5.04.2021, 9:35
Қараулар: 34
COVID-19: аудандағы ахуал

COVID-19: аудандағы ахуал

Індет басталғалы ауданның 582 тұрғыны коронавирус жұқтырған. Өкінішке қарай, әлемді әбігерге салған вирус 17 жерлесіміздің өмірін жалмап кетті. Дәрігерлердің қатаң бақылауының арқасында 548 науқас ауруынан айығып шықты.

Биыл да ахуал қалыпты деп айту қиын, тек 3 айдың өзінде 201 тұрғын коронавирус індетінің шеңгеліне іліксе, олардың 175-і емделіп шықты.

Редакцияға түскен ақпаратты ауылдық округтер бойынша сараптап көрсек, адамдардың вирус жұқтыру деректері Чапаев, Жаңабулак, Тайпак, Жанама, Базаршолан, Есім, Алмалы, Жамбыл ауылдарында тіркелген.

Олардың 23-інде вирус ПТР тест арқылы анықталмай, вирустық пневмония түрінде өткен. Ауруы асқынған 5 адамның өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Баян Кенесариеваның мәліметінше, биыл тіркелген науқастармен  360 адам  қатынаста болған, олардың барлығы ПТР әдісімен тестілеуден өткізілді.

22-28 наурыз аралығында коронавирус жұқпасын жұқтырған 7 науқас тіркелді.

Эпидемиологиялық анамнез бойынша ауырған тұрғындар көпшілік іс-шараларға (той, садақа, жерлеу, қонақтық т.б.) қатысқан, басқа елді мекендерге барған, бетперде кию режимін бұзған, науқастармен байланыста болған.

Қазіргі таңда вирус жұқтырған 17 адамның барлығы да дәрігерлердің бақылауында. Олардың 5-еуінде вирус белгілері байқалғанымен, дерт жеңіл өтуде. 2 стационарға жатқызылса, қалғандарында жұқпа симптомдары білінбейді. Жалпы, аудан орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімінде 18 адам ем қабылдауда, олардың 2-еуі өз ауданымыздан болса, қалғандары көршілес Жаңақала және Қазталов аударынан жеткізілген науқастар.

Наурыз айынан бастап ауданда коронавирусқа қарсы ресейлік  Спутник-V вакцинасын егу басталды. Бастапқыда медицина, педагогика, құқық қорғау саласының қызметкерлері вакцинацияланады.

Аудандық аурухананың эпидемиолог-дәрігері Еркебұлан Беляковтың  берген деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін 150 адам аталмыш вакцинаны алған. Олардың 94-і медицина, 7-еуі құқық қорғау саласының қызметкерлері, 49-ы педагогтар. Күні ертең оларға вакцинаның екінші дозасы егілмек.

Әлия ШАРАПИЕВА