12.04.2021, 10:03
Қараулар: 66
Алаңғасарланба, айналайын!

Алаңғасарланба, айналайын!

«Бізді қойшы, жастарды айт, олар жақсы болса екен, кешер ғұмырында бәлекет, әлепетті көрмесе екен»,- деп тілеп отыратын жұртпыз. Сондықтан өмірге көзқарасы байыпты, мына ақпараттық революция дәуіріне ойлы көзбен қарайтын өрендерді көрген сайын сүйінесің. Ал бір нәрсенің байыбын барламайтын, еңбексүйгіш тұстастарына қарағанда кейін қалып, ұйқысырап жүргендерін көргенде, күйінесің.

Бүгінде небір кесір әлеуметтік желілерден туындап жатқаны жайында дүркін-дүркін айтылуда. Сөзсіз солай. Көше жолдарын атасынан қалғандай көріп, маңайына қатер төндіріп, жеңіл көліктердің жарысын ұйымдастыру, зулап келе жатқан мәшиненің ана терезесінен шығып, мына терезесінен кіру нағыз «жұмысы жоқтан, тамағы тоқтан, көйлегі көктен», басқа не істерін білмеуден ғой. Осындай көптеген оясыздық Қазақстанға әнеу бір елдердегі еркетотайлардан, байлықтан тасығандардан жұқты десем, шындықтан алыс кетпеспін. Сондайды бір тосын жаңалық, сән көрген ұл-қыздарымыз қалай тез қағып алады дейсің?! Жамандық ашқарақтанған вирустай жұққыш қой. Еліміздің кейбір жерінде поезд вагондарының төбесіне шығып алушы «трюкшілердің» шығуы да, тасып бара жатқан күшін саябақтарды бүлдіруге жұмсап, ерекше бір «рахаттанатын» есерсоқтардың кездесіп қалуы да сондықтан ғой.

Соның бәрі сайып келгенде, еріккендіктен, осыдан келіп, психикалық бұзылудан, эмоционалдық ақаудан емес пе?!

Айналайын, ұл-қыздар, араларыңдағы «бәрекелді!» дегізер іс тындырып, ата-әже, әке-шешенің, өздеріңе барлық жанашырдың уағызын құлаққа құйғандарыңа сүйсінеміз, қуанамыз, қанаттанамыз. Ал ақай жоқ, тоқай жоқ, еш нәрсемен есептеспей, адамдықты масқара ететін қылыққа барушыларды көрсек, өкінеміз, жерге қараймыз, күрсінеміз.

Айналайындар, албырт шақта абайлаңдар, дүниедегі әлдебір азғырушыларға арандап қалмаңдаршы. «Мектептегі оқу бар, тағы оқығаны бар, сол білімінен не қайыр?» деп айтқызбауға ұмтылып бағыңдаршы.

Әлгі әлеужелілердегі өтірік-өсекке айдап салушыларды, өліммен ойын – суицидтік ойынды таратып, сырттан күліп отыратындарды тыңдай көрме. Яғни, өзіңді өзің төмендетпе.

Жап-жас болып жұртты алдап, алаяқтыққа барып, түрмеге қамалып жатқан жігіттерге, қыздарға қарап, етек жиып, ес түгенде. Өміріңді қор ете көрме.

Өзіне, үй ішіне, қоғамға пайда келтіріп жүрген, тіпті бір емес, екі кәсіпті дөңгелеткен, білімге құштар, өмір бойы оқып өтуді мақсат еткен құрдастарыңа қара.

Әнеу бір елдерде бізді рухани жабайыландыруға тырысып баққандар барын біл, ұмытпа. Жақсы мен жаманды айыра білмеудің торына өз еркіңмен барып түсе көрме. Қараулардың қол жаулығына айналма.

Айналайындар, сендер ұлттың ұятысыңдар. Аға ұрпақ сендерге жақсы мен жаманды айыра біледі деп сенеді, үміттенеді. Сауаттыларға, ойлыларға, имандыларға, көкірек көзі көргіштерге жақын жүріңдерші.

Сендер аға ұрпақтың дүние тіршілігіндегі зейнетісіңдер. Ендеше, алыстан ойлаңдар. Мынау алып даланың, аяулы ауыл-елдің ертеңгі тағдыры сендердің қолдарыңда.

Біле-білгенге қатал, сынағы зор өмір тек адамдыққа, білек түре еңбек еткенге, оқып-тоқығанға, обал-сауапты ұғынғанға қабағын жібітеді, жақтасады, қарайласады.

Есбек КҮНТУҒАН,

еңбек ардагері.