12.04.2021, 10:04
Қараулар: 127
Алма жегіңіз келе ме, ағаш отырғызыңыз

Алма жегіңіз келе ме, ағаш отырғызыңыз

Алма көшеттерін отырғызу, оны баптау тұрғылықты жердің климаттық ерекшеліктеріне байланысты. Тәжірибелі бағбандар алма көшетін отырғызуға күз мезгілі қолайлы екенін айтады. Біздің жерге қолайлы уақыт – қазан айы. Себебі, көшет тамырларының тез күш алуына жақсы өнім беруіне ықпалын тигізеді. Көктемде де көшетті отырғызуға болады. Сәуір айының соңы мен мамыр айының басы – нағыз қолайлы уақыт.

Алма ағашын егуде таңдалған орны мен топырағының құнарлығы маңызды. Жергілікті жағдайда бақ өсіру үшін ең жақсысы – сортаңданбаған, қара-қызыл қоңыр, саздақ және құмдық топырақтар, өзен бойларының шөгін топырақтары. Жеміс дақылдарын өсіруге ауыр саздақ топырақтар, сортаңдар, 10 күннен астам судың астында қалған танаптар жарамайды.

Не істеу керек? Алма көшеті егілетін жерде, бұрын жеміс ағаштары егілмеген болуы шарт. Қазылған шұңқыр неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы. Шұңқырдың тереңдігі 50-70 сантиметрге, диаметрі бір метрден кем болауы керек. Шұңқырдың астыңғы бөлігіне 20-30 см. көлемінде қара топырақ төсейсіз немесе түбіне бір уыстай селитра тыңайтқыш себесіз. Ағаштың күлі, шымтезек, жылқы мен сиырдың кепкен тезегін араластырып саласыз.

Шұңқырдың бетін жапқан кезде топырақтың бетіндегі шөптерін жерге қарата көму керек, себебі шөптер, оның арасындағы құрттар, микроорганизмдер топырақта қарашіріктің түзелуіне жақсы әсер етеді.

Көшеттің жасы біржылдық, екіжылдық болғаны абзал, арнайы мамандандырылған жеміс ағаштары тұқымбағынан (питомник) таңдау керек. Мысалы, оңтүстіктен келген көшеттер біздің климатта тек 2-3 жыл ғана жеміс береді. Біздің өңірімізге ең қолайлы алманың сұрыбы – «колонналық» түрі. Арасын 1 метрден сақтай отырып, бірнеше көшетін отырғызуға болады, бұтақтарын айналаға жаймайды, тіп-тік болып өседі. Әр ағаш кем дегенде 70-80 келіге дейін жеміс береді.

Алма ағашын дәнінен де шығаруға болады, бірақ оны қанша баптасаң да «жабайы» болып өседі. Алма көшетін отырғызбастан бұрын 24 сағат тамырын суда ұстаған жөн. Алма көшетінің қай жағында бұтағы көп, сол жағын оңтүстікке қаратып егу керек. Егер бұтақтары жоқ болса, тамырларына қарап айырасыз. Көшеттің тамырын шұңқырға көмерде топырақ сепкен сайын төменнен жоғарыға қарай жәймен көтересіз. Сонда көшет жерге берік орналасады. Ал алманың телінген тұсы жердің бетіне 5-8 см. шығып тұруы керек. Көміліп қалса, тұншығады.

Міндетті түрде жанына қазық қағылып, көшет байлану керек, әйтпесе жас шыбықтың сынып кетуі мүмкін. Әбден суық түскенше аптасына 1-2 реттен қанғанша суарған жөн. Көшет егілгеннен екі жылдан кейін ерте көктемде оның артық, жарақаттанған бұтақтарын кесіп тастау керек. Бұл жеміс ағашының өнімділігін арттыра түседі. 3-4 шелектен аптасына 4 реттен суарған жөн.

Зиянкестерден және аурулардан алма ағашы көп зардап шегеді. Бұл зиянкестермен, аурулармен күресудің бірнеше тәсілі бар: химиялық, агротехникалық, биологиялық және механикалық.

Алманың барлық сұрпы ұзақ сақтауға келмейді. Жазда піскен алманы сақтай алмайсыз, күзгі алманы жаңа жылға дейін сақтауға болады. қысқа алма пайдалы қасиеттерін көктемге дейін сақтайды. Алма сақтауға ең қолайлы жер – ауасы жаңарып тұратын жерқойма. Алма сақталған жәшіктерді сөрелерге қою керек, жанында картоп, орамжапырақ, пияз жәшіктері болмасын. Себебі мұндай жағдайда оның хош иісіне кері әсер етіп, алма тез шіриді. Жер қойманың іші ылғал болмауы керек, ауа температурасы  0 мен 7 градус аралығында, ал ауаның салыстырмалы ылғалдылығы – 70-80 пайыз болуына қадағалау керек.

Тұрсынғали БАЛАПАНОВ,

ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі мүшесі