12.04.2021, 9:47
Қараулар: 218
Вакцина – вирусты жеңудің жалғыз жолы

Вакцина – вирусты жеңудің жалғыз жолы

Міне, елімізде коронавирусты жұқтырған алғашқы науқастың тіркелгеніне 1 жыл болды. Содан бері жүз мыңдаған отандасымыз жер бетін шырмаған індеттің шеңгеліне ілігіп, өкінішке қарай тәжтажал кейбіреулерінің өмірін жалмап та кетіп жатыр. Ғылым мен техника дамыған бүгінгі заманда адамзаттың тосыннан тап берген кеселге қарсы төтеп берер қорған іздейтіні де анық. Сол қорған не деп сұрайтын болсақ, оның жауабы тек біреу ғана – ВАКЦИНА. Қазіргі таңда елімізде ресейлік «Спутник – V» вакцинасымен індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер, құқық қорғау органдары, педагогика мамандары егілуде. Жуық арада қазақстандық вакцина да вирусқа қарсы майданға қосылмақ. Осы турасында көпті мазалап жүрген сауалдардың түйінін тарқатып көрсек.

«Спутник V» вакцинасының  350 дозасы жеткізілді

Аудандық аурухана мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда екпе алғандардың барлығының жағдайы бірқалыпты, саулығына айтарлықтай шағым жоқ. Яғни, апта сәрсенбісіне 275 адам вакцинаның алғашқы дозасын алса, 50 адамға екінші доза егілді.

Коронавирусқа қарсы шығарылған барлық вакциналар секілді ресейлік екпе де екі фазалық. Яғни, алғашқы екпе жасалған соң 21 күннен кейін  екпенің екінші дозасы  салынады. Ғалымдардың айтуынша, медицинада осындай әдістің енгізілгеніне біраз уақыт болған.

Адамның иммунитеті алғаш рет вакцинамен танысқан кезде, ағзадағы қорғаныс жасушаларының екі түрі белсенділік танытады екен. Жасушалар антиденелерді құра бастаған осы кезеңде екінші дозаны алудың маңызы зор. Себебі онсыз бар-жоғы бірнеше аптадан соң жаңа түзілген антиденелер азайып, ағзаны қорғау қабілетінен айырыла бастайды. Яғни, екінші доза иммундық қорғаныстың екінші бөлігін іске қосып, ағзада ұзақмерзімді иммундық жады қалыптасады.

Өкінішке қарай, бірде бір вакцина қауіпті біршама азайтқанымен, сіздің ауруды аяқ астынан жұқтырмайтындығыңызға 100 пайыз кепілдік бермейді. Дегенмен вакцинациядан өткен науқас вирусты жұқтырса да, ауру жеңіл түрде, көбінесе симптомсыз өтеді.

Осы аптада аудан орталығындағы «Бөбек» балабақшасының ұжымы түгелге дерлік коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы екпесін алды. Балалармен жұмыс істейтін қызметкерлер  осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырып, сәбилердің індетке шалдықпауын қамдады.

«Біздің мақсатымыз – өзіміздің және балалардың саулығы. Мына вирустың жедел және жаппай тарайтыны алаңдатпай қоймайды. Егер арамызда бір қызметкер ауыра қалса, балаларға, өзге әріптестерімізге жұғу қаупі жоғары. Балаға маска тақ, санитарлық талаптарды сақтан деп айта алмайсың. Сондықтан өзім бастап, әріптестерім қостап, түгел вакцина алатын боп шештік», — дейді балабақша меңгерушісі Гүлжанат Қажғалиева.

Бұл ұжымда 40 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде жүкті, денсаулығына байланысты дәрігер рұқсат етпегендерінен басқасының бәрі, яғни 32 қызметкер аталмыш вакцинаны алды. Енді балдырғандарын балабақшаға әкелетін ата-аналар да уайымдамайтын болды.

 

QazCovid-in – қауіпсіз, әрі қуатты вакцина

QazCovid-in қазақстандық вакцинасын әзірлеу технологиясының тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Өйткені вакцинаның барлық компоненті сенімді, яғни басқа вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылып, жақсы нәтиже көрсеткен.

Инактивтендірілген вакцина платформасы көпшілікке танымал және қауіпсіз болып табылады. Азаматтардың көбі бұл вакцина құрамындағы барлық компонентті бұрын-соңды басқа да вакциналар арқылы алған. Пайдаланылған жалғыз жаңа компонент — олинактивтендірілген вирус.

Инактивтендірілген вакцинаны дайындау барысында қолданылып жатқан компоненттер жылдар бойы өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Сондықтан ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazCovid-in вакцинасын әзірлеу үшін вакцинаның белсенділігі жойылған түрін таңдады.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын сақтау үшін арнайы жағдай талап етілмейді. Вакцинаны тоңазытқышта +2 градустан +8 °С-қа дейінгі температурада сақтауға және тасымалдауға болады.

Вакцинаны өндіру мен сақтау үрдістерінің қарапайымдылығы қолданыстағы логистикалық жүйені пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан сияқты кең-байтақ аумақты қамтыған мемлекеттер үшін вакцинаны барлық өңірге жеткізуде өте қолайлы. Сондай-ақ QazCovid-in вакцинасымен қуаттылығы жоғары мұздатқыш камералары жоқ шалғай елді-мекендерде жұмыс істеуге болады.

60 жылдан астам тарихы бар ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты мамандарының биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология саласында мол тәжірибесі бар. Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді.

Соңғы 10 жылда институт аса қауіпті инфекциялар бойынша отандық вакциналарды дайындау технологиясын жасады.

Ораза уақытында вакцина салдыруға бола ма?

Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген (1 том, 266-бет).

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (Алла оларды рақым етсін) бұл жайында: «Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені (ораза бұзылу үшін оған қолданылатын) дәрі ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Ал ішке баратын жолдың тығыздығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан жара арқылы дәрінің ішке жетуі екіталай», – деп тұжырым жасайды («Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу», 1/392).

Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Олар: «Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», – деп айтады. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Ғалымдардың көбі «Тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276-бет).

Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.

 Материалды дайындаған Аида АСЫЛБЕК