5.04.2021, 9:20
Қараулар: 79
Балықшылардың көлігі судан шығарылды

Балықшылардың көлігі судан шығарылды

Өткен аптаның бейсенбісінде 11 сағат 06 минутта Қабыршақты ауылының тұсында Көшім каналына «Mitsubishi Pajero» автокөлігі су астына түсіп кеткені жөнінде хабар түскені сол-ақ еді, араға 3 сағат салмай дәл осы жерден «Уаз Патриот» маркалы автокөлігі өте бергенде жұқа мұз опырылып, оқыс оқиға тағы қайталанды. Оқиға орнына  лезде жеткен құтқарушылар  мұз астына түсіп кеткен автокөліктен екі жүргізушіні де шығарды

Абырой болғанда, екі оқиғада да зардап шеккендер жоқ.

Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Фархат Уахитов орын алған оқиғаға қатысты берген ақпаратында жергілікті әкімдік тарапынан барлық көмектің уақтылы көрсетілуінің арқасында екі көліктің де мұз құрсауынан босатылғанын айтады.

– Қос көліктің де жолаушылары Көшім каналына балық аулауға келген. Ауа райының күрт жылуынан мұздың жұқарғанын ескермеген олар көліктерімен каналды тура кесіп өтпек болған. Аудан орталығынан №6 жедел құтқару жасағы жүргізушілерге тиісті көмек көрсетті. Екеуінің де денсаулықтарына зақым келмеген. Сонымен бірге аудандық ветеринарлық станса және жалдамалы «КаМАЗ» көліктерінің күшімен 26 наурызда екі автокөлік те мұз астынан шығарылды, — дейді ол.

Кез-келген адам мұзбен байланысты айталық, балық аулау кезінде, аң аулауға шыққанда, су айдындарынан өткенде төтенше жағдайға ұшырауы мүмкін екенін ескерткен Ф.Уахитов сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды:

– Қазір су айдындарындағы мұздың қалыңдығы 20 см-ге де жетпейді. Бұл мұздан өткен көлік түгілі, адам үшін де қауіпті. Мұздың қалыңдығы кемінде жаяу жүргіншілер үшін 15 сантиметр, автокөліктер үшін 30 сантиметр болуы керек. Мұз қазір, әсіресе, каналдардың арналарында берік емес. Қазір ауа температурасы 0 градустан жоғары, яғни мұздың беріктігі күн сайын 25%-ға төмендеп барады.

Мұзда балық аулағанда да сақтықты қаперлеген жөн: тесіктерді жиілетіп оюға болмайды. Өзінің қауіпсіздігін қамдаған балықшы құтқарушы жилетімен, сондай-ақ ұзындығы 15-20 м., бір ұшында ілмек және екіншісінде 400-500 г жүк артылған арқанмен қаруланғаны абзал.

Судың температурасы төмен болғандықтан мұз астына кеткен адам  20 минуттан кейін есін жоғалтуы мүмкін. Демек, сақтық керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Табиғат алаңғасарлықты, жігерсіздікті көтермейді.

Әсел САҒЫН