1996
* Қарашадан бастап 1999 жылы өтетін халық санағына дайындық басталды.
* Сансауықтыру, оқушылардың тазалығы жөнінде ауыл мектептері арасындағы облыстық конкурстың қорытындысымен Чапаев №1 орта мектебі І орынды иеленді.
* 6 қарашада «Алғабас» ұжымдық кәсіпорнының орталығында аудан өміріндегі тұңғыш ашық аукцион өткізілді. 19 автокөліктің 17-сі пышақ үстінде бөліске түсті. Әсіресе «УАЗ-452»-нің төңірегіндегі «тартыс» шегіне жеткендей – бастапқы бағасы 19507 теңге болса, ақыры 48000-ға жетті. Оны ауыл тұрғыны иеленді. Бастапқы құны 24320 теңгелік «ГАЗ-53» 62000-ға аудан орталығының тұрғынына кетті.
* Бударин ауылында ең бірінші болып газ жүргізілген 4 үйдің екеуі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінікі болды.
* Чапаев еңбек биржасының жанынан шағын бизнес орталығы жұмыс жасай бастады. Аяқ киім жөндеу, пеш салу, электр жабдықтарын жөндеу, т.б. тапсырыстар орталыққа түсетін болды.
1997
* Жыл басында аудан әкімі аппараты мен мәслихат және ұйым, мекемелер жетекшілері үшін Чапаевта ағылшын тілін үйрену жөнінде сабақтар басталды.
* Аудан әкімінің шешіміне сай, №24 өртпен күрес бөлімі өрт қауіпсіздігінен тұрғындардың білімін арттыру мақсатында викторина өткізді. Бірінші орынды Алғабастан техника қауіпсіздігі жөнінде инженер Қайрат Есенғалиев иеленді.
* Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылына байланысты ауданымызда 1929 жылдан бастап жазықсыз жазаланған, соңынан акталған азаматтар жөнінде тізім аудандық газетте жарияланды.
* Қаршы орта мектебінің 11 сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық олимпиаданың жеңімпазы Ирина Веселова осындай республикалық олимпиадада ІV орын алды. Ол сәл кейін республика дарынды жастарының қатарында Елбасымен жүздесті.
* Елбасы Н.Ә.Назарбаев 7 мамырда біздің облысымыздағы Ақжайық және Тайпақ аудандарын тарату; Чапаев ауданын Ақжайық ауданы деп атау туралы Жарлыққа қол қойды.
* Қожехар орта мектебі Әуезов жылына орай өткізілген аудандық әдеби-шығармашылық фестиваль қорытындысымен «Аудан мақтанышы» атты бас жүлдені иеленді.
* Әнші Жаңылсын Хасанова тұңғыш ірі жеңіске жетті – жас орындаушылардың облыстық «Жас қанат» байқауында І орын алды.
* Жаз ортасында Азынабай – Тайпақ өрті оқиғасының 50 жылдығына байланысты шаралар өтті. Базартөбеде өрт құрбандарына ескерткіш ашылды.
* Чапаевтағы қазақ орта мектебінің 60 жылдығы атап өтілді.
* ІІБ ұжымы бастама көтеріп, өздерінің ақшасын шығарып, 20 тұрғынның жеке куәлік алуына көмектесті.
* Желтоқсанда Тайпақта ең алғашқы тұрғын үйге газ желісі жеткізілді.