19.04.2021, 9:51
Қараулар: 216
Мұхтар Әйтімов: «Жерұйығымды Ақжайықтан таптым»

Мұхтар Әйтімов: «Жерұйығымды Ақжайықтан таптым»

Есіңізде ме, Асан қайғының Желмаясына мініп, жиһан кезіп, ну орманды, көкорай шалғынды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жайлы қоныс, бақыттың мекені – Жерұйықты іздейтіні. Аңыздарға сенсек, ол өмірден өткенше шұрайлы қоныс, құнарлы өлке таба алмаған. Ал бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, кәсіпкер Мұхтар Әйтімов «Жерұйығымды Ақжайықтан таптым» дейді. Олай деуіне негіз де жоқ емес. Бау-бақша өсірумен 25 жылдан бері айналысып келе жатқан ол кәсібін өркендетуге қолайлы мекенді жылға жуық уақыт іздепті. Сәтін салғанын қараңызшы, оның таңдауы ауданымыздың Ақбұлақ ауылына түскен. Қазір мұнда жеміс ағаштарын отырғызуға дайындық жұмыстары басталып кетті. Инвестициялық жобалардың қатарына жататын көлемді нысанның басына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов барып, жағдаймен танысты.

Ақбұлақтың алқабында жайқалсын бақ

Алқап басына жеткенімізде, жүзі желге қарайған қарапайым шаруа адамы қарсы алды. Ауданға келген инвестор – Мұхтар Әйтімов осы екен. Әу дегеннен аудан басшысымен болашаққа көздеген жоспарларымен бөлісе бастаған ол осы жерде тек бау-бақша ғана емес, жеміс-жидек өнімдерінің кластерлік кешенінің жұмысын да қолға алатынын айтты.

«Мен жеміс ағаштарын өсіруге қолайлы мекенді еліміздің батыс өңірінде орналасқан 4 облыстан 1 жылдай іздедім. 27 жер учаскесінің топырағынан сынама алып, құнарлылығын, сілтілігі мен қышқылдығын, ылғалдылығын зерттеуге Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына жолдадық. Сол сынамалардың ішінен институт ғалымдары тек осы Ақбұлақ ауылының тұсындағы учаскеге ғана бақ өсіруге лайықты, ресурсы мол жер деп баға берді, – дейді инвестор, – мен осыған дейін шетел бақтарында қызмет етіп, бірқатар тәжірибе жинақтадым. Сосын елге келіп, Түркістан, Атырау облыстары, Алматы маңындағы жеміс-жидек өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындарды аяғынан тұрғызуға біраз жыл еңбек еттім. Сіз сенесіз бе, сол жұмыстың нәтижесінде қазір мұнайлы Атырау өңірінде лимондар пісіп, ананастар өсуде. Ақылға сыймайтындай боп көрінері рас, бұл әрекетіңнен ештеңе шықпайды дегендер де бар, бірақ «Қалауын тапса, қар жанады» деген, біздің елімізде жер бетіндегі бүкіл жеміс-жидек, көкөністің түрін өсіруге болатындығын тәжірибеде толық дәлелдедім».

Ақбұлақ ауылынан небары 4-5 шақырым жерде орналасқан алқаптан 50 гектар танапты аукцион арқылы ұтып алған Мұхтар Әйтімов бүгінде «Батыс Қазақстанның бақ әлемі» атты ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрған. Мұндағы мақсаты – болашақта аудандағы бағбандарды осы құрылымға біріктіріп, бақша шаруашылығына ықыласы бар жандарға барынша қолдау көрсету. Қазірдің өзінде мұнда алма, шие, өрік, қара өрік, қызыл шие (черешня), грек жаңғақтарының элиталық сұрыптарының талдары жеткізілген. Топырақтың жылуын күнде өлшеп отырған маман жердің температурасы көтерілген бойда тал-дарақтарды отырғызуды бастап кетпек. Қолда бар көшеттер 15 гектарға дейін жетеді, қосымша 2 гектарға арнайы Грузиядан жүзім алдыртқан. Кәсіпкердің жоспарына сүйенсек, 2 жылдың ішінде 50 гектар алқапты түгел жеміс ағаштарымен толтырмақ.

Болашақта Мұхтар Әйтімов танап басында тамшылап суару әдісін қолданбақ. Бұл әдістің бұрынғылардан артықшылығы – барлық суландыру жүйесінің автоматты басқарылатындығында. Қазірдің өзінде арнайы құрылғы, датчик, есептеуіш құралдар, су жолақтары алынып қойған. Бір қиындығы – ауыл басында интернет жоқ. Себебі инновациялық жүйенің жұмысы телефондағы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Десе де, кәсіпкер бақ түгел отырғызылып болғанша, ауылға ғаламтор желісі қосылып, еш кедергінің туындамайтынына сенімді.

Халыққа арналған жоба

«Менің бақ өнімдерін тікелей сатып, пайда табуыма болар еді. Сұраныс жеткілікті. Бірақ өз азаматтарымыздың ел экономикасын көтеретін кезіміз жетті. Шикізат қана шығарып қоймай, оны соңғы сатысына дейін жетілдіріп, кластерлік форматтағы өндірісті қолға алуымыз керек. Бұл – осы жерде жеміс-жидек өсіріп, одан түскен өнімді өңдеп, тосап, джем, шырын түрінде халыққа ұсыну, яғни комбинат ашу. Қазір бүкіл әлем халқының табиғи таза өнімге сұранысы жоғары. Химиялық тыңайтқыштардың дәурені өтті, сондықтан топырақты тек органикалық қорекпен байытуымыз керек. Осындай тыңайтқыштарды алыстан арбаламау үшін біз осы маңда мал шаруашылығы, құс шаруашылығын дамытқымыз келеді. Оларды жем-шөппен қамту үшін Ресейден канадалық жоңышқа дәндерін алдыртып қойдым. Бұл екпешөптің құндылығы – жылына 4 рет шауып алуға болады. Бұйыртса, осы айдың аяғы, мамырдың басында жайылма алқаптарға егуді бастап кетпекпіз. Осы жұмыстарды қолға алуға ниетті ауыл адамдарымен алдын ала келісім жасап та қойдық. Жеміс ағаштары болған соң, олардың гүлдерін уақытында тозаңдандыру да керек. Бұл жағы да ойластырылған. Осы Ақбұлақ ауылындағы қария бал омартасымен айналыспақ. Біздің міндетіміз – оны омарталармен және бал араларымен қамтамасыз ету. Есесіне ол біздің бал өнімдерімен қамтамасыз етеді. Мұның бәрі жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар» , — дейді кәсіпкер.

Қазір танап басында ақбұлақтық 12 жас қызмет етуде. Жер жырту, топырақтың өлшемдерін алу, көшеттерді отырғызу, т.б. – осы қызметкерлердің міндетінде. Мұхтар Әйтімовтың айтуынша, бақ басындағы жұмысты бұдан әрі ілгерілетуге тағы 35 адамдай қажет. Инвестор өзінің пайдасынан қарамағындағы жұмысшылардың жағдайын жоғары қойыпты. Айталық, ол осы кооперативте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы 18 жылыжай салдырмақ. Өзіне тиесілі бұл нысандарда әр қызметкер көкөніс өсіріп, өнімін кооперативке өткізеді. Ауыл ішінде арнайы жатақхана да дайындап қойыпты. Жалақысы жақсы болса, өсірген өнімнен табысты кәсіпкермен бірге көрсе, қай қызметкердің де жұмысқа ынтасы артары сөзсіз. Қоныс тепкен қаласында отырып, жұмысты жүргізетін кейбір инвесторлардай емес, Мұхтар Әйтімов осы Ақбұлақтан баспана сатып алып, барлық жұмысты басынан бақыламақ.

Кооперативтерге қолдау молынан

Инвестор Ақжайыққа бас тірегелі аудан басшылығы тарапынан мол қолдау сезінді. Жер учаскесін рәсімдеу, электр энергиясымен қамту, ауылшаруашылық техникаларын лизингке алу – осының бәрінде жергілікті билік қолдан келген көмектің бәрін көрсетуде. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов осы сапарында 250 млн теңге инвестицияны талап ететін кооператив жұмысына сәттілік тілеп, кәсіпкерді тиісті мекеме-бөлім басшыларымен жүздестірді.

«Біздің ауданда мал шаруашылығы саласында қызмет ететін кооперативтер баршылық. Біздің мақсатымыз – құс, сүт, бақша шаруашылығы, жем-шөп дайындайтын құрылымдарды ашу. Бұлардың әрқайсысына инвесторлар табылды. Әрