5.04.2021, 9:54
Қараулар: 31
Түлікті бірдейлендірудің маңызы зор

Түлікті бірдейлендірудің маңызы зор

Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру мемлекеттік маңызы бар шара. Малдарды бірдейлендіру арқылы олардың нақты есебін алынып, уақытында жұқпалы мал аурудан қарсы егу, т.б. жүзеге асырылады.

Бірдейлендіру Ережесі бойынша Қазақстан аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде бірдейлендірілуі керек. Бұзау, қозы, лақ бота туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар төрт айлық жасынан бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірмей бірдейлендіріледі:

Ауыл шаруашылығы жануарларын белгілеу түріне байланысты ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер жапсырма тағылып, сырғаланса,  жылқы таңбалаланады. Тағы бір түрі чиптау (электрондық бірдейлендіру түрі) ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлеріне қатысты қолданылады.

Жапсырмалауда жануардың құлағының ішкі жағынан ортасына қарай мүмкіндігінше оның түбіне жақын жапсырма бекітіледі. Жылқы малын таңбалау ыстық немесе суық тәсілмен жүзеге асырылады. Таңба дененің сол жағына: республиканың, облыстың және мал түрінің литерлік кодтары жауырынға, жеке нөмір жамбасқа қойылады. Бірдейлендірілген мал туралы мәліметтер «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» жөніндегі деректер базасына енгізіледі. Деректер базасында бірдейленген малдың жасы, жынысы, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың, диагностикалық зерттеулердің түрі, нәтижесі, жүргізілген күні, малдың кепілдікке қойылғандығы және мал иесі туралы мәліметтер енгізілген. Жануарды бірдейлендірген соң үш жұмыс күні ішінде оның иесіне ветеринариялық паспорт беріледі. Ветеринариялық паспортта жануардың жеке нөмірі, мал иесінің аты жөні, тұрғылықты жері және малға әр жылдарда жүргізілген ветеринариялық іс-шаралары жазылады. Қазіргі таңда жылқы малының еркін жайылымынан ұрлану деректері жиі кездесуде. Осыған байланысты қожалық басшыларына GPS-трекер қондырғысын пайдалану, яғни жайылымда жүрген малды спутниктік бақылау тәжірибелері ұсынылуда.

Осы жұмыстарды аудандық ветеринариялық стансасының мамандары мен ауылдық округтердегі бөлімшелері атқарады. Бұл қызметтің тегін көрсетілетінін де атап өткен жөн. Аталмыш жұмысты жүргізудегі басты мақсат — жануарларға жеке нөмір беру арқылы түрлі ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың, диагностикалық тексерулердің жүргізілгендігіне, қозғалысына, сойылғанына, сатылғанына, ауырғанына бақылау жасау және мал есебін жүргізу. Сонымен бірге мал басын бірдейлендіру арқылы қажетті ветпрепараттарға тапсырыстар жасалады.

2020 жылы аудан бойынша жоспарлы түрде 22000 бас ірі қара, 114000 бас ұсақ мал, 10 бас түйе, 7391 бас жылқы бірдейлендірілді. Былтыр туған төлдердің бірқатарына сырға жетіспей, биылғы 2 ай ішінде сырғалауға рұқсат берілді.  Осы жылы ірі қараның 26253 басына берілген сырға саны 15000 дана, қой-ешкінің 116623 басқа берілген сырға 49500 дана.

Сонымен қатар сойылған, өлген, сатылып кеткен малдар мал иесінің берген мәліметі бойынша уақытылы есептен шығарылуға тиіс. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарындағы, жеке тұлғалардағы есепке алынбаған малдар уақтылы тіркеліп, деректер қорына енгізілуге тиісті. Бұл үшін әрбір мал иесі тұрғылықты жерінен округтің мал дәрігеріне өтініш береді. Егер малы бірдейлендірілмесе немесе таңбаланбаса, мал иесіне малды сатуға, союға рұқсат етілетін ветеринариялық анықтама құжаты берілмейді.  Сонымен қатар осы талапты орындамаған жағдайда ветеринариялық ережелерді, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы 15-тармағы бойынша жеке тұлғаларға 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға  25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Тағыбір ескере кетерлік жайт, жеке және заңды тұлғалар сала мамандарына ветеринариялық-іс-шаралар өткізу кезінде мейлінше жәрдем көрсетуге міндетті.

Мәжит ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторы