12.04.2021, 10:01
Қараулар: 137
КЕТПЕШІ, КҮЛӘНДА!

КЕТПЕШІ, КҮЛӘНДА!

Ақжайықтың болашағынан көп үміт күттіретін ұлдарының бірі – Біржан Кухаев. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасының мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әдебиет өнеріне таласы бар екені байқалды. Аудандағы іргелі қара шаңырақ – белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиевтің «Муза» шығармашыл оқырмандар отауынан түлеген жас дарын аудандағы мемлекеттік жастар саясаты саласында біраз жыл абыройлы қызмет атқарды. Облыстық Қадыр және Жұбан оқуларында  бас жүлде иеленіп, бірнеше мәрте аудандық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы да атанды.

Елдің сенімін арқалап, аудандық мәслихаттың V және VI шақырылымдарының депутаты ретінде жерлестерінің ауыл-елді көркейтудегі тілек-ниеттерінің орындалуына ықпал етті.

Бүгінгі таңда Біржан Амангелдіұлы «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Бозбала кезінен көркемсөз оқу шеберлігімен талайды тамсандырған Біржан сол күндердің өзінде өлең шығаратын. Бүгінде көлемді туындыларға да қалам сермеп жүрген жас таланттың драматургия жанрында жазылған тырнақалды туындысын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Қабыл алғайсыз.

 

Қатысушылар:

Базарбай Қонысбайұлы – мектеп директоры, 45 жаста

Мәншүк Мырзашқызы — директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 45-50 жаста

Сапар Сәкенұлы — директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 40-45 жаста

Күләнда — көп балалы ана, 42 жаста

Смағұл – Күләнданың жолдасы, 45 жаста

Алпамыс – олардың бес жасар баласы

Сәкен – Алпамыспен жасты көрші бала

ауыл тұрғындары, оқушылар

 

Шымылдық ашылады.

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Еңбекші елдімекені. Тоғызжылдық мектеп. «Соңғы қоңырау» салтанаты. Ата-аналар, оқушылар сап түзеген. Оқушылар шымылдық ашыла бастағаннан «Ұстазым» әнін хормен орындап тұрады. Ара-тұра ата-аналар да ауыз жыбырлатып, қосыла шырқағандай болады.

(ән аяқталып, жиналғандар қошемет танытады)

Жүргізуші: Сөз Еңбекші негізгі білім беретін мектебінің директоры Қоғабаев Базарбай Қонысбайұлына беріледі.

Базарбай Қонысбайұлы: Аса құрметті ауылдастар! Ата-аналар, әріптестер және шәкірттер! Баршаңызды бүгінгі «Соңғы қоңырау» салтанатымен құттықтауға рұқсат етіңіздер! (әр жерден шапалақ дауысы үзіліп естіледі) Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, тоғызыншы сыныптың тоғыз оқушысы алтын ұя мектебімен қош айтысып, өмірдің жаңа белесін бағындыру үшін бұл білім ордасынан, осы ауылдан ұзағалы тұр. Бұл класс мектептегі оқушы саны жағынан да, сапасы жағынан да алдыңғы қатарда болатын. Жоғары сынып оқушылары ретінде іні-қарындастарына үлгі бола білді. Енді, осы жолдан таймай, алдағы уақытта да оқуда озат болыңдар! Мына біздің, ұстаздардың, анау ата-аналарыңның абыройын асырып, мерейін үстем етіңдер! Сендерге ақ жол тілеймін! (қатысушылар қол шапалақтап, ықылас танытады)

Жүргізуші:Түлектер тұрған есті шын,

Мәлім бізге мың қыры.

Еңбекшіде естілсін,

Соңғы қоңырау сыңғыры!

Бір жоғарғы және бір төменгі сынып оқушысы екеулеп айнала қоңырауды күмбірлетеді, қоңырау үні әуенмен астасып, жиналғандар қошеметін танытып тұрады. Сахна біртіндеп қараңғыланады.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Сахна ашылады, директордың кабинеті. Үстел үстінде телефоннан басқа анау керім ештеңе жоқ. Директор төрде, қасында оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі қос орынбасары отыр. Үшеуі де әлденені уайымдап, көңілсіз отыр. Үнсіздікті оқу ісі жөніндегі орынбасар Мәншүк Мырзашқызы бұзды.

 

Мәншүк Мырзашқызы: …Мүмкін, округ орталығынан сұрап көрерміз…

Сапар Сәкенұлы: Олар өздеріне шақ жеткізіп отыр. Жайықтың суындай болып жылдан жылға олардың да тынысы тарылып бара жатқан жоқ па? Оның үстіне, біздің тоғыз баланың біреуі де оларға құжат тапсырған жоқ.

