5.04.2021, 9:28
Қараулар: 25
Қарауылтөбедегі қайғылы оқиға

Қарауылтөбедегі қайғылы оқиға

Қарауылтөбе ауылында қайғылы оқиға орын алып, осы ауылдағы №27 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Ақан Нұрғалиев қайтыс болды.

Анықталғандай, оқиға 25 наурызда болған. Сағат 23:00 шамасында осы ауылдың тұрғыны  Р деген азамат өрт сөндіру бекетіне келіп, осында кезекшілікте отырған қызметкерлерден бастықтарын шақыртуды талап еткен. Телефонмен шақырту түскен соң жұмысына алаңдаған А.Нұрғалиев бекетке жетіп барады. Осы жерде екеуінің арасында жанжал туындап, арты дауға ұласады. Ту сыртынан тап берген Р өзімен бірге алып келген қол қамшысымен ұрып, артынан қамшымен қылғындырған. Іштен кіргеннен басталған соққының салдарынан А.Нұрғалиев құлап, есінен танып қалған. Осы оқиғадан кейін үйіне кетіп қалған Р-ға 15-20 минут уақыттан соң А.Нұрғалиев барып, үстінен арыз жазатынын ескертіпті.

Осыдан соң А.Нұрғалиев үйіне бармаған, жүргізілген  іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ол шалажансар күйінде сағат 08:30 шамасында ағасы М деген азаматтың ауласындағы жазғы сарайынан табылды. Жапа шегушіні дереу жедел жәрдеммен Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қанша арпалысқанымен ертеңгі таңда алған дене жарақатынан қайтыс болады.

Аудандық полиция бөлімінің ресми мәлімдесінде аталған оқиғаға қатысты 1992 ж.т. азамат Р-ға қатысты ҚК — тің 106-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру  басталғаны айтылады. Қазіргі уақытта жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты ҚК-тің 106-бабы 3-бөлігіне қайта дәрежелеп, күдікті Р қамауға алынған.

Өз тілшімізден