29.03.2021, 9:44
Қараулар: 40
Кітапты құрметтейді қариялар

Кітапты құрметтейді қариялар

Ақсуат ауылдық округінің Ақбұлақ елдімекеніндегі шағын кітапханамызда оқырмандар қатары  жыл сайын көбейіп келеді. Көптеген ақпаратты ғаламтор, теледидардан алатын бүгінгідей заманда үлкендермен қатар жастардың да кітапханаға келуі, әрине, қуантады. Бұған алдыңғы толқын – аға-апаларымыздың себеп болатыны да рас. Өзінің үлгісімен жастарды кітап оқуға ортақтастыратын Дәулетияр Еслямгалиев есімді оқырманымызды ерекше атап өтсем, артықтық етпейді. Атамыз 82 жаста болса да,  кітапханадан қол үзген жоқ. Әрдайым рухани ордамызға келіп, жаңа кітаптарды үйіне алып кетіп, жастана оқиды. Бір таңқаларлығы, жасы үлкен болса да, көзінің жанары өткір, көзілдіріксіз кітап беттеріне шомылып отырғаны. Әсіресе, қарияға Бауыржан Момышұлы және Қасым Қайсеновтың шығармалары ұнайды.

Жетпістің жотасына шыққан тағы бір тұрақты оқырманымыз Орынша Ғалиева әжей. Ол Ақұштап Бақтыгереева, Мира Шүйіналиева және Мұқағали Мақатаев сынды ақындардың өлең, шығармаларын жиен-немерелеріне жатқа айтқызып, үйретеді. Жастарға айтары өте мол. Кітапты  жанына серік еткен ол ұл-қыздарының ғаламтор шырмауына түсіп, түрлі жеңіл құмар ойындарға араласпай, аулақ болып, шығармашылықпен айналысып, кітапқа деген қызығушылықтарының  арта түсуіне ықыласты.

Иә, «кітап оқыған озар» демекші, ауылымызда оқырмандардан Сәуле Еслямғалиева да әдеби шығармалармен қатар газет журналдарды алып, қызығып оқиды. Қарттық шағын тағлыммен қарсы алған ақбұлақтықтардың рухани тынысы, міне, осындай!

 

                                                           Дариға Тілегенқызы

                                                           АҚБҰЛАҚ