Мәншүк Мырзашқызы: Солайын солай ғой енді…

Базарбай Қонысбайұлы орнынан қинала түрегелді. Ойлы көзбен терезеден тысқа қарап, артынша орнына қайта отырды.

Базарбай Қонысбайұлы: Әріптестер, басынан бастайықшы. Біздер өткен оқу жылын тура 41 баламен бітірдік. Түлектер саны тоғыз, сонда 32 оқушы қалды.

Мәншүк Мырзашқызы: Биыл бірінші класқа баратын бес оқушымыз бар.

Базарбай Қонысбайұлы: Сонда 37 болып тұрмыз ғой, иә?

Сапар Сәкенұлы: Қырық бір болмаса, құрыдық. Төрт бала табылмаса, төртжылдық болып қаламыз деген сөз…

Базарбай Қонысбайұлы: Әй, оны біліп отырмыз ғой. Онсыз да аудандық білім бөлімі оныншы тамызға дейін уақыт берді.

Сапар Сәкенұлы: Сол соңғы қоңырау ең соңғы қоңырау болды ғой…

Базарбай Қонысбайұлы: Сапар Сәкенұлы, ызыңдап отыратын уақыт емес. Қайтсек те, бір амалын табуымыз керек.

Сапар Сәкенұлы: Ызыңдағаны несі… Біле білсеңіз, Базарбай Қонысбайұлы, мен сіздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарыңыз ретінде оқушылардың тәрбиесіне ғана жауап берем. Шүкір, мектебіміздің жаман аты шығып жатқан жоқ. Бас жарылып, көзі шығып жатқан ешкім жоқ. Бәрі үлгілі, тәрбиелі. Ал, бала іздеу – менің міндетім де емес, бүгіннен бастап мен оған бас қатырмаймын.

Мәншүк Мырзашқызы: Сапар, сонда бұл менің міндетім бе?

Сапар Сәкенұлы: Былай ғой, Мәншүк Мырзашқызы…

Базарбай Қонысбайұлы: Доғарыңыз! Сапар Сәкенұлы, есіңде болса, біз былтыр да осындай жағдайды бастан өткердік. Сол кезде бір емес, қос баланы жетімдер үйінен алып келген, оларға аналық жылуын сыйлап, ауыл мектебін аман алып қалған Мәншүк Мырзашқызы қандай құрметке де лайықты.

Сапар Сәкенұлы: Мен де екі баланы осы мектепке беріп отырмын. Менің де әйелім оларға аналық жылуын сыйлап отыр.

Базарбай Қонысбайұлы: (сәл жымиып) Әй, ол өз балаларың емес пе, оқытпай қайда барасың?

Сапар Сәкенұлы: (күмілжіп) Біреулер сияқты баламды далада тойыст қалада оқытып жатқан жоқпын әйтеуір…

Базарбай Қонысбайұлы: Онымен не демексің? Біріншіден, Мәншүк Мырзашқызына тастанды балалардың тағдырына немқұрайлы қарамай, жәудіркөздерді жылатпағаны үшін алғыс айтуымыз керек. Екіншіден, білім ордасының бастауыш мектепке айналып, ұстаздар мен осы жерден нәпақа тауып отырған ауылдастарды жұмыссыз қалдырмаудың қамын ойлаған әріптесіміздің бұл қадамынан бірінші кезекте мектепке деген махаббатты емес, ауылға деген адалдықты аңғаруымыз қажет. Өйткені, ауыл-елдімекенннің мектеп болмаса мәні кетеді, сосын азып-тозып сәні кетеді.

Сапар Сәкенұлы: Базарбай Қонысбайұлы, мектептің қажет екенін сезіну үшін мидың да қажеті жоқ қой. Бірақ, жоқ баланы қайдан табамыз? Әрине, бұл жағдай менің де жаныма батады. Қалай десек те, осы ауылға көшіп келгеніме бақандай бес жыл болды ғой! (бес саусағын жоғары көтеріп, ерекше екпінмен айтты) Бірақ… бірақ, болар іс болды. Меніңше, қазір бала іздеп бас қатырғанша, жедел жиналыс жасап, ауданға хабар жіберіп, шындығымызды айтуымыз керек. Біз созылып жүргенде ата-аналар балаларын оқуға орналастырып үлгермей, обалына қалармыз…

Базарбай Қонысбайұлы: Иә, дұрыс айтасың, саған бар болғаны бес жыл, Сәке! Ал, мен… мен болсам көзімді ашқалы бері көргенім осы Еңбекшінің тұмса табиғаты, ажарлы адамдары. Төрт түлігі тұрмақ, ит-мысығына дейін ыстық мен үшін. Қырық бес жыл бойы осы ауылдың ауасын жұтып, табанымды топырағы тіреп келеді. Мектеп жабылса, алтын тұғырымның келешегін елестету маған қаншалықты ауыр екенін түсінемісің?

Мәншүк Мырзашқызы: (ол да күрсініп) иә, осы туған жерімізден біз де тамыр үзгіміз келмейді. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой. Әлі де ауылымның өсіп-өркендейтініне сенгім келеді. Ақпарат құралдарынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атымтай жомарттар өскен өлкелерін гүлдендіріп жатқанын көргенде қызығып қарайтыным рас. Кейде ауыл түлектерін түгендеп, кім қайда жүргенін, Еңбекшіге кім қандай қолдау көрсететінін өзімше шамалап қоям. Өткенде, он жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің атынан Ақжүрек баламыз хабарласты. Кластастар жиналып, ауылға бір тарту жасағысы келеді екен, кеңес сұрады. Мен, әбден тозығы жетіп, сүрілген Мәдениет үйінің орнында шағындау болса да клуб салынса деген тілегімді айтып қалдым.

Сапар Сәкенұлы: Мәншүк Мырзашқызы, сіз де қызықсыз… Мектеп болмаса, ол клубтың кімге керегі бар? Есіл ақша… Әй, қазір ел басқарып отырған атқамінерлер де сондай саясат ұстанып, сүрінді. Ауыздары күйген көрінеді. Бір ауылда үш қабатты мектеп салыпты, ішінде баласы жоқ. Енді бір ауылда оқушылар үш ауысыммен оқиды. Өткенде жиналыста Елбасының өзі осы олқылықты айтып, кейбір аймақ басшыларына қаһарын төгіп, салғырттық танытқандарды сөгіп салды емес пе? Так што, бас-көзсіз құрылыс жоқ қазір. Болашағы бұлыңғыр ауылдың адамдарына өшуден тойыст көшуден басқа амал қалған жоқ… Сондықтан

Базарбай Қонысбайұлы: (сөзді бөліп жіберді) Сапар! Салмақтап сөйлесеңші! Қара аспанды төндірме! Бұлыңғырың не? Рас, колхоз кезінде Еңбекші атына заты сай ажарлы да базарлы ауыл болды. Он бір жылдық мектепте балалар улап-шулап, ал, тұрғындар еселі еңбекке жұмылған еді. Көктемде арықтар суға толып, ауылдастар аулаларында көкөністің түр-түрін отырғызатын. Ауылды әтештің алдын орап, алагеуімде шөп шабуға аттанған тракторлардың гүрілі оятатын. Шаруа шалқыған шақта жұрт көңілі де жадыраңқы, келер күнге сеніммен қарайтын. Біздің ауылда білдей балық цехы болғанын білетін бе едің? Қызыл балықтың ордасы да осы жер болатын. Өзің айтқан «тынысы тарылып» бара жатқан ағынды Жайық талай ауылдың тамырына қан жүгірткен еді…

Армысың, сұлу Жайығым

Ардақты қоныс мекенім.

Керек емес қайығың

Аймалап жүзіп өтемін.

Сапар Сәкенұлы: Жайық, қайық…, қайық, Жайық… Дұрыс айтасыз, бұлай жалғаса берсе, Жайықты қайықсыз кешетін күн де алыс емес. Бекіре жеп кекіріп, көксеркенің сорпасына тойған бұрынғылар бақытты екен… Қазір, қызыл балық тұрмақ, кептіретін қылышбалық қырылды, тұрпан мен табан да тапшы. Жайықта бітті балық!

Базарбай Қонысбайұлы: Бәлду-бәлду бәрі өтірік деген осы. Бірақ, өзімізден де бар. Бұл жердің байырғы тұрғындары табиғатпен үндестік тауып отырған. Олар жануарлар әлемін қырып-жоюды көздеген жоқ. Балықтарды да баппен аулайтын, бүгінгідей беталды құла емес. Көктемде Жайыққа жолаған жоқ. Ол кезде судағы тіршілік иелерінің уылдырығын шашып, көбеюіне мүмкіндік беретін.

Сапар Сәкенұлы: Оныңыз рас енді. Ал, қазір керісінше, қызықтың көкесі көктемде! Жаймаға шыққан сазанды айырмен шаншып, уылдырығынан котлет жасаймыз хе-хе-хе. Майлы жайынды токпен ұрып аламыз. Құдай куә, осы Жайықтағы балықтар судағы ау мен қармақтан көз ашпайтын шығар, қай бағытқа жүзсе де Қорқыттың көрі!

Базарбай Қонысбайұлы: Біреуін айтып, екіншісіне кеттік қой. Жаңа Мәншүк Мырзашқызы ауылдың амандығын ойлап, түлектерді түгендеп жүрсе, мен де қол қусырып қарап отырмай сәбилерді санап шықтым. Сөйтсем, соңғы сегіз жылда бала туу көрсеткіші артып отыр. Ал, бала – болашақ! Демек, келешегіміз күңгірт емес. Менің есептеуім бойынша, осы оқу жылына бала жеткізсек, Алла амандығын берсе, келесі жылы оқушы саны елуден асып жығылады. Сондықтан, осы өтпелі кезеңнен көптеп-көлемдеп өтуіміз керек. Солай ма, Мәншүк Мырзашқызы?

Мәншүк Мырзашқызы: Жөн сөз, Базарбай Қонысбайұлы! Егемендіктің елең-алаңында есеңгіреп қалғанымен, есін жиып, аяғынан тік тұрған ауылдар аз емес қой. Әлі-ақ ауылымыз гүлденеді.

Базарбай Қонысбайұлы: Сапар Сәкенұлы, сіз не дейсіз? Бізбен бір кемедесің бе?

Сапар Сәкенұлы: Әрине, басеке! Артық айтсам, айып етпеңіз. Жүйкем жұқарған болар. Сіздерге қос қолымды көтеріп қосылам. Бүгіннен бастап бала іздеумен айналысам.

Базарбай Қонысбайұлы: Ендеше, іске сәт! Ауылымыздың кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып жарнамалап жүрейік! Бәлкім, көшіп келетіндер табылып қалар…

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

LED-экранда шағын ауылдың қаз-қатар тізілген үйлері көрсетіледі. Ескі ауыл екені сарғайған шатырларынан (шифер) анық аңғарылады. Қабырғалары қисайып, адам тұрмағасын азып кеткен үйлерді де кездестіруге болады. Ал, үйдің қас беті профлистпен қоршалған бірен-саран баспана алыстан көз тартады. Экраннан жұпыны үй жеке дара көрсетіледі. Ал, сахна сол үйдің ішіне айналады. Бұл көпбалалы отбасы Смағұл мен Күләнданың үйі еді. Отағасы деген аты болмаса, сөз арасында Смағұлдан гөрі Күләнда көбірек аталатын. Әке-шешеден ерте айырылған ол жастайынан өмір азабын көп тартып, қиындықты қасқайып қарсы алатындай шыңдалған еді. Өзімен тағдырлас жанмен бас қосқан Күләнда қырық екі жасында жеті құрсақ көтерді. Екеуінде де тұрақты жұмысы жоқ, азын-аулақ жәрдемақы мен «есектің артын жусаң да, мал тап» деген қағиданы ұстанып, қолдан келетін жұмысты жатырқамай, күнделікті тиын-тебен тауып отырады. Тек, не түлен түрткені белгісіз, соңғы кезде Смағұлдың «ақ сусынға» деген құмарлығы оянып, жиырма жыл қойып кеткен әдетіне қайта басты. Үстел басындағы екеудің әңгімесі әдеттегідей осы тақырыптан басталды. Күләнда қайғырып, Смағұл «басы ауырып» отыр.

Күләнда: Смағұл, саған не болған? Кешегі әрекетіңді тұтас ауыл жыр қылып айтып жүр ғой. Арақ қай атаңның асы еді?

Смағұл:(күмілжіп) аздап ұрттадым ғой…

Күләнда: Аздап деп қояды… Әй, есі-ақылы дұрыс азамат емессің бе?! Дені сау адам далада бағып жүрген қойды тастап, көше кезіп кете ме?

Смағұл: кәлдіге қамадым негізі…

Күләнда: Соқ өтірікті! Кәлді қайда, қой қайда? Темірхан ағамыз келіп, «келесіде қой кезек келгенде жолдасыңа жоламаспын, қойы бір жақта, өзі бір жақта жүр. Осыдан кеште қой түгел болмаса, оңдырмаймын», дегенде, далаға құстай ұштым. Қой саған күйіс қайырып, жата беретін сиыр деп пе едің… Басқа бағымның қойларымен қосылып кетіпті. Ол жақтың шопаны Шәймерден ата екен, «жеті атаңды» түгендеп шықты. Кеште біздің көшенің тұрғындары айдаладағы кәлдіден бөліп алды қойларын, сенің арқаңда…Абырой болғанда, түгел келді. Жапан далада ит-құс шапса, не істер едің? Өзіміз өлместің күнін кешіп отырғанда, балалардың ауызынан жырып, өтемақы төлейтін жайымыз жоқ.

Смағұл: Қасқыр жоқ қазір, күзде шықпаса…

Күләнда: Ойбу, мен не деймін, домбырам не дейді?! Сен сылтаубектің сөзін айта бергенше, салғырттығыңнан сабақ алсаң қайтеді… Ішімдікке әуестенгеніңді ауылдағылар түгел біліп алған. Өз пайдасын ойлағандар жасаған жұмысыңды «жүз граммен» өлшеп жүр. Балаларды ойласаңшы.

Смағұл: Болды, енді ішпеймін, бідеңе ету керек.

Күләнда: Бірінші рет айтып отырған жоқсың. Соңғысы да емес шығар… Базарбай құрдасыңмен сөйлесіп, мектепке кіріп алсаңшы. Жазда ауылдың сиырын бақ, қыста оператор бол мектепте.

Смағұл: Өй, Күләнда, сен де айтасың? Сиырды қайда бағам? Қазақтың даласы кең деп, кеуде кергенде керімбіз. Ауыл маңында мал жаятын жер жоқ. Бәрін сатып алған. Былай барсаң, Еркіннің егініне түсесің, былай барсаң, Шарапаттың шаруа қожалығы. Ал, ана бақшашы кәрістер көшіп-қонып, түрлі тыңайтқыштармен жерді құртып бітті. Топырықтың тынысы тарылып, шөптің шығымы шамаланып кетті. Анда түспесін, мында түспесін деп тілім салақтап жүргенде, зорығып өлем ғой.

Күләнда: Әйтеуір, бар нәрсенің жаман жағын көре қалады екенсің…

Смағұл: Енді ше… Мал бағудың машақаты аз емес. Малға малдай адам керек. Оның үстіне біздің ауылдың адамдары да қызық. Мал басына беретін ақшаларын сағыздай созып төлейді, кейбірі қымбат деп шығады. Түсініп болмайсың!

Күләнда: Мектепке оператор бол деп отырған мен жарым. Қойды тастағандай, газды қосып кетіп, мектепті жарып жіберерсің…

Смағұл: (еріксіз жымиып қойды) Әй, ол да ойыншық емес! Корошкаң болу керек, онсыз газға жолатпайды.

Күләнда: Сенің корошкаң – балаларың! Бір емес, екі емес, төрт баланы оқытып отырсың. Оператор болмаса, басқа жұмысқа алсын. Әйтеуір мектептен бір ыңғайын шығаруы керек. Біз ауылдан кетсек, ол мектеп те жабылады. Ұстап отырғанымызға рақмет айтсын!

Смағұл: Әй, кемпір! Сен мені ештеңе ойламайды де ойлама! Мен қой бағып жүріп те, ой бағып жүрем ғой. Кеше қойды тастап кеткенімнің бір құпиясы бар. Анау арғы көшедегі Аманғалиды білесің ғой..

Күләнда: (немқұрайлы) Білмегенде ше, кешегі рюмкелесің емес пе?

Смағұл: Әй, тыңдасаңшы! Ол байып кетудің жолын біледі екен. Басында қипалақтап отырғанымен, жүз грамнан кейін жоспарын жасырмай жайып салды. Қазір екеуміз серіктес болдық. Үш-төрт күнде тауарды әкелуіміз керек. Ол қол қусырып қарап отырмай, тауарды қайдан табуға болатынын да жан-жақты ойластырып қойған.

Күләнда: Түк түсінсем, бұйырмасын! Ол не тауар? Тағы не бүлдіріп жүрсің?

Смағұл: Сабыр, Күләнда, сабыр! Көп кешікпей, біз ауылдан да көшіп, қаланың қақ ортасынан үй аламыз.

Күләнда: Сандырақтама, Смағұл!

Смағұл: Келші, жөндеп түсіндірейін… (Күләнда Смағұлдың не сыр ашқалы тұрғанын білмекке құнығып, жолдасына жақындай берді)

жалғасы бар