29.03.2021, 9:55
Қараулар: 169
ДӘУЛЕТЖАН

ДӘУЛЕТЖАН

1970 жылы қыркүйек айында Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтында жаңадан студент атанғандармен танысу кеші өтті. Оған жоғарғы курс студенттері қатысты. Осы кеште мен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенті, чапаевтық Дәулетжан Жақсыбаевпен таныстым. Менен бір жас үлкен болса да, сөзге ұста, шегелеп айтатын әдеті жадымда жақсы сақталыпты. Саз сөйлесе де, ойындағысын дәл айтатын шеберлігі, тумысынан турашылдығы, аңғалдығынан аңғарымы басым осы жас жігітпен кейін жақсы дос болып кеттім.

Содан бергі оның бүкіл өмір жолы көз алдымда. Институт қабырғасында-ақ өзін таныта білген жан. Сабаққа тиянақты әзірлікпен келетін. Ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлар туралы әзірлеген рефераты сол кезде бәрімізге үлгі болғандай еді. Кейін оның осы жұмысы студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына оқуға жолданды. Сөйтіп Алматыға барып қайтты.

Онда ол ауыз әдебиетіне терең тоқталды. Халық ауыз әдебиеті жауһарларының шығу тарихындағы кейбір дәлелді тұстарын, мәселен, батырлар жырымен ертегілердегі ұқсастық пен айырмашылықтарды, ондағы әдет-ғұрып пен салт-сананы салыстыра отырып, қай дәуірге жататынын қарайтын және осылар туралы жазған ғалымдардың еңбектерін тереңірек ақтаратын. Тың пікірлерін ой елегінен өткізетін. Ұлтымыздың көркемсөз, мақал-мәтелдердегі кездесетін тұрақты сөз тіркесінің әдеби байламдарына жаңаша өң беруге тырысатыны бәрімізді таң қалдыратын. Халықтың жадына әбден сіңіп кеткен осы тіркестерді жаңалап отырудың да жөн-жосығы жоқ емес еді. Себебі, тарих дөңгелегі алға айналған сайын қолданыстағы тұрақты сөз тіркестері мен еркін сөз тіркестері ығысып қалып жатқаны айдан анық. Сондықтан, оның тілдік қалпын әрлендіріп, жақсы жаңа сөздермен толықтырып отырса, көне заманнан келе жатқан көрікті сөз көмескіленбес еді.

Сондай-ақ, қазақ тілін оқытуда оқушыларға сауатты жаздырту жолдарын да «төңіректеп» жүретін. «4-5 сыныптарда оқушылардың сауаттылығын арттырудың жолдары» атты мақаласы сол кездегі институттың жанынан шығатын «Педагог кадрлары үшін» газетіне басылды. Сол үшін деканаттан алғыс алғаны да есімде.

1971 жылы Дәулетжанмен бірге алғашқы құрылған «Арай» студенттік құрылыс бригадасында жұмыстас болдық. Бірінші курстан бастап, бесінші курстың қыз-жігіттерінен құралған бұл топ сол кезде республикадағы алғашқы студенттік отрядтардың бірі еді. Кезіндегі Чапаев ауданы Ілбішін кеңшарының №4 бөлімшесінің орталығы Кардонда (қазіргі Битілеу) тас соғып, екі үй салдық. Шаршауды білмеуші едік. Балшық тасып, қалыппен тас шығарамыз. Іргетас құйып, үйдің қабырғасын тұрғызу таза ауыр еңбек емес пе?! Жастық қой, көп қиналған жоқпыз. Кұн ұзаққа осы қол жұмысын атқарып, кеш түскен соң іргедегі Бударин суарнасына шомылатынбыз. Күндізгі шаршағанымыз ұмытылып кететін. Шағын ауылға (Кардон) бауыр басып қалдық. Үлкен-кішісі сыйлайтын. Біз де оларға қажетті жерінде көмек көрсететінбіз. Бұйығы жатқан ауыл тіршілігі біз келген соң біртүрлі жаңарып қалғандай. Оны тұрғындары да айтып жүрді. Армия қатарынан оралған екі жігіттің, бір «ауылдас» жігіттің үйлену тойына қатыстық. Демек, бәріміз сол ауыл тірлігінің бір мүшесіне айналдық. Арамыздағы Дәулетжан Чапаев ауданынан болғандықтан, «жұлдызы биіктен» көрініп те жүрді. Бұл құрметке ол лайық та болды.

Студенттік еңбек тоқсаны аяқталып, ауылмен қоштастық. Ауыл клубында «Студенттермен қоштасу» кеші өтті. Кеңшар басшылары қатысты, сол кездегі бөлімше басшысы Анарбек Иманғалиев ағамыз баршамызға үлкен рақмет айтты. Екі-үш ауыл тұрғындары сөйлеп, ақ тілектерін арнады. Қимастықтан бір апамыз көзіне жас алды. Студенттер мен ауыл жастары бірігіп, концерт қойдық. Дәулетжанның өлең шығаратын өнері де бар екен.

Сахнадан:

Аз да болса, қаламыздай сәнді едің,

Таныс болды сенің әр ой, әр дөңің.

Ұмытпаспыз еңбек жолын, ел жүзін,

Қош бол  енді көріскенше, Кардоным! – дегенде, бәріміздің де жүрегімізде сағыныштың нәзік қылы шертіп, көкірек-кеудемізді қимастықтың ауыр ауаны басқаны да күні кешегідей есімде. Мөлдіреген жастың көз қиығына құйылғаны да анық. Міне, сөйтіп оның ақындық қырын да аңғарып қалғаным бар.

Институтты бітіргеннен кейін Дәулетжан Тайпақ ауданы Харькин сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бұрынғы бойындағы білімді енді іс жүзіне асырудың кезегі келді. Жас мұғалімге сол кездегі мектеп директоры Зоя Арақбаева, ардагер ұстаздар Дәулет Гусманов, Құспанғали Есенғалиев және Бақыт Чурина, Сәлима Сариева, т.б. еңбек тынысын танытты.

— Дәулетжан жас екенмін деп көп жүрексіне қойған жоқ. Келісімен бағдарламаларын тиянақтап, алғашқы сабаққа ынтамен енді. Ол кезде қазіргідей әзір көрнекі құралдар жоқ қой. Бәрін қолдан жасайтын. Гуашь, тушь, плакат, перо, т.б. жас жігіттің сөмкесінде, болмаса, қолтығында жүретін, — дейді кезіндегі мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған ардагер ұстаз Максим Өтежанов.

Кейін ол Чапаев ауданына ауысты. Дәулетжанның еңбек жолында комсомол, партия ұйымдарының орны бөлек. Бойына сіңірген үлгісі танылып тұратын. Бастамашыл, қоғамдық сананы тез меңгеретін, оны талдай білуі де замандасымның қабілетін айқындайтын. Өзімен тілдесетін үлкен-кішінің бәрімен де тіл тауып, оның лауазымына қарамай бір қалпын қалтқысыз сақтайтын. Кішілік таныта отырып, үлкеннің ойын үлгілейтін. Үлкеннің орнын, кішінің жөнін өзі біліп, қашанда өзгеге өң көрінуді емес, оң көрінуді жақтайтын. Қайда жұмыс істемесін, өзіне талап қоя отырып, өзгені өзіне қарата білетін. Бұл оның «мендей бол» дегені емес еді. Яғни, жасандылықты жадыламай, турашылдықты тіктейтін сол қасиеті әлі де сол қалпында. Адамдықты әйгілейтін әдептің басы да осы.  Сөйтіп көрер көзге көрінетін қатардағы жолы айнадағыдай анық болатын. Әдетте, осындай жан-жақты адамдар үй болуды кейінге қалдыра тұрып, қоғамдық істердің «құшағында» қалушы еді. Шаңырақ көтеруді әбден ойластырып, ұзақ жүріп алатын. Дәулетжан олай істемеді. 1974 жылдың жазында өзімен бірге оқыған Злиха Аронқызымен шаңырақ көтерді. Ұрпақ сүйді. Соған қарағанда, ол «махаббат дастанын» бізден гөрі біраз ертерек ойластырғанын мойындасақ дұрыс.

Злиха да Дәулетжанға сай елге сыйлы, үлгілі ұстаз атанғаны баршаға мәлім. Жоғары санатты педагог. Ұрпақ алдындағы еңбегі көптеген медаль, алғыс хаттармен айғағын табады. Ауылдағы талай қоғамдық шаралардың тізгінін ұстап, үлгілі әйелдер әлемінің біріне айналғандығына куәміз.

Дәулетжан Абдрахманұлы Чапаев ауданында комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, Жамбыл кеңшарында партком хатшысы, №14 кәсіптік мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы, республикалық «Отан» саяси партиясының атқарушы директоры, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болды. 2007 жылдан Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы міндетін абыроймен атқарды. Сөйтіп, өзінің 43 жыл ғұмырын ұрппақ тәрбиесіне, еңбек тәрбиесіне арнап, бір сөзбен айтсақ, тұтас адамдар тәрбиесімен ұштастырып отыр.

Ауданымыздың саяси өміріне белсенді араласып келеді. Мәслихат хатшысы қызметінде атқарған шаруасы да қомақты. Сессияларда қаралатын мәселелерді алдын ала әбден тиянақтап, пысықтап алатын. Қаржыны игеру жөн-жосықсыз жүрмейді. Оған бақылауды күшейту міндет. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті» әдеттегідей шара ретінде қарамай, көңіл бөлудің аса маңыздылығын айтатын. Оның мазмұны терең, ақиқаты анық. Осы жұмыстың басы-қасында өзі жүр. «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе өңірлік партиялық оқу орталығында инновациялық жоба бойынша «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің пәрменділігін арттыру жолдары» тақырыбында оқыған баяндамасы дөптеген жерінен шықты. Онда орынды мәселелер көтерілді. Тұғырлы ойлар айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісовтың атына Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық ахуалдың жайын айта хат жазып, кешенді түрде зертханалық қадағалау жүргізуді сұраған, аудандық мәслихатта қаралатын нормативтік құқықтық актілерді барлық қосымшаларымен бірге екі тілде (бұрын тек қана мемлекеттік тілде жүретін) Әділет басқармасына ұсынылуы жөніндегі талаптар қойылуына сай алда туындайтын қиындықтар туралы (бұл ҚР Конституциясының 7-бабының 1 тармағы талаптарына, сондай-ақ ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабына қайшы келетіндігі) пікірі де үлкен ой елегінен өткен ұсыныс еді. Жайық өзенінің үстінен салынар көпірдің маңыздылығы жөніндегі хабарламасы да, сондай-ақ Парламент Сенаты Қаржы және бюджет Комитетінің мүшесі Ерболат Мұқаевқа Жайық өзенінің экологиялық жағдайының жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын баяндаған хаты да  көкейтесті мәселелер еді.

Мәслихат хатшысының алдына әдейі шаруамен келетін адам көп. Тағдырдың сан алуан түйткілді тұстары шаш-етектен болады. соның бәрінде қолдан келгенше жұмыстану, жеке адамдардың өтінішін жерге тастамау, оларға қамқрлық көрсету – ізгілік жолындағы жанның жаңылыспайтын ісі. Оның осы еңбегін ескеріліп, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігінің «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды.

Қазір зейнеткер. Сонда да қоғамдық жұмыстан қол үзбейді. Әлем жаңалықтарынан бастап ауыл жаңалықтарына дейін қарап көңілге ұнағанын қолпаштап, ұнамаса көңілден сызып, кетіріп отырады.

Мерзімдік баспасөзде жиі көрінеді. Онда бала тәрбиесі, ауыл тазалығы, т.б. күнделікті атқарылар шаруаларға жанашырлық танытады. Бау-бақша өсіру, мал бағу, т.б. өмір үшін қажетті нәрселерді айналып өтпейді. Содан да жерлесіміздің ел алдындағы абыройы биік…

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ЧАПАЕВ