5.04.2021, 9:36
Қараулар: 163
Таңмен таласа оянсаң…

Таңмен таласа оянсаң…

Міне, бір жылдан асып барады, бәсеңдегендей болғанымен, келесі күні-ақ қайта қағынып шыға келетін мына пандемияның жер бетінде әлі біраз ойнақ салары сөзсіз. Бұл жалмауыз жұқпадан сақтануға қатысты барлық амалға жүгінуіміз қажет-ақ. Елімізде осы орайда үлгі аз емес. Өкінішке қарай, ащы сабақтан қорытынды шығармайтын, яғни, мысалы, әлі күнге ығы-жығы қонақтықтан, дұға дастарқанынан тартынбаған отбасылар жетіп жатыр.

Тағдыр талайының себепшісі – әрине, жұмыр басты пенденің өзі ғой. Ұлы Абайдың «…ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес» дегені талай нәрсеге меңзеп тұр емес пе?! Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өлмей тұрып, тіршіліктің қадірін, ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін білуге үндеген Хадистерін әсіресе жас ұрпақ жаттап өссе, шіркін.

Жас ұрпақ демекші, балалардың алақандай айфондарды шектен шыға пайдалануы (дұрысы – мұндағы мәнсіз, татымсыз, мылжың, сандырақ нәрселерді ертелі-кеш ақтаруы) өте-мөте алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Бұл дегенің өз денсаулығын өзі құрту, психикалық жағынан ойсырау емес пе?! Осылайша, адамның табиғи қалпының бұзылуынан, құлықтық кері кетуден қалай сақтанамыз? Ата-ана бар, алдыңғы жақсылар бар, ұл-қызды содан арашалауға тиіспіз. Ізбасарларымыз ұлағатты сөзден мән алуы үшін, өнегеден нәр алып өсуі үшін бүгін қимыл болмаса, ертең – кеш.  Күтілмеген жас шыбық қисық болып өседі. Ең басты байлық – денсаулық екенін өрендеріміз жан-дүниесіне түйіп өсуі тиіс.

Бұрындары ұйқыдан ертемен тұрып, таза ауада жаттығу жасап жүретін жастарды да, ересектерді де ауылдардан жиі көретінбіз. Бүгінде де бар, бірақ сирек-ау, сирек. Сұрап көріңізші, ұйқыны жақсы көретіндердің қатары қалың. Бұл әдеттен тіпті 40-50 жасында да арылмай, ез, иісалмас, қырсыз, шаруаға икемсіз, мінезсіз, керенау аталғандар бар ғой. Мұндай жандарды сау деп айта аласың ба? Медицина қызметкерлері «Тірлігі қимыл-қозғалыссыз жанда түрлі ауруға қарсы тұрарлық қабілет әлсірейді», «Берекесіз тіршілік жүрек қан-тамыр кеселдерінің тап көзі»,- деп қақсағалы қашан. Орда бұзар 30 жасында немесе қамал алар қырқында уыс-уыс дәрі ішудің түпкі себебін аңғару қиын емес (Әрине, мұны барлық дертті адамға қаратып айтқаным емес, олар мені кешірер. Кейбір ауру еш себепсіз, тікелей жазмыштан келуі ықтимал).

Әлдебір жаңалық «ашудан» аулақпын. Жасым жетпіске таяп келеді. Құдірет Иеміздің бұл нығметіне мың да бір шүкір. Жас кезімдегідей алуан жаттығу жасамағанмен, таң алакеуімнен тұрып, кем дегенде 3,5 шақырым жаяу жүру, түрлі дене қимылын жасау дағдысынан танған емеспін. Асылық айтқаным болмасын, ауру-сырқаудан аманмын. Жазда сағаттап, қыста 5-10 минөт аулада жалаңаяқ жүремін. Мұның бәрі денсаулыққа пайдалы екені баяғыда-ақ дәлелденген ғой. Ағзаңда қуаныш гормоны көбейеді, сыртқы және ішкі жан дүниең үйлесім табады. Сабырлық, төзімділік сынды қасиеттерің ұшталады, ұсақ-түйек үшін жүйкеңді жұқартпауға дағдыланасың.

Таза ауда көп болуға тырысамын. Таңғы уақыттың өзінде береке, игілік бар. Бақша танабындағы күйбең, қыста қар күреу – бұл да әлбетте, саулығыңның бір кепілі. БАҚ-та мына пандемия кезінде жасы 60-70-тен асқандар таза ауада кемінде бір сағат болуы жайында айтылып жүр ғой. Мен бұл мөлшерді әлденеше есе орындап келемін.

Жасымыз да, жасамысымыз да таңмен таласа тұрайық. Мүмкін, кейде табиғат та «көңілсіз» болар. Біз көңілсіз болмайық. Әр таңның ырысы бар, берері мол. Ол бізді тәрбиелейді. Әуелгі байлық – денсаулықтың бағасын ұғынуға баулиды. Яғни, бақытты болуға үндейді.

Жарқын БЕРКІНҰЛЫ,

Чапаев ауылың тұрғыны