29.03.2021, 9:59
Қараулар: 104
Ұстаз, ақын, әрі көшбасшы

Ұстаз, ақын, әрі көшбасшы

Азаматты ардақтау, жайсаң жандарды  өрелі сөзбен өз биігіне шығару – қазақ халқына бірден-бір жарасатын қасиет. Жақсының жақсылығын айту-жазылмаған заңдылық десек, осы мақаламда ауылдасымыз, білім нәрімен талай ұл-қызды сусындатқан Мәрия Қайрамбекова туралы сөз етпекпін.

Адам баласы талап қылса, алынбайтын қамал бар ма?! Мәрия Тыныштыққызының Қарағанды мемлекеттік институтының қазақ тілі, әдебиеті факультативін үздік тәмамдап, Еңбекші негізгі мектебіне келгеніне де 30 жыл болыпты. Педагогикалық қызметтің барлық сатысынан өткен ол мұғалімдіктен бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Табиғат оған дарынды, қабілетті аямай сыйлаған. Оның ақындық өнері де өзінің дара болмысын кез келген ортадан ерекшелеп тұрады. Ол әрдайым ізденіспен қызмет ететін білікті педагогтардың бірі. Сөзімізге дәлел,  Мәрия Тыныштыққызы бірнеше кітапшалар мен тест жинақтарын жасақтады, педагогикалық шеберлікті шыңдау жөнінде 30-дан астам  мақалалардың авторы. Бұл шығармалары білім беру, мәдениет, ұлттық дәстүр, еліміздің әлеуметтік саяси өміріндегі сан қырлы мәселелерге арналған.

Ұстаздың еңбек жолында анық байқалатын бір ерекшелігі – ол туған ел мәдениетін, шежіресін жетік меңгерген еркін шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуді басты мақсат тұтады. Сондықтан оның еңбектерінде білім беру мазмұнында ұлттық бастаулар мен жалпы адами құнылықтарды үйлестіре отырып, этномәдени  дәстүрлерді жаңғырту басты мақсатқа алынған.

Аудандық сайыс, байқауға қатысқан бірнеше оқушылары жеңімпаз, жүлдегер атанды. Саят Малықов, Оралсын Құмарова, Бекзат Максимов, Гүлназ Серік, Ақгүл Қалама сынды шәкірттері талай додаларда топ жарып, ұстаз мерейін асырды. Оның бір оқушысының өзі Абзал Наурызғали 2018 жылы аудандық «Тұғыры биік Мәңгілік ел» оқушылар айтысында «Көрермен көзайымы» атанса, осы жылы аудандық оқушылар арасындағы айтыстарға қатысып, «Мектеп Досқалиев» аталымымен марапатталып, ІІ орынға ие болды. 2019 жылы «Сүйемін туған тілді анам тілін»  дәстүрлі аудандық шығармашылық байқауда І орын иеленді. Осы жылдың жемісі — «Ұлы дала ұландары жырласын» мектеп оқушылары арасындағы республиканың батыс аймақтық жас ақындар айтысында Ж.Молдағалиев атындағы арнайы жүлдеге ие болып, «Жырласа, жастар жырласын» тақырыбында өткен облыстық жас ақындар  айтысында ІІ орын алды.  Былтыр жас ақын республикалық Қадыр оқуларының аудандық кезеңінде «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» шығармашылық бөлімінде жеңімпаз танылып, облысқа жолдама алды.

Міне, осындай ұл-қыз тәрбиелеген мұғалім – қажырлы еңбек иесі, істің адамы. Оның асыл мұраты – әрдайым уақытпен үндес болу, заманға сай ойлай білу, өркениет биігінен табылу десем, қателеспеспін. Ол талабы бар жастарды білімге тартумен қатар, жас әріптестеріне де жетекшілік жасауға да уақыт таба білді. Өсіп келе жатқан жас маманға жол сілтеп, шынайы қамқорлық көрсетіп, өз өнегесімен үлгі бола білу екінің бірінің қолынан келе бермейді.  Сол себепті М.Қайрамбекованың шебер ұйымдастырушылық, тиімді басшылық қабілеттері ұжымда лайықты бағаланды. Өзі де тәжірибелі мұғалімдерден тәлім алудан жалықпайды, шыңдалып, ширай түседі.

Адам мүмкіндігі шексіз екендігіне Мария Тыныштыққызы өзінің тірлік-тынысымен айқын дәлел болады. Жолдасы Ғайнолла Сәлімгерейұлы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп немере, жиен  сүю бақытына кенелген жандар.

Амандық МАҚАСОВ,

мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Қызылжар ауылы

БАЗАРТӨБЕ