12.04.2021, 9:21
Қараулар: 78
Алманың 1000 түбіне тапсырыс берілді

Алманың 1000 түбіне тапсырыс берілді

Апта сейсенбісінде аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтің төрағалығымен «Менің аулам менің бағым» жобасының іске асырылу барысын талқылаған жиын өтті. Оған мекеме, бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, алдын ала жиналған өтінім бойынша қазіргі таңда мыңға жуық алма көшетіне тапсырыс берілген. Бүгінде 100  түбі ауданға жеткізілді. Оны мектептер ауласы мен саябақтарға отырғызуға қамдапты.

– Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Менің аулам – менің бағым» жобасы бойынша ауласында жеміс ағаштарын өсіремін дегендерге керемет мүмкіндік туып отыр. Бағасы да қолжетімді. Бастысы – шыққан тегі белгісіз, біздің өңірдің ауа райын көтере алмайтын көшеттер емес, біздің жерге лайықталып шығарылған алма сұрыптары. Яғни биыл отырғызған тал ертең солып қалмай, 3-4 жыл көлемінде өнім беретініне сенімді боласыз. Әрі алма көшеттерін жеткізуші өкіл де алғашқы жылы күтіп-баптау жөнінде толық кеңес беріп, ақпараттық қолдау көрсетеді», – деді Т.Ғабдушев.

Кезінде ауданымыз жайқалған алма бақтарымен мақтана алатын, бүгінде мұндағы ағаштар отынға кесіліп, аман қалғандары жабайыланып кеткен. Халықты бағбандықпен айналысуға шақыру үшін алдымен мектеп, мекемелер үлгі көрсетуі керек. Осы турасында айтқан аудан әкімінің орынбасары игі үрдісті қолдауға шақырды.

Асыл ҚАЙРАТ