5.04.2021, 9:42
Қараулар: 197
Көркейген ауылда келісті тірлік болса

Көркейген ауылда келісті тірлік болса

Бүгінде қала мен ауыл теңесіп келеді. Кіндік мекен – ажарлы ауылын тірлігі күйбең қалаға ауыстыруға келетіндердің де қатары сиреп келе жатқандығын айта кету керек. Ауылдан ірі орталыққа үдере көшкен 90-жылдардағыдай емес, қазір керісінше көрініс байқалғандай. Бұл жақсы үрдісті көп алысқа шаппай-ақ, өзіміздің аудан орталығынан да байқауға болады. соңғы 4-5 жылдың ішінде Чапаев ауылының ауқымы едәуір ұлғайып, жаңа шағын аудандарда көруге көз керек баспаналар бой көтерді. Бәрін айт та, бірін айт, аталмыш елді-мекенде кейінгі кезде тұрғындардың тәуір тұрмыс кешуін көздеген келелі бастамалар көтеріліп, осыған сай келелі жұмыстар атқарылуда. Тірлік болған соң, кемшіліксіз де болмайды, дегенмен ауылдағы сан түрлі саланы қай тұрғысынан қарасаң да, көз қуанып, көңіл семіреді.

Тоғыз жолдың торабындағы округте 10607 тұрғын бар. Жайық және Чапаев ауылдары құрамына кіретін округ әкімі Нұртаза Нәбиденовтың айтуынша, мұнда 51 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2 ауылшаруашылық өндірістік коперативі, 23 шаруа қожалығы тіркелген. Осы құрылымдардың барлығы мал басын өсіріп, аудан эканомикасын көтеруге үлестерін қосуда. Өткен жылы мал басын асылдандыру бағытындағы жұмыстарға 7 шаруа қожалығы қатысып, 30 бас ірі қара мен  19 бас бұқа сатып алынса,  2 шаруа қожалығы лизинг арқылы ауыл шаруашылық техникаларын алып, 5-еуі күн сәулелі батареяларын қыстақтарына орнатқан.

Солардың бірі Амантай Құспанов жетекшілік ететін «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы. Сонау 1999 жылы ағамыз өз қолымен құрған иеліктің бүгінгі тірлігін сол күндермен салыстыруға мүлдем келмейді. 40 бас сиыр мен 40 жылқы өз бала-шағасы мен немерелірінің нәпақасына молынан жетеді. Қыстақтары да ауылдан көп алыс емес, небары 12 шақырым қашықтықта, малға жайлы, жайылымды танап. Мал шаруашылығын жандандыруға беретін субсидияны да өзгелер секілді кәкір-шүкірге шашпай, осы иеліктің аяқалысын жақсартуға арнағаны да – болашағын болжай білген азаматтың ісі. Осы қаражатқа ол мал азығын дайындайтын трактор тіркемелерін, өзге де құрал-жабдықтарды алған. «Нұрсұлтанда» шеттен келген жұмысшы жоқ, Амантай аға ұлдарымен бірге тірлігін түлетуде. Күннен қуат алатын тоқ көзінің үш түрі бар. Малдың ауыз суына құдықты өз күштерімен соғып,  су шығарып алыпты. Биыл мал жайылымы мен бағымын реттеуде теңдесі жоқ электронды бақташы орнатуды жоспарлап отыр. Ісі шираш шаруа мал басын әлі де өсіріп, асыл тұқымды сиырларды көбейтуді ойластырып қойыпты.  Өзге жерлердегідей, округте шаруа қожалықтары шама келгенше көштен қалмай, шаруасын ілгері жылжытуға барын салып, тырысуда.

Былтыр атқарылған жұмыстардың бірсыпырасына үңілсек, елдімекеннің келбетін ажарландыруға беталыстың бар екенін анық байқаймыз. Оқырман да танысып отырсын, бірқатар деректерді келтіре кетейік. Чапаевта  486, ал Жайық ауылында 39 көше шамдары түнгі ауылдың сәнін келтірсе, олардың  қызметі 12 трансформатормен реттеледі. Ақсап тұрған жағы да жоқ емес, әрине жарық жетпеген шеткі көшелер де бар.  Былтыр округ аумағындағы қоршаусыз тұрған трансформаторлардың барлығы қоршалды.  «Орал құрылыс» ЖШС-мен 4 млн 468 теңге қаржыға «Даңқ» саябағы ішіндегі төсем жолдар ауыстырылып, іші қайта жаңғыртылды.  Аудан болып жұмылып, күш біріктіріп, жомарт жандардың қолдауының арқасында бой көтерген Жұбан орталығының  алдындағы қоршаулар, аяқжолдарды төсеу, абаттандыру секілді жұмыстарды ауыл әкімшілігі қолға алып, сәтті аяқтады. Үш қабатты 24 пәтерлік үй салынып,қолданысқа берілгені де өткен жылдың еншісіне жазылды. Бес қабатты тұрғын үйдің айналасы қоғамдық қызметкерлердің күшімен қоршалған. Ауыл көшелеріне 2,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Жаз айларында бау-бақшасы жайқалатын ауылда судың қажеттілігі артатыны белгілі. Мамырда жан бітетін ауыл ішіндегі арналардың жаз бітпей жатып арнасы құрғайтыны – бірнеше жыл қатарынан ауласында көк өсіретін тұрғындарды мазалайтын мәселе. бұл бағытта қандай қам-қарекет қарастырылуда. Әлде келмеген суды қайтейік деп қол қусырып отыра бермекпіз бе?!

