19.04.2021, 9:44
Қараулар: 38
Есенсайлық 50 адам екпе алды

Есенсайлық 50 адам екпе алды

Апта сейсенбісінде аудандық ауруханадан жалпы тәжірибе дәрігері мен медбике Есенсай ауылына аттанды. Осыған дейін осы ауылдан Sputnik-V вакцинасын алуға өтініш түскен болатын. Медицина мамандарының да мақсаты осы – ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін, олардың аудан орталығына келуін күтпей, жергілікті жерде вакцинациялау.

Дәрігер алдымен екпе алуға келгендердің денсаулығын мұқият тексеріп, вакцинациядан кейін де жағдайларын жарты сағат бақылауда ұстады. Бұл сапардың нәтижесінде Есенсай мен Кеңсуат ауылынан барлығы 50 адамға вакцина салынды.

Ауданда вакцинациялау науқаны басталғалы бері 750 адам коронавирусқа қарсы екпені алған. Аудандық аурухананың эпидемиологы Еркебұлан Беляковтың айтуынша, облыс орталығынан жеткізілген вакциналар түгел егілді. Вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыратын вакцинациялаудан алдымен медицина, білім, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне өтсе, бүгінгі таңда өздерінің денсаулығын сақтауға ниет еткен аудан тұрғындары да аталмыш инъекцияны ала алады.

– Тап қазір бізге жеткізілген вакцина түгесілді. Сәуірдің 22-24-іне қарай тағы да мыңға жақын доза жеткізілуі тиіс, – дейді ол, – сол уақытта вакцинациялауға өтініш түсірген Алғабас, Ақжол, Бударин ауылдарына да барамыз.

Айжан АҚЫЛ