-дәстүрді насихаттаған шарада ұжым қызметкерлері өзара  топқа бөлініп, әрқайсысы өзіне міндеттелген  шарттарға сай ойын түрлерін көрсете бастады. Оларға спорт ардагерлері төрелік жасады.

Облыста жүлделі орынға ие болып жүрген, ерлі-зайыпты Қуаныш Телағысов пен Дина Бекмағамбетова «асық ату», «бес асық» ойындарының ережесін  түсіндірді. Сосын, «Алшын» ұлттық жекпе-жек спорт клубының қатысушылары шығып, өз өнерімен жігерлендірсе, қазақ күресінің палуандары боз кілемге шығып, белдесу тәсілін ортаға салды.  Дәстүріміздің иісі аңқыған мерекеде сахналанған сондай-ақ, көрісу, ат қою, бесікке салу салты кештің көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар қатысушылар ұлттық тағамдарды даярлап, әдемі дастарқан жайып, ыстық тағамдар да ұсынды.

Шара соңында ұлттық ойын түрлерін насихаттауға атсалысқан топтарды марапаттаумен қорытындыланды. «Құлагер» тобы «Үздік өнер көрсеткені үшін», «Шаңырақ» тобы «Үздік тағам», Зоя Попкова «Үздік таныстыру», «Қыран» тобы «Үздік көрініс» және «Алшын» тобы «Үздік ұлттық ойын» аталымдарға ие болды.

***

Ақжайық аграрлық техникалық колледжінде көрісу күнінен бастап Наурыз мерекесіне арналған онкүндік шеру тартты. Көрісу күнінің ерекшелігімен таныстыру мақсатында «Дәстүріміз тозбасын» тақырыбында дөңгелек үстелден бастау алған онкүндік қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұстаздар мен І курс оқушылары арасында «Көрісумен қауышу» атты мерекелік шеруімен, ұлттық салт-дәстүрлерімізге шолу ретінде ұсынылған кітап көрмесімен жалғасты.

Сонымен қатар заманауи үлгіде тігілген ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» тақырыбымен апта бойы  киім тігуден дәріс берілді. Әманда қайырымды істердің қасынан табылатын колледж  ұжымы осыда да игі үрдістен ажырамады. Ер азаматтар колледж ардагерінің ауласын қардан тазалап берсе, мұқтаж бір отбасына педагогтар өз қаражатынан қайырымдық көмек көрсетті.

Онкүндіктің мазмұны «Ұлттық ойын-қазынам» атты оқушылар арасында мерекелік спорт сайысы,  «Ұшқыр ой мен шешен тіл» атты зияткерлік жарысымен толыға түсті.

***

Жас еріктілер Ұлыстың ұлы күнінде көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бір топ қыз-жігіттер мерекеде халыққа қызмет көрсетіп, жұмыста болған жерлестерді ән-жырмен құттықтап, наурыз көже таратты. Атап айтсақ, Қазпоштаның аудандық филиалы, дәрігерлер, азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері мен такси жүргізушілеріне ақ пен бауырсақтан дәм татқызып, игі тілектерімен қуантты. Күн мен түн теңеліп, күллі тіршіліктің жанданатын мерзімі қуаныш әкелмей ше. Жастарға «Сиыр жылы ырыс пен жақсылық келсін!» деген жылы лебіздер айтылып, мейрам күні қызметте тұрған жандар алғыстарын ақтарды.

«Бүгін күн мен түннің теңесіп, ағайынның ақ пейілі ақтарылатын Ұлыстың ұлы күні. Қазақ тойдың ұлысын, дәстүрдің озығын, қыстан қалған сүрдің ең дәмдісін көктем мерекесіне арнап сақтаған ғой. Мына індетке байланысты ұлық мерекені лайықты атап өте алмасақ та, Наурыздың шуағын сезінсін деген ниетпен мекемелерді аралап, құттықтап шықтық. Ырыс пен ынтымақтың, бейбітшілік пен кешірімнің мерекесі босағамыздан енгенде, індеттің де беті қайтарына сенімдіміз», — дейді волонтерлердің басын жақсы істе біріктірген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Әли Орынов.

***Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі көрісу мерекесіне орай және наурыз мейрамы қарсаңында «Наурызым — нұрлы ырысым» тақырыбында фольлорлық апталығын бастады. Апталық аясында ұлттық салт-дәстүріміздің тарихынан әлеуметтік желіде шолулар көрермен назарына ұсынылып, асыл әжелеріміз қара өлеңнен ән шырқады. Ұлттық ойын асық ойнау, арқан тартудан көріністер көрсетіліп, ою өрнек пен кесте тігуден бейнедәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны», «Ибалы келін», «Атамның ақ батасы», «Ісмер әже», «Шашбау, шолпы – қыз көркі» тақырыбында бейне көрсетілімдер жарияланса, «Ұлыстың ұлы күні Әз наурыз» тақырыбында виртуалды ақпапаттар беріліп, кітап көрмелеріне шолу жасалды. Кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері халыққа онлайн құттықтаулар жолдады.

«Жайық таңы» газетінің тілшілері