12.04.2021, 10:12
Қараулар: 55
Тараздан – қола жүлдемен

Тараздан – қола жүлдемен

Наурыз айының 28 мен 7-ші сәуір аралығында Жамбыл облысында  ұлттық спорт түрлері көкпар және аударыспақтан Қазақстан чемпионаты өтті. Аталмыш додаға облыстың құрама командасының сапында аудан спортшылары да қатысты. Байрақты бәсекеде Көнекеткен ауылының жас шабандозы  Эльдар Русланов 91 келі салмақта аударыспақтан қола жүлдегер атанды.

– Ең алдымен,  біздерге қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына, аудандағы мәдениет және тілдерді дамыту спорт бөлімі басшылығына алғысымды білдіремін. Қазақша күрес, қол күресімен бала кезімнен айналысамын. Аудандық, облыстық жарыстарда жетістіктер де бар. Мен бергі кезде  аударыспаққа ден қойып, осы спорт түрінен шеберлігімді шыңдауға кірістім. Мені баптап қыр-сырын үйретуде ұстазым, аудандық «Құлагер» ат спорты кешенінің жаттықтырушысы  Жанәділ Ғазизовтің еңбегі зор. Ұстазыммен бірге тыңғылықты дайындық пен төккен тер осындай дәрежеге жеткізді. Алдымен аударыспақтың командалық турынан өттік. Жылдам қимылдап, күш жігерді аямаған білекті  жігіттердің арқасында облыс командасы II орынды қанжығасына байлады. Ал жекелей сында қола жүлде маған бұйырды. Осылай қос бірдей жеңісті еншілеп оралдық – дейді  осыған дейін Э.Русланов.

Жүлде қорын молайтар Эльдардай спортшыларымыз көбейе берсін.

Қайрат АҢСАР