5.04.2021, 9:53
Қараулар: 25
Кітапқа құмар бала көп

Кітапқа құмар бала көп

Кітапқұмар оқырмандардың қатарында оқушылардың қатары көбейіп келе жатқанын «Оқуға құштар мектеп» жобасы анық әйгіледі. Оқу сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған осы READx book жобасының аясында біздің мектебімізде көптеген шаралар өткізілді. Байқағанымыз – білім бұлағынан сусындап, өздерінің таным көкжиегін кеңейткісі келетін жас оқырмандардың талапшылдығы мен тапқырлығы орасан. Олар өздері оқыған кітаптарын жаңаша үрдісте жарнамалап, оның түп мағынасы мен өзектілігін еркін түсіндіріп берді.

Айталық, 6 сынып оқушылары Қарақат Тимурқызы мен Бақыт Мурзашева Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», 10а сынып оқушысы Халиматова Альбина Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқып, алған әсерлерін көпшілік алдында бөлісіп, сыныптастарына «Кітап оқиық» эстафетасын жолдады.

Сынып жетекшілерінің бастамасымен 5 – 10 сынып оқушылары «20 минут оқы да, 3 минут эссе жаз» айдарын таңдап, оқыған кітаптары бойынша эссе жазды. Оқушыларды ертегі оқуға шақыру, ертегілер арқылы жалпы дамуға, рухани құндылықтарды бойларына сіңіру мақсатында 1-2 сынып оқушыларының арасында «Әжемнің ертегілері» бағыты бойынша сабақтардың арасындағы үзілісте «Шалқан», «Кім күшті» ертегілерін оқу марафоны өтті. Аз ғана уақыттың өзінде оқушылар көрініс көрсетіп, өз ойларымен бөлісіп, сурет салып, кейіпкерлердің суреттеген маска жасап, кәнігі әртістерше өнер көрсетті. Пайдасы зор жоба бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табады..

Гүлнәр МЫРЗАШЕВА,

мектеп кітапханашысы.

БУДАРИН