5.04.2021, 9:50
Қараулар: 27
Бесқонақ болмай шуақ болмас

Бесқонақ болмай шуақ болмас

Көшпенді тірлік кешкен ата-бабаларымыз күн мен айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздардың туатын және бататын кездерін жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған. Сонымен қатар табиғат құбылыстарынан жаңылмай, ауа райының өзгеруі жөнінде түсініктері мен білімдерін жинақтаған. Бүгінгідей тасқа басылған күнтізбе болмаса да, жыл он екі айды айырған халқымыздың даналығын айтсаңшы.

Қазақтың көне күнтізбесінде амал деген ерекше ұғым-түсінік бар – бұл әр айда адамға, малға, егіс дақылдарына жайсыз және қолайлы жағдайларды болжап отыру, әр науқанды өткізетін мезгілдердің жалпы атауы. Сол амалдардың көктемгілерімен таныса отырыңыздар.

Құс қанаты

«Құс қанаты» ұғымы жыл құстарының көктемде келуіне және күзде қайтуына сәйкес келетін амал. «Құс қанаты» наурыз айының 26-28 күндеріне тиесілі. Көктем мен жыл басы наурыздың соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанда қар аралас жаңбыр жауады, суық жел тұрады. Мұны халық құс қанаты деп атаған. Құс жолынан адаспас ұғымы жыл құстарының келіп қайтуына байланысты қалыптасқан. Сондықтан наурыз айының соңғы күндері ауа-райы күрт өзгерсе, қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Ең алғаш өлкемізге келетін құстың бірі – қараторғай. Бұл кезде қайтқан құстардың сусылдаған ызғарынан күн суып, жапалақтап қар жауады. Мұны сол жылғы соңғы қар деп есептеп, жақсылыққа жорыған.

Бесқонақ

Сәуірде боран соғып, жаңбыр жауып, ауа-райы құбылып,  “бесқонақ” басталады. Бесқонақ – ежелгі түркілерде қолданылған, күн қозғалысына негізделген күнтізбенің амалы.

Қазақ «бесқонақ сәуірдің сегізіне кіріп, он сегізіне шығады» деп есептейді. Және бес алты күн әрі-бері ауытқуы мүмкін екенін айтады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болатын кездері де бар. Осыны білетін қазақ бұл шақты өлара деп әр кез сақтанып отырады. Жеңіл-желпі киініп алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып өрістетіп жаймайды.

Дегенмен қыс пен көктемнің осындай тоғысар шағындағы ауа райының бұзылуын іштей тілейді, оны жақсылыққа жориды. Кей жылдары бесқонақ тыныш өтсе, бесқонақ биыл ырымдамады, жаз қалай болар екен деп алаңдайды. Көп жағдайда сол мазасыздануы бекер де болмайды. Айтқандай, жаз жауын-шашынсыз өтіп, қуаңшылықболып жатады.

Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпелі болып келеді, малшылар күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қоймайды. Бесқонақ өтісімен арқасын сәл де болса кеңге салып, шаруалар көктемгі шаруаға дайындалады.

Қызырдың қамшысы

Құстар жұмыртқалап болған соң, «Қызырдың қамшысы» амалы келеді. Сәуір айының он бесінен кейін алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Осы кездегі найзағайдың жарқылын «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс біржолата кетті» деп есептеген. Сәуір айының соңында 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы басталады. Яғни бұл кезде де күн салқындап, жаңбыр жауып, күн күркірейді. Қариялар осы кезде тобылғының бүршік жаруы, яғни өсімдіктердің тамыр жаюы деп, «енді жерге көк шығады», – деп қуанады.

Қызыл жұмыртқа

Мамыр айының алғашқы онкүндігінде бір-екі күнге созылған суық болады. Бұл дала (су) құстарының жұмыртқасынан балапанын шығаратын кезі. Халықтың түсінігінде осы мезгілді «Қызыл жұмыртқа» деп аталған.

Құралайдың салқыны

Құралайдың салқыны шамамен мамыр айының жиырмасына қарай болады, қатты суық жел тұрады. Ол жерді біршама кептіргенімен, оны қатты суытып жібереді. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Осы кезде киіктер лақтап болып, құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртіп өргізеді. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Мамыр айының аяғында болатын осындай суық күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаған. Қазақтар құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанатын болған.