Биыл осы мәселенің шешімін оңтайландыру мақсатында су келетін арықтарды терең қазып, ұңғыларын тазарту немесе қайта қазу жұмыстары назарға алыныпты. Алайда жылдан жылға қоры азайған судың ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін арнаны толтыруға қауқары жетеді ме? Міне, сұрақтың төркіні қайда жатыр?! Биылғы жылы «Карачин»каналын тереңдету, тазарту жұмыстарына 10 млн қаржы бөлініп, конкурс ойнатылғанымен оған мердігер түспеуіне байланысты жеңімпаз анықталмағаны да ойға алған жоспарлардың күл паршасын шығарды. Биыл осы шаруа қайта қолға алынбақшы екен, сәтін салсын деп үміттенейік.

Күз айында ауылдың орталығынан ашылған «Береке» базарында күз айларында жәрмеңкенің көрігі қызып, әр сенбі сайын халық сол жаққа қарай ағылатын. Аудан  округтерінен келген арзан бағадағы ет пен сүт өнімдерін тұрғындар сол бойда «қылдай» бөлісіп алатын. Сол қайнаған базардың айналасы бүгінде мүлгіген тыныштық. Н.Нәбиденовтың айтуынша, бір жағынан қыста ауылдардан жеткізілетін «сыбаға» азайса, екіншіден қазіргі карантин жағдайлары да өз әсерін тигізгенге ұқсайды. Айта кетсек, бұл сауда орнын «Бексұлтан» жеке кәсіпкерлігі жергілікті бюджеттен бөлінген 6 млн 238 мың қаржыға салып, қолданысқа берген. «Жәрмеңке базарының жұмысын жандандырып, ауқымын кеңейтуге биыл тағы арнайы қаражат бөлінеді. Біздің мақсатымыз – ауыл көшелерінде әр жерде жем, бақша, сүт өнімдерін, т.б. сатып отыратын саудегерлерді бір жерге топтастыру. Сонымен қатар осында  әкелінетін ірі қараны немесе уақ жандықты арнайы соятын жер салынады. Арнайы лабораториядан өткізіп, сосын саудаға шығарылады. Оған жұмысшылар алынады», — дейді Нұртаза Нұрхатұлы.

Қазіргі таңда ауылдағы мал бағымы да күрделі мәселеге айналды. Жазда бағымға қосылмай,  қараусыз жүрген ірі қаралар көшеде талай «тәртіп бұзып», дау-дамай туындаған болатын. Ал биыл мал бағымы жылдағыдай екі бағытта емес, төрт бағытта ұйымдастырылмақ. «Мал бағымына қатысты жоспар ауқымды. Қазір ауылдық округке қарасты аумақтан ыңғайлы жерді реттеп, сол маңда қора-жай дайындадық. Мұндағы мақсат – жеке тұрғындардың иелігіндегі ірі қараларды (сауын сиырдан басқасын) ауылға кіргізбей, сол орында түнетіп, жайылту. Осы жұмысты жолға қою үшін жеке адамдар мал басына төлейтінінен бөлек арнайы қаражат қарастырылмақ. Тек осы жұмысқа ниеттілер табылса болды. Олар күзде әркімнің малын иесіне аман есен қайтаруы керек. Осы турасында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, кеңестік те. Біразы бұл бастаманы қоштап отыр», — дейді округ басшысы. Оның айтуынша, тіпті қой ешкіні де жаз айларында ауылдан «аластату» жоспарда.

Көпшілік бұрыннан хабардар, аудан орталығында бағылмаған малды әкеп қамайтын айыптұрақ бар. Жеке кәсіпкер Алмас Сағындықов жұмысын жүргізіп отырған бұл орында әсіресе, жаз айларында келетін «қонақтар»көп. Әкеліп қамалған мал иесі анықталғанша, сол жерде қамақта болады. Малдарын іздеушілер келгенше шөп пен сулары сол жерден. Оған кеткен шығынды мал иелері  төлейді. Сағатына 85 теңге. Жоғарыда айтылғандай, қырлық жерлерде мал бағымын ұйымдастыру осындай келеңсіздіктің алдын алып, мүлде болдырмауды көздейді.

Бүгінгі күні халықтың әлеуметтік ахуалының жақсаруына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде.  Нәтижелі жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасымен  2020 жылы 95 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 171-і тұрақты және уақытша жұмыстарға алынған.

Округте ауыз су алушы абоненттердің көбеюіне байланысты судың зардабы біраздан бері Чапаевтың тұрғындарын  мазалап келеді. Осы мәселені шешу мақсатында «Жайықтехсервис» мекемесі 6 млн теңге қаржыға су мұнараларының ұңғымаларын тазартса, қосымша екі су мұнарасының ұңғымасі қазылды. Ал ауылдың ауыз сумен қамту жүйесін толық жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, алдағы уақытта қайта жабдықталмақ.

Тоғыз жолдың торабындағы іргелі мекеннің көрінісі, қазіргі келбеті осындай. Өңір көркеюде, өмір сапасы сәт сайын сатылап көтерілуде. Тірлік бар жерде мәселе де болады, солардың бәрі біртіндеп шешілер, атқарылған жұмыстар легі соған ойыстырады. Баршаның тілегі — сәтімен аяқталған игі істер көбейе берсін.

Әсет САҒЫНДЫҚ