5.04.2021, 9:51
Қараулар: 74
Бабалар болжамы

Бабалар болжамы

Көктемде:

Күн ерте күркіресе, мол жауын-шашынның белгісі.

Ай қораланса, бұршақ немесе жаңбыр жауады.

Қоқиқаз ескі ұясына жұмыртқаласа, құрғақшылық болады, ұясын жөндеп, жаңаласа, жаңбырлы болады.

Алғашқы жаңбырда күн күркіресе, шөп қалың өседі.

Ұзақ қарға алдымен келсе, көктем тез шығады, ал, сарыала қаз ерте келсе, көктем созылады.

Құс қанатында қар жауса, жылдың жақсылығы көп болады.

Жылқы ықтаса, келер қыс қатты болады.

Алғаш найзағай ойнағанда, бақыт пен ақ мол болсын деп ырымдап үй іргесіне сүт құйған.

Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады.

Қазақ ұғымында көктемгі уақытта ашық аспан астында ұйықтауға болмайды. Көктем — қыс пен жаздың, суық пен ыстықтың арасындағы шекара. Далада түнеген адамның бет-аузы қисайып, жан ауруына душар болады деп сенген.

Отардағы түлікке салқын тиіп, ауырыуы мүмкін деген сеніммен көктем уақытында малшы далаға жалаң бас, жалаң аяқ шықпаған.

Сәуірде аспан ашық көкшіл түске енсе, күн жылынып, жанбыр жауады.

Сәуірде түн жарық болса, кешікпей жер тоңазиды.

Сәуірде өзен сулары көп тасыса — жаз ыстық.

Сәуірдің алғашқы күні ашық, жылы болса — айдың соңы салқын немесе керісінше болады.

Мамыр ай бойы жылылық болса — бүкіл жаздағы ауа райы бір қалыпты.

Мамыр жаңбырлы болса — маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбыр сирейді.

Мамырда қайыңнан шырын көп бөлінсе, үйеңкі мезгілінен бұрын түбіттенсе, үйеңкі мен қандыағаш қайыңнан бұрын жапырақ жайса — жаз жаңбырлы.

Мамырда қайың үйеңкі мен қандыағаштан бұрын жапырақ жайса — жаз ыстық.

Жарқабаққа ұя салатын құстар өз ұясын жоғарыдан салса, су көтеріледі.

Бет материалдарын дайындаған Әсия ШЫРАЙ