5.04.2021, 9:38
Қараулар: 29
Тұмаудан қорғанайық

Тұмаудан қорғанайық

Жіті респираторлық вирустық жұқпа мен тұмау– бұл тыныс алу жолдарының ең көп таралған ауруы, улану белгілерімен және жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдануымен сипатталады. Олар науқас адамнан ауа тамшы жолмен жұғады. Былтыр ауданда 757 адам ауырып, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 420 жағдай  тіркелді.

Келтірген деректерде көрсетілгендей, балалар вирусты тез жұқтырады, себебі олардың иммундық жүйесі жетілмеген және кейде жұқпаларға тойтарыс бере алмайды. Сондықтан балаларда тұмау өте ауыр симптомдармен өтіп, асқыну тәуекелі ересек адамдарға қарағанда жоғары болады.

Бұл вирусты жұқтырған жағдайлар жыл сайын күзгі қысқы, көктемгі кезеңде көп тіркеледі.

Аурудың белгілері: әлсіздік, мазасыздық, дене қызуының жоғарылауы, тамақтың ауруы немесе жыбырлауы, мұрын бітелуі, жөтел, бас ауруы, жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарының зақымдалуы.

Егер сіз ауырып қалсаңыз үйде оқшауланып, дәрігер шақыруыңыз  керек. Үйдегілерді кеселден сақтау үшін жеке ыдыс аяқ, сүлгі және жеке гигиенаның өзге де заттарын қолданып, жеке, желдетілетін, күн түсетін бөлмеде орналасқан дұрыс:

Науқасқа және оны қоршаған адамдарға мынадай қарапайым күтіну шараларын ескеру қажет: жөтелгенде немесе түшкіргенде  мұрынды және ауызды салфеткамен жабу, медициналық маска тағу, оларды жиі ауыстыру; бөлмелерді күнделікті жүйелі түрде желдетіп, жиі ылғалдап, жуып отыру, хлораминнің 0,2% ерітіндісімен тазартып, жуу; мерзімдік аурушандық жоғарылаған кезде көпшілік орындарға баруды шектеу; сырқаттанған кезде сұйықтықты, әсіресе лимон қосылған шәйді көбірек ішу.

Вирустық жұқпаның алдын алуда жеке гигиена ережелерін сақтаңыз, қолыңызды мұқият және жиі жуыңыз; таза ауа, дене тәрбиесі және спортпен айналысып, дәруменге бай тағамдарды күнделікті мәзіріңізге қоссаңыз, бұл да аурудың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.

Шұғыла ҚАЙРАЛИЕВА,

аудандық  ұлттық сараптама орталығының зертханашысы.