29.03.2021, 9:44
Қараулар: 92
Сот жүйесіндегі заманауи бетбұрыстар

Сот жүйесіндегі заманауи бетбұрыстар

Цифрлық технологияның соңғы бірнеше жыл бойы қарқынды дамып келе жатқаны ешкімге құпия емес. Жаңа технология кез келген саланың жұмысына жан бітіріп, қызметін жеңілдеткені сөзсіз. Әсіресе электрондық жаңашылдықтар сот саласының жаңа тынысын ашты.

Елімізде цифрлы технологияға ең алғаш қадам жасаған Жоғарғы Сот екені көпшілікке белгілі. Бұл орайдағы шешім осыдан он шақты жыл бұрын қабылданып, бүгінде ақпараттық технология сот төрелігінің ашық, қолжетімді болуына қызмет етуде. Ол тұрғындардың сотпен қарым-қатысының барлық үрдістерін қамтиды. Сол арқылы жұртшылық осындағы электронды сот жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда.

Сот тәжірибесіне ең алдымен «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі енгізілгені есімізде. Кейіннен «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «SMS-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы секілді жаңа электрондық қосымшалар халық игілігіне ұсынылды.

Бұдан бөлек республикадағы барлық сот мәжіліс залдары толықтай дыбыс-бейне жазатын құрылғылармен қамтамасыз етіліп, сот отырыстары таспаланатын болды. бұл мүмкіндіктердің бәрі сот қызметін мүлдем жаңа деңгейге шығарды. Бұрын сот ғимаратына арнайы келіп, арыз-шағымын жазатын азаматтар енді онлайн режимде электронды түрде арыздарды, талап арыздарды беруге, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік алды. Әсіресе сотпен қоян-қолтық жұмыс істейтін адвокаттар қауымы «Сот кабинеті» сервисінің тиімді, пайдалы екенін айтуда. Жаңа ақпараттық технологияны енгізудің тағы бір тиімділігі – арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлерінің тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол берілмейді. Осы арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мейлінше жағдай жасалған. Бұған қоса адам қолымен жіберілетін қателіктердің алдын алуға және қағазбастылықтан арылуға септігін тигізді.

Сотқа түскен іс-материалдарының судьяларға автоматты түрде бөлінуі де – жаңа технология жемісі. Мұның барлығы сот жұмысына қатысты ашықтықты арттырып, күмәнді сейілткені анық. Әсіресе, сот отырыс залдарының дыбыс-бейне жазу құрылғылармен жабдықталуы судьялардың жүктемесін азайтып қана қоймай, сотқа қатысты түсетін арыз-шағымдардың санын кемітуге де айтарлықтай ықпалын тигізді. Бұл да ақпараттық технологияның жетістігі.

Бүкіл әлемді алқымнан алған індет жағдайында адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты орынға қойылып, сот процестері жетілдірілген заманауи сандық технологиялардың көмегімен онлайн жүзеге асырылуда. Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында бүгінде барлық сот отырыстары қашықтан онлайн өтуде. Әрине сот мәжіліс залдарында, қалыпты жағдайда сот отырыстарын өткізу судьяларға тиімді болары анық. Дегенмен тараптардың амандығы, олардың вирус жұқтыруына жол бермеу одан да маңызды.

Мемлекетімізде жасалып жатқан ізгі бастамалардың барлығы — қарапайым халықтың қамы үшін қолға алынған шаралар. Заманауи электрондық қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған. Сондықтан бұл бетбұрыстар бүгінгі күннің талабына жауап беріп қана қоймай, көптің көңілінен шығуда.

Ақмарал НҰРЫМ,

Ақжайық аудандық сотының кеңсе меңгерушісі