19.04.2021, 9:47
Қараулар: 50
Ұлан асу бел жатыр алдымызда…

Ұлан асу бел жатыр алдымызда…

Әлем-жәлем мына әлемде бостандықтың бір жұтым ауасына зар жұрт қаншама. Араларында саны жағынан бізден әлдеқайда асып түсетіні жетіп жатыр. Тәуелсіздігі танылмай жүргендері де бар.

Осыған қарап, қазаққа мың да бір шүкірді мәңгі ұмытпау, қолда барда алтынның қадірін әбден ұғыну қажет-ақ. Ауадай қажет. Егер кеңестік үстемдік әлі бір жиырма жыл ақырып тұрғанда бар ғой, діліміз, дініміз, тіліміз мүлдем жойылып кететіні сөзсіз еді. Бұл туралы айтылып жүрген әңгіме нағыз шындық. Сондай себептермен мынау ғаламшарымыз бетінен құрып кеткен ұлыстар да қаншама.

Талтүсте жерімізге баса-көктеп, өз ұлттық билігімізді жоюды көздеген патшалық Ресей басқыншылығынан бері Алты Алаш небір зымияндықты бастан өткерді. Кеңес кезінде оның қарауындағы басқа елдерге қарағанда қиянат-қорлықтың талай түрін басым көрді. Соның бәрін естен шығарып алмауды айт. Бұл басымыздағы бүгінгі бақты бағалау үшін керек.

Ғасырлар жүзінде қойнауы қазыналы кең даламызға шеттен көзінің сұғын қадағандар аз болды ма?! Шұрайлы жерімізді тартып алып, бекіністер салып, әскерін топтап, ұр да жық жандарын қазаққа айдап салған, езгіге қарсы аттандап шыққан азаматтарымызды, олардың соңынан ергендерді мұздай қарулы дүлей күшпен тұншықтырған патшалық Ресейдің бұл «тәжірибесін» «қызыл империя» қапысыз жалғастырды. «Бұлар да ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдері осылар-ау»,- деп санаған асылдарымызды атты, асты. Сонымен қатар байларымызды, орташаларымызды «тап жауы» деп құртып, жеке меншікті жойып, күштеп ұжымдастыру (колхоздастыру) өз қамымызды өзіміз ойламайтын деңгейге әкелді. Содан келіп отаршылдар күн ілгері ойластырғандай, сұмдық аштық қазақты жайлап, қақырата тіліп өтті.

Бірте-бірте «қызыл билік» халқымызды бірлігінен айыруды, ұлтсыздандыруды өткен ғасырдың 50-ші жылдарында тың игеру желеуімен тіпті өршітті. Бұрын отқарумен болса, енді қан шығармай басып алу үшін тың көтерушілерді Қазақстанға мыңдап әкеліп қоныстандырды. ХІХ ғасырдың орта тұсында өз жерінде 92% болған қазақтың саны 1962 жылы сөйтіп, 28,9 %-ға дейін төмендеген.

Қайсыбірін айтасың де?! Орталықтың әуел баста өз құрамындағы республикалардың дербестігін сақтаймыз  дегені шыли өтірік болып шыққанын да уақыт бізге алақандағыдай көрсетіп берді. Республикалар «әлжуаз шет аймақтар» болып қалды. Осы аймақтарға бірінші басшыларды орталықтың өзінен жіберуі де орыстандыруды одан әрі орнықтырудың мықты амалына айналды.

Еліміздің шикізатын Кеңес үкіметінің құныға қылғытуына, мемлекетсіздендіруіне, үстем ұлт пен үстем топ үшін бүкіл сорақылықтарына, «осылар не біледі дейсің», – деп ашықтан-ашық бізге мұрын шүйіруіне көнгісі келмегендерді қуғындады, оларға ойдан шығарылған жалалар жапты. Одақтас елдердегі халықтың көңілін алдап-арбайтын небір қитұрқы тәсілдер үсті-үстіне шығып жатты. Еңбекшілердің табан ақы, маңдай терімен келген жетістіктерді әлдеқайда дабырайтып көрсету, мұның бәрі Кремльдің дана саясатының сөзсіз жеңісі, жемісі деп ертелі-кеш көлгірсу әбден етек алды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қатысты езулері көпіріп, «балық басынан шіріген» соң төмендегілерге жалған, яғни өсіріп жазылған ақпар беруі 70-80 жылдарда кәдімгі міндетке, айнымас дағдыға айналды. Кемшіліктер, көкейкесті мәселелер көпе-көрінеу жасырылды. Қағазбастылық күн құрғатпай үдеді.

Ойлы азаматтар (қазағы да, орысы да, т.б.) мұның бәрі зардапсыз кетпейтіні жайында оңашада айтып жүрді. Ашық айтқандары да аз болмады.

… Кеңестер Одағын бастапқы қалпын сақтай отырып, заманға лайықты жаңарту жайында сөз басталғанда талайдың үміті үкіленді. Алайда күндер, апталар, айлар өте келе мұның құрғақ қиялшылдық екені айқындала түсті. Кремьдегі «қайта құрғыштардың» сөзуарлығы, құр уәдешілдігі, бодандық бұғауын ешкімнен босатқысы келмейтіні сезіліп тұрды.

Тарихқа бетбұрыс әкелетін оқиғалардың себебі, мәні, қыр-сыры уақыт өте келе ашыла түсетіні мәлім. Өмір мұны бізге көрсетіп келеді.

Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы М.Горбачевтің (кейін – КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті) «ыстықтай қапса» да, демократияны, жариялылықты таққа отырысымен айта келгені азаттық аңсаған жастарымызды 1986 жылдың желтоқсанында наразылыққа шығарды. Бұл жылдар бойы іштей жиналған мұң-құса еді. Бірақ тоталитаризм мыңқ етпеді, керісінше, әр ұлттың өз тағдырын өзі белгілеуге еріктілігін ақ жүректен, ақ ниетпен көтерген ұл-қыздарымызды қанға бөктірді. Сосын тап ештеңе болмағандай, баяғы өтірікке басты. Әнеу кездегі «тап жауы», «халық жауы» дегеннің орнына «бұл жастар – арақкештер, нашақорлар», – деп үрді. «Жас ұрпақтың бұзақылыққа баруына сендер кінәлісіңдер», – деп маңдайалды, абыройлы жандарымызды қуғындады, мүйіздеді. Империялық саясаттың барып тұрған бетперделі сықпытынан жұртымыз тіпті қатты іш жиды.

Орталық әлгіндей бой көрсетулер енді одақтас барлық елде де кездеспеуі үшін жанталасқанымен, сең көбесі сетіней бастады. Желтоқсан-86 бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттық сергектікке, серпілуге, бұлқынысқа әкелді. Иә, «Алматы оқиғасы» Кеңестер Одағының сол күйінде қалмайтынына мықты түрткі болса, отаршылдыққа қарсы ата-бабаларымыздың сонау заманнан бері ірілі-уақты жүздеген көтерілісінің ең соңғысы болды.

Сөйтіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы аумағында егемендік шеруі басталды.

Жер-жерде қалың қауымға қапелімде түсініксіз әрі қатерлі оқиғалар бірінен соң бірі ұшырасты. 1991 жылдың қаңтарында Литваның биік лауазымдағы бір адамы «Біз Кеңес Одағымен соғыс жағдайындамыз», – деп, қандастарын жаппай ереуілге шақырды. Латвиядағы барикадалар, Оңтүстік Осетиядағы қантөгіс, Таулы Қарабақтағы атыс-шабыс, Мәскеудің өзіндегі күн сайынғы даулы, шулы митингілер…

Одақтас елдердегі ондаған жылдар бойы бір-бірімен етене байланысқан өндіріс атаулының ырғағы бұзылды. Дүкендер сөрелері қаңырады. Сіріңкеге дейін қатқа айналды.

Әуелде мына жұмыр жер бетінде Қазақстан деген ел барын білмеген, Желтоқсан көтерілісінен кейін ғана біздің жаққа жалт қараған талайлар Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігімізге дейін-ақ, яғни 1991 жылғы 29 тамызда Мәскеудегілердің көзін бақырайтып қойып, өз Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқанда, тіпті елең етті. Бұл полигонда әлемде төртінші орын алатын ядролық қару әлеуеті болатын. Құрлықаралық баллистикалық зымырандар, жүздеген ядролық оқтұмсық – осыдан бас тарту аса саяси ерік-жігерді қажет еткенін кейін тәуелсіздігіміз шежіресінен толық білдік. Елбасының түн қатып, түс қашқан қайратының арқасында ел-жұртымызға қасіреттен басқа ештеңе әкелмеген тажал ұясы бітелді. Семей полигонының үнін өшіру ядролық сынақтарға тиым салу жөніндегі халықаралық қозғалысқа ұласты. Әлем сол қатерден біршама  арылды.

Кезінде күркүреген Одақтың, коммунистік озбырлықтың күні біте келгенін дәл бағамдаған Н.Ә.Назарбаев жеріміздегі Мәскеуге бағынышты кәсіпорындарды Қазақстанға қарату, басқа да толып тұрған проблемаларға қатысты алдын ала батыл да тәуекел шаралар алды. Ал 1991-дің күзінде, кеңестік республикалар бірінен соң бірі өздерінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап жатқанда, «Біз ше, неге кешігудеміз, неге қарайлаудамыз?» деген тұрғыда сұрақтар да жауды. Көшбасшымыз мұның себебін ишаралап жеткізіп жүрді, ұлтаралық қақтығыстар шиеленіскен елдерден ащы сабақ алуға меңзеді. Ұлтымыздың саны республикамыз бойынша небары 39% кезде, кейбір облыс орталықтарында одан да аз шақта, экономика шатқаяқтағанда, аса сақтық, қырағылық қажет еді. Мың да бір шүкір, салқын сабыр, асықсақ та аптықпау елде от тұтанып кетуден сақтады.

Азаттығымыздың ақ таңы атты.

Әлбетте, бұл игілікке кенеле кеттік деген сөз емес. Дамыған мемлекеттердің өзі саяси тәуелсіздікке жету үшін ғасырлап жол жүрген. Біздің жағдайымызда… Дербестігімізге ұлан-асыр қуанышпен қатар әлеумет арасында осының баяндылығына, түбі қайырына сенбеу, күдік, қорқыныш аз болмады. Мұны өз ауылдарымыздың тұрғындарынан да естідік. Әнеу шаһарлардағы аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққандардың «Одақтың тарауы – ажалымыз», – деп көкігені, дүрлігіс туғызуға тырысып, өз мүдделеріне ұпай жинағысы келгені де екіұдай сезімде жүргендердің гөй-гөй әңгімесін күшейтті. Оның үстіне бұрын көріп-білмеген аласапыранда  жекешелендіруді бір көкелерінің арқасында өздерінің қамына шұғыл түрде пайдаланып, бар байлықты қарпып қалған пысақайлардың көбейгені, жалақы, зейнетақының айлап төленбеуі, ауылдардан ажар қашуы, қысқасы, қиындық, қайшылық бастан асқанда, «Тәуелсіздігіміз осы ма еді біз күткен?», – деп қайғырғандарға «Шыдайық, төзейік», – деп айтуға ауыз бармайтын. Оларды жазғыру қиын еді, халықтың бәрі қоғам заңдылығы жөнінде оқымысты емес қой. Көпшілік арасында жүдеу өмірімізге кінәлі еліміздің дербестік алуы болып көрінгені  санадағы штамптан да еді. Компартия бұқ десе бұғып, жат десе жатып, «қызыл үгіт» қыза-қыза келгенде, Одақтағы опырайған олқылықтарды лепірген ұрандармен бүркемелеп, «КСРО – ғаламшарымыздағы ең әділетті ел!» дегеніне шексіз сенгендерді жазғырғанмен, ешкім бұдан опа таппас еді.

Гиперинфляция жеткенде, инфляциямен жылап көріскендей болған кезең де, бұрынғы экономикалық өте-мөте кіраптарлықтың көбесі сөгілгенлегі күйзелістер де, қателеспеу мүмкін емес жылдар да жылжып өте шықты. Көп сәуегейсымақтардың «Тәуелсіздігін жариялағандар алысқа бармайды, бір-бірімен шайқасып, ертең-ақ қайтадан Ресейге жағынып, бодандық қамытын тағы киеді» дегені жүзеге асқан жоқ. Олар осыған байланысты Қазақстанды бірінші атайтын. Тәубе, орнымыздамыз, көп нәрсеге көзіміз ашылды.

Империя атаулы жер бетінен әлдебір себептермен жоғала беретінін тарих талай көрсеткен. «Кемелденген» социализмді орнатқан соң, көп ұзамай шаңырағы ортасына түскен КСРО-ның күйреуіне соқтырған қандай жайттар? Осындай сауалдарға әлемдегі мықты сарапшылар салмақты талдауларын жариялап келеді. Зерттеушілердің әлі де басын қатырған сұрақтар жетіп артылады екен. Алып Одақтың құлауына ұрындырған ең басты бір себеп – қарулану жолындағы бәсеке. Иә, солай. Оның 1950 – 1990 жылдардағы әскери шығынының көлемі 20 триллион долларға жетіпті. Ал саған керек болса де. Мына қызықты, жоқ, шыжықты қараңыз: АҚШ ядролық соғыста ешкім де жеңіп шығуы мүмкін емесіне тез көз жеткізіп, сондай ажал қаруларын жаппай көбейтуді 50-ші жылдар аяғында кілт тоқтатқан. Енді келіп Мәскеуді алдап, қорқытуға көшеді. «АҚШ-та мынадай жаңа қорғаныс құралдары бар» деген жалған ақпараттарды, «құпия жетістіктерін» кеңес барлаушыларына амалын тауып жеткізіп отырған. Бұған сенген Кеңес Одағы көзсіз қарулана берген. Содан өзінің оңбай алданғанын 1987 жылы бір-ақ білген. Қаншама қаржының желге ұшқанын сезу ешкімге қиын емес. Саясатының негізін әскери-өнеркәсіптік кешен анықтайтын ел құрымағанда ше, қаражатын экономикаға емес, қарулануға төккен ел құрдымға кетпегенде, қайтеді.

Нешеме жыл «біз ең бейбітшіліксүйгіш елміз» дегені ақыр соңында мүлдем жалғанға шығып, жосын қарулануымен әшкереленген КСРО-ға қарағанда бүгіндегі жас тәуелсіз Қазақстан әлемге нағыз бейбітшіліксүйгіштігімен әйгілі. Құдірет Иеміз осыдан айырмасын, азат көшімізді азғырудан, алдап-арбаудан сақтасын де. «Жау жоқ деме, жар астында». Жаһандану төндірер кеселді факторлар бар. Соғыс атаулының тұтануына әр кезеңде діни алауыздық себепкер болып отырған. Экстремистердің өз мақсатына жету үшін дінге арқа сүйеп, арандатуынан мысал дегенің әлемде жеткілікті. Билікке ғана емес, әр тұрғынымызға қырағылық керек. Арандап қалмайық, беті аулақ.

Бөтеннің үстемдігі кезеңінде жаппай орысша оқытудың, дәстүріміздің түп-тамырына балта шабудың зиянын әрине, әлі күнге шегудеміз. Сырттан келіп сіңген, қазір де мысықтабандап есігімізден біржолата енгісі келген жасанды мәдениет бар. Осыған қарсы ұл-қыздарымыз өздерінің сауаттылығын, елгезектігін қарсы қойса екен. Алашына шын жанашыр, білімге, еңбекке құштар жастарымыздың қатары қалыңдауын тілейік.

Жастарымыздың бойын, ойын, санасын улайтын есірткі деген кесірмен күрес те тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігініе қатысты мәселе болып табылады. Сол уды әкелудің, таратудың басы қайда жатыр? Мұнда да әлдебір топтар бары анық. Қолға түсіп, қамалып жатқандарына қарап, әлі қолға түспегені қанша деп тағы ойлайсың.

Дәуір дүрмегінің биігінен қарасақ, егемендігіміздің, еркіндігіміздің 30 жылы – қас-қағым сәт. Дейтұрғанмен, игіліміз үшін алған асуларымызға дос та, дұшпан да куә. Бұрын армандап та көрмеген істер орындалды. Өрісті өзгерістермен қатар жүзеге аспай жатқан шаруа да жеткілікті. Көңіл көркейтер кемел тірлікке ызғарлы көлеңкесін түсіретін жайттар ұшырасады. Бір жағымызда бәрекелді дегізер бетбұрыс жасалса, мына жақта ойсыраған олқылық қылтия қалады. Бір жерде жоғалтқанымыз түгенделіп жатса, екінші бір жерде бардың өзін жойып алу кездеседі.

Кемшініміз толсын, осалдығымыз оңалсын, үзігіміз жалғансын. Осыған атсалысайық, осыған жұмылайық. Тәуелсіздікке қол жеткізу бар, ал оны сақтаудың, мызғымастай нығайтудың тарихи жауапкершілігі тіпті бөлек. Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Мұны білуге тиіспіз. Жадымыз көмескіленбесін. Кешегісіз келешек жоқ

Тәу етер тәуелсіздігіміздің тағдырына жауаптымыз. Демек, алдымызда ұлан асу бел жатыр.

Бекем БЕКҰЛЫ,

журналистика ардагері.

Чапаев ауылы