12.04.2021, 9:42
Қараулар: 87
Намысты ұрпақ, жас қайрат

Намысты ұрпақ, жас қайрат

Қазақтың ең басты қазынасы – Тәуелсіздігі. Оның оңайлықпен келмегені де белгілі. Ұлтымызға тән асқан қайсарлық, болаттай берік күш жігер, табанды рух бабалардың арманы – егемендікке  жеткізді. Биылғы жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен айшықты.

Еліміздің егемендігінің асулары мен шыққан шыңдары тарихта алтын әріппен жазылатынына еш күман жоқ. Сол 1991жылы дүние есігін ашқан ұл-қыздарымыз да Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, жас мемлекетпен қатар бой түзеп,  отыз деген орда бұзар жасқа жетті. Қазіргі таңда ат жалын тартып мінер азамат пен ұлтым, ұлысым дейтін азаматшаларға айналған.

Біздің ауданның ауылдарында еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастарының бір-екеуінің елі үшін атқарып жүрген қызметіне үңілсек…

Назерке Өтесін Қурайлысай ауылдық округінде дүниеге келген. Сол ауылдағы Талап орта мектебін тәмамдап, 2009 жылы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграллық-техникалық университке «Агрономия» мамандығы бойынша грантқа оқуға түседі. Төрт жылдық оқуды аяқтаған жас маман алғаш еңбек жолын көршілес Қаратөбе ауданында бастайды. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде жастар практикасы бағдарламасымен жұмысқа орналасады. 2016 жылы туған ауылына оралып, округ әкімшілігіне «іс жүргізуші» болып қызметке алынады. Міне сол бес жылдан астам уақыт ішінде өз жұмыс ынтасы мол, елгезек, еңбекқор екенін анық дәлелдеді. Мұны әкімдікке шаруасы түскен ауылдастары айтып жүр. Әсіресе заман талабына сай интернетпен жұмыс жасағанда, шапшаңдығы мен тынымды жұмыстарына жұртшылық дән риза.

Елдегі ахуалға байланысты жұмыстың бәрі онлайнға көшкенде, аудан орталығына шыға алмаған ауылдастарының электронды  қызмет ауылына уақытпен санаспай, қол ұшын созды. Мысалы зейнетке шығу, декреттік демалысқа байланысты тапсыратын құжаттарды реттеу, көп балалы аналардың арыз-шағымдары, өзге де құжаттарды дер кезінде ауылда отырып, рәсімдеп, тиісті мекемелерге жолдайтын.

– Мен мұрағат, кіріс-шығыс құжаттарын тіркеумен айналысамын. Бірақ қызметім осы деп, тек мұнымен ғана шектеліп қалған емеспін. Бүгінгі заман – цифрландыру заманы. Ауылдастардың бәрі бірдей, әсіресе егде жастағы адамдар, телефон не компьютер арқылы қажет анықтамасын қалай алу керектігін біле бермейді. Көмек сұрап бізге келеді. Сондайда  электронды сандық қолтаңба арқылы сұрастырған құжатын алып беруге тырысамын, — дейді Назерке. Әкесі кезінде сол кеңшарда тракторшы, ал анасы сауыншы болып еңбек етіпті. Туған мекенінің өркендеуіне адал еңбегімен үлес қосқан жандардың жанұясындағы 6 баланың кенжесі болып дүниеге келген қыз бүгінде осылайша ауылдағы ағайын үшін керек маман иесіне айналған

Назеркенің жаны бала кезінен кітапқа құмар. Поэзия десе елең етеді. Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әлі, Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін жаттап өскен. Сонымен қатар ауылдық мәдениет үйінде өтетін мерекелік шаралар мен концерттерге үзбей қатысатын әнші де екен. Мәдениет үйі жанынан құрылған «Келіншектер» деп аталатын ансамбльдің белді мүшесі.  Ана,  әке, туған жер тақырыбында салған әндері тыңдарман құлағының құрышын қандырады. Ол қолы қалт босай қалған уақытын ауылдық кітапханада өткізеді.

Міне осындай жан жақты, кейіпкеріміз өзінің өмірге келген жылының маңыздылығын да айта кетті: «Тұтас елімізді айтпағанда, облыс пен біздің ауданның түкпір-түкпірінде құрдастарымыз еңбекке араласса, біреулері өнердің биігінде қалықтап, мәртебені арттыруда.  Бұл туған еліміздің мерейі! «Ақын болу –өз еркің, азамат болу міндетің» демекші, менің еліміздің дамуына тамшыдай болса да үлесім қосылған болса, өзімді бақыттымын деп санаймын.  Егемендігімізді жақындатқан Желтоқсан оқиғасын еске алғанда,  Жұбан Молдағалиев дүниеге келген ауылдың перзенті екенімді мақтан етемін».

«Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашуды бұйырыпты. Мен мұны мақтан ете отырып,  еліміздің құрдасы ретінде өз Отанымды көркейтуге барымды салу керекпін деп ойлаймын. Менің тәуелсіздігіміздің баянды болуына қосқан үлесім – спортшы балғындарды еркін  күрес спортына тәрбиелеп жүрмін.  Шүкір, ұстаздық еңбегім  нәтижесіз емес, балалар облыстық, республикалық додаларда топ жарып келеді», – деп бастады сөзін  Қабыршақты ауылының тумасы, жаттықтырушы Айдын Сәрсенғазиев. Еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы, Қазақстан біріншілігінде облыс намысын қорғап жүрген, қазақша күрестен ауданда түйе палуан атанған жігіттің спорттағы жетістіктерін әрі қарай баяндасақ.

Айдын еркін күреспен сегіз жасынан бастап айналыса бастаған. Дарын ерте байқалған ол жетінші сыныпты аяқтаған тұсында облыстық спортқа  дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа еркін күрес бөліміне оқуға алынады. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті жанындағы колледжге техник мамандығына оқуға түсіп, аяқтаған  соң, әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Білімін бала кезден жанына серік еткен спорт саласында жетілдіргісі келген  Айдын енді Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының «спорт факультеті» бөлімін тәмамдапты. Туған ауылында  жұмысын бастағанына да бес жыл.

Өзінің айтуынша, күреске баулып жүрген шәкірттері арасында спорт шеберлігіне үміткерлер бар екен. Республикалық турнирдің жеңімпазы, облыстық жарыстардың талай  мәрте жеңімпазы Сүйеуғали Бөкейхан сынды шәкірттерімен мақтанады.

– Біз ел тәуелсіздігінің төл құрдастарымыз! Осы жылдар арасында еліміздің жеткен жетістіктерін көріп келеміз. Мереке тек жақсылығын ала келсін, еліміз аман болсын. Сонау 1986 жылы ызғарлы желтоқсан айында қанын төккен Қайрат, Ләззат сынды аға-апаларымыздың ерлігінің, егемендігімізді еселеуде еңбегін аямаған барша отандастарымның арқасында жеткен белес бұл. Ендігі кезек – біздерде, «Біз жанбасақ лапылдап» демекші, қандай қызмет болса да, жастар еліне мінсіз қызмет атқаруы керек.

Жанұя құрып, екі ұл тәрбиелеп отырмын. Олардың да болашақта даңқты спортшы атанып, елімнің байрағын бүкіл әлемге танытқанын  қалаймын. Сол мақсатта 5 жастағы үлкен ұлымды күреске жаттықтыруды бастап кеттім, уақыты келгенде, кенжетайым да ағасының қасына ілесер. Облыс, аудан, ауылдарда біз сияқты еңбек етіп жүрген құрдастарымыз бар, әрине, олардың туған мекенінің әл-ауқатының артуына еңбектеніп, жоғары белестерден көрініп жүргенін елге, отанға деген сүйіспеншілік деп бағалаймын. Барлығы да «Тәуелсіздіктің құрдастары» деген атқа лайық болсын!  Ақжайық деп аталатын алып ауданымыз гүлдене берсін,оның алға қарай қадам басуына  көмек беретін жігерлі жастар көбейе берсін!»

Ақжолтай ұрпақтардың айтқан бұл тілектеріне біз де қосыламыз.

Әсет САҒЫНДЫҚ