29.03.2021, 9:48
Қараулар: 311
Көненің көзі, дәуірдің өзі

Көненің көзі, дәуірдің өзі

Газет атаулының қат-қат тігінділеріне, сарғайған беттеріне бір сәт көз тастасақ, не айтар еді?…

Баспасөз – тарихтың үні. Тарихымыз қандай, ол  да сондай. Сөзсіз солай.

Газет екі апта шықпай қалған

Ұлы өмір көшінде көп нәрсе жадымыздан бұлдыр тартады, күйбең тірліктің тасасында қалады. Бірақ егемендіктің елең-алаңында қанына қатып алған өтпелі кезең ұмытылар ма. Бүкіл мекеме, ұйымға, жұртымызға төбеден төнген тауқыметтің қайсыбірін айтарсың.

Жә, газетімізге келейік. Құрылтайшымыз ретінде халық депутаттарының Чапаев аудандық Кеңесі қаржы тапшылығынан оны қаржыландыра алмады. 1992 жылдың басынан солай болды. Газет екі апта шықпай қалды (Ұлы Отан соғысы кезінде мұндай жағдай жеті-сегіз апта орын алған екен). Әдеби қызметкерлер саны қысқартылды. 3 бөлім «тарихқа кетті». Үзіп-жұлып табылған ақшаның басымы баспахана алдындағы қарызды аз да болса өтеуге жұмсалды. Біраз ай жалақы дегенді ұмытуға тура келді. «Жалғыз сіздер ме еді?»,-деңіз.

«Газетке жарнама берсеңіздерші. Сіздерге ақылы бет арнайық», — деп жігіттеріміз Жайықтың арғы беті мен бергі бетін талай жортты. Аз-мұз тиын-тебен табудың қамы еді бұл.

… 1998 жылдан қаржылық жағдай түзелгендей болғанмен, бұрын төмендеп кеткен таралым көтерілмеді. Мәслихаттың қалың көпшілікке түсініксіз, шұбатылған нормативтік актілерін басылымда жариялауға міндеттеу (және қос тілде жариялауға міндеттеу) тілшілеріміздің мақалаларына, ауылдардан хаттарға орын қалдырмады. Қоғамдық тілшілердің қатары сиреді. Тек біз емес, елдегі бүкіл газеттің әлгіндей міндеттеуден зардап шегуінің себебі астана жақтағы шенеуніктер тек өз мүдделерін ойлап, асығыс бекіткен ережеден еді. Жоғарыға қайта-қайта дабылдата жүріп, бұдан арылуымызға да бірнеше жыл қажет болды.

Шыт жаңа «Жайық таңы»

Бұл аралықта жай-күйі мүшкілденген баспаханаға облыс орталығынан – «Дастан» баспаханасынан, бұрын бес-алты жыл пайдаланылған болса да, офсеттік машинаның келуімен «қорғасын дәуірмен» ақи-тақи қоштастық. Компьютерде теріліп, калькаға беттелген «Жайық таңының» 2005 жылғы 24 маусымдағы саны жаңа тәсілмен басылды. Аудандық газеттерді қанатының астына ала бастаған «Жайық Пресс» ОМКК (қазіргі «Жайық Пресс» ЖШС) арқылы компьютер жиынтығын түгелдей түстік. 2006 жылғы жаз соңында газеттің 75 жылдығына орай аудан әкімдігі айналы принтер, цифрлы фотоаппарат сыйлады. Бүгінде заманауи мұндай құралдармен ешкімді таңғалдыра алмайсың, ал сол шақта бізге оның маңызы өлшеусіз еді.

Алайда, енді келіп аталған офсеттік машинаның жиі-жиі сыр беруінен полиграфиялық сапа ойсырап, ісімізден береке кетті. Оралдағы «Полиграфсервис» ЖШС-іне жүгіндік. Уақыт талабына сай жабдықталған бұл кәсіпорындағы азаматтар бізге шынайы жанашырлықпен, мүдделілікпен көмек қолын созды. 2008 жылғы 7 мамырдағы мерекелік нөмір жарқырап шыққанда, ауыл-ауылдағы оқырмандардың «Бәрекелді, әманда осындай болғай!» деп ағынан ақтарылған лебізінен көңіліміз бір түлегені ұмытылар ма. Көп ұзамай-ақ, 9 қазандағы нөмірімізден бастап түрлі-түсті шығара бастадық. Бұл мүлдем шын жаңа өнім, ауыл-елде жиілете бастаған бүкіл жақсылықпен қоса келген жетістігіміз еді.

Өркенімізді өсірген өнер мерекелері

Газетшілер қайсыбір қиындықтар құрсауында жүрсе де, қоғамдық формация өзгерген тағдыршешті кезеңде де халықпен қарым-қатысты үзіп алмауға ұмтылды. «Көшпелі редакция» әлсін-әлі сапарлады, «Жұрттың сұрағы бар-ау» деп, мекемелер өкілдерін өзімізбен бірге ілестірдік. Тілшілер нарықтық қатынастар есік қаққаннан алғашқы кәсіпкерлердің еңбегін, өз баспаналарын көтерген азаматтардың шаруақорлығын, ертеңі үшін өзінің ұмтылысына сенген өршілдердің табандылығын елге жеткізуді күнбе-күн назарда ұстады. Тың бастамаларымыз да болды.

1991 жылы  газеттің 60 жылдығы құрметіне аудандық ақындар айтысын, өнерден басқа да байқаулар ұйымдастыруды жоспарладық. Барымызша  ерте қамдандық. «Ортақ үйіміз» — КСРО-ның іргетасы күн сайын, жоқ, сағат сайын үгітіліп жатқаны мынау, «Көтере алмайтын шоқпарды белімізге қыстырған» жоқпыз ба деп қорқасоқтағанымыз тағы рас. Ауданда айтыс болмағалы қай заман, ақындар жиналмаса, қайттік, — деп, тағы уайымдадық. Жоқ, сол кездегі редакторымыз Бақтығали Қоспаевтың батылдығының, өзі бас болып жер-жерге аяқтай баруының арқасында біз күткендегіден де көп, 14 ақын «Сен тұр, мен атайын!»,-деп, жетіп келді. Ол кезде қазіргі Теректі ауданының біраз аумағы Чапаев ауданына қарайтын. Ауыл-ауылдан ынта-ықыласпен бас қосып, аудан орталығының сахнасын ажарландырып жіберген өнерпаздарға жұртымыздың қошеметін айт. «Ел іші – өнер кеніші» деген даусыз екенін айт. Айтыста Жанболат Шәкілов («Родник-новый» ұжымшары), күй сайысынан С.Уайсов («Еңбек» кеңшары), терме орындаудан Өтепберген Батанов («Алғабас» кеңшары), күй орындаудан Халел Сапаров («Алғабас» кеңшары), ән орындаудан Мұрат Омаров (Чапаев ауылы) дараланды. Бәрінен бұрын халықтың қанаттанғанын айт, мәдениетіміздің мерейін асырған таланттарға, редакция ұжымына ақжарма алғысын айт.

Осының «екпінімен» 65 жылдығымызда аудандық ән, терме орындаушылар байқауын өткізсек, 2006 жылы, яғни 75 жылдығымызда ақындарды облыстық айтысқа шақырып, «айды аспанға бір-ақ шығардық». Бұл жолы да журналистерді еңбек ұжымдары, тұрғындар қолдап, ұйымдастыру ісіне көмектесті. Мұндайда бастан-аяқ шауып жүретін мәдениет бөлімі қызметкерлерінің еңбегі тіптен ерен ғой. Айналайын, ағайын, осы суырыпсалмашылар сайысында І орынды олжалаған  Ерікқали Ахметовке (Орал) жылқы мінгізді, басқасына да сүбелі сыйлық тапсырды. Жансая Мусинаның (Орал) түбі «жарып» шығатынын көпшілік осы айтыста әбден сезді. Солай болғаны да мәлім. Ақжайықтық ағайынды Бисенғалиевтар – Әсет сахнадағы жаңа есім, Айнабек келешектің көзайымы болып, жәнібектік Мұрадым Мирлановтың да таудай талабы танылған-ды. Оларды бүгінде ел біледі.

Сондықтан 2011 жылы  80 жылдығымызда аудандық айтыспен «шектеле» тұрсақ та, ағайынға жаңа есімдер танылуына атсалысып бақтық. Алысты көретін Сағынтай ақын – Сағынтай Бисенғалиев жігерлендіріп, медеп жүрген ақжолдық мұғалім Айжан  Дәулетова (І орын), базартөбелік, сол кезде 10 сынып оқушысы,  Абылайхан Мақсұтов, оның ауылдасы, студент Еркебұлан Төлеуқұлов, Ілбішіннен 11 сынып оқушысы Бекболат Қаленов, міне, осындай жастар сөз өнерінде жарқырай көрінді. Көрініп келеді, көріне де бермек. Ал мұндай өнер мерекелерінің газет пен әлеумет байланысын нығайтудағы орын орасан болғанын айтып жату артық. 2016 жылы, 85 жылдығымызда, тағы да облыстық осындай шарамыз шырайлы өтті. Газеттің алдыңғы тойларында сахнаға шыққандармен қатар бұл жолғы шараға Талғат Мықи (Орал), Орынбек Меңдіқұлов (Жаңақала) және сол кезде республикаға таныла бастаған Бауыржан Ширмеденұлы (Сырым, І орын) сынды саңлақтармен жүздестіргеніміз үшін көпшіліктің ілтипатына еселеп бөлендік.

Он жол хабар-ошардың өзі бағалы

Қазіргідей қалтафон, озық байланыс құралдары жоқ кездің өзінде оқырмандарға кәдімгі хат жолдап, дүркін-дүркін ақылдасып отырдық. Жоғарыда айтылғандай, әнеу бір «өліарада» болмаса, жер-жерден ақпарат тасқынын, салмақты мақалаларды үдетуіміз облыстық журналистер бас қосуларында әлденеше рет қошеметтелуі де сондықтан  еді. Базаршоланнан Сая Сағиқызы, Тайпақтан Қамажай Ілиясова, Мергеннен Аманғали Қайсағалиев, Чапаевтан Айжан Сатаева, Құрман Бисеғалиев, Будариннен Ғайни Машаева немесе Коловертное ауылынан шынашақтай кезінен талпынысымен ерекшеленген, бүгінде «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы Біржан Кухаевтың және ондағы басқалардың толғауы тоқсан тіршілігімізді, тарихымызды тасқа басудағы қолтаңбалары сайрап тұр.

Алуан мамандық иелерінің ұсынысымен көкейкесті мәселелерге арнап «дөңгелек үстел» мәжілістерін шақырып отырғанымыз да бір айтулы ұтысымызға айналды.

Осы басылымда хал-қадірімше еңбектенген 40 жылымды ойша шолсам, мына ғасырдың алғашқы онжылдығының әсіресе екінші жартысында заманауи электронды жабдықтармен тұңғыш рет жұмыс жасағанымыз жадымда жаңғыра береді. Жаңаны жастар игермегенде, басқа кім? Бұрын газет материалдарын басатын әлгі машинаға, одан әрі сол материалдарын басатын әлгі машинкаға, одан әрі сол материалдардың қорғасынға құйылған жолдарын білетін біз, ескі толқын, жаңа ғасырмен бірге жетіп келген құралдарға тосырқап қарап, тырп ете алмай қалғанымыз рас. Жас толқын білек сыбанды. Беттерді бірінші рет калькадан бастап жаңаша құрған Ләззат Саламатқызы редакцияға кейін келген әріптестерінің тәлімгеріне айналды. Медет Досымов (иманы жолдас болсын, ерте бақилық болды), Таңатар Сәрсенғалиев (қазір басқа мекемеде қызметте), Нұрбек Ихсан сынды операторлар қажет кезде күн-түн демей, жаңа технологияның «тілін» тапты, ізденді, үйренді. Бәрі де көз майын тауысып, макет құрды, фотосурет түсіруге де аз уақытта дағдыланды. Н.Ихсан – бүгінде «Жайық Пресс» бойынша белгілі фототілшінің бірі.

…Қат-қат газет тігінділер. Тарау-тарау тарих қой бұл. Қариялар өткен күндерімен көзайым болады. Жастар буырқанған замандарға үңілсе, қапелімде бас көтермес: мысалы дейін, сонау отызыншы жылдары басылымның «Көтер басты!», «Бұйығы тірліктен арыл!», «Ұмтыл білімге!» деп «айқайлатқан» ұрандары сол заманмен бірге кетпегенін білері анық. Тарих қайталанады деген сол.

Көп нәрсе ескіреді, ал «Газет – өзі  бір күндік, сөзі – мың күндік».

Тіпті он жол хабар-ошардың уақыт өткен сайын бағасы арта түседі. Көтеріп тұрған жүгі салмақты. Өткенсіз бүгін жоқ. Баспасөз осылай, кешегі мен бүгінгіні, бүгінгі мен болашақты жалғастырады. Жылжыған жылдардың ізін жоймайды. Бәрі де өзіміздің өміріміз, үмітіміз, арманымыз.

Болат ЕСҚАЛИЕВ,

«Жайық таңының» 1994 – 2019 жылдардағы редакторы.