12.04.2021, 10:08
Қараулар: 71
Бруцеллез басынбасын десек

Бруцеллез басынбасын десек

Еліміздің мал шаруашылығында, оның ішінде біздің өңірде ірі қара және қой бруцеллезі жөнінен індеттік ахуал әлі күнге күрделі жағдайда қалып отыр. Аурудың қауіпті тұсы – оның адамға да жұғатыны.

Былтыр ауданда тұрғындар арасында бруцеллез нақтыланған 24 оқиға тіркелсе, олардың төртеуі — 14 жасқа дейінгі  балалар, тағы төртеуі — жасөспірімдер. Ауылдық округтер бойынша атап өтер болсақ, Тайпақта 8, Қабылда 4,  Чапаевта 3, Бударинде 2, Алмалыда 2, Шабдаржап, Жанама, Атамекен, Тінәлі,  Ақжол елді мекендерінде бір оқиғадан   тіркеліп  отыр.

Бұл деректердің басым көпшілігі көктем, жаз айларында тіркелген, мал осы уақытта төлдеп, малды күткен ересек пен оның төлдерімен ойнаған балалар ауруды жұқтырып алыпты.

Індетті қоздырушы микроорганизм жылы сумен қолды сабындап, дұрыс жумай, тамақ ішкен, ауруға шалдыққан малдың тұрған жерін тазалап,  артынан жеке бас гигенасын сақтамаған жағдайда адам денесіне ене алады. Ауру мал тұрған қорада індеттің қоздырғышы шаң-тозаңмен бірге араласып, ауаға көтерілгенде, тыныс алу жолдары арқылы ағзаға кіруі ықтимал. Кесел сүт пен ет өнімдері  арқылы да жұғады. Сондықтан  тиісті құжаты болмаса, сүт және ет өнімдерін пайдаланбағаныңыз жөн.

Аурудың алғашқы күндері дене қызуы 39-400 С дейін көтеріліп, бас ауырып, дене қалтырауы мүмкін. Кейін аяқ-қол буындары ауырып, жыныс-зәр жүйесінің қызметі бұзылады. Ауру асқына келе, бедеулікке, мүгедектікке әкеліп соқтырады.

Аурудың көзі – бруцеллез ауруына шалдыққан жануар. Сол себептен мал ұстаған тұрғын шаруашылығындағы малдарын ветеринариялық талаптарға сәйкес алдын ала тексерістен өткізіп, ауруға қарсы еккізуге, егер мал-ың ауруға шалдыққаны расталған жағдайда дер кезінде жоюға міндетті.

Ерлан ҚАНАТБАЕВ,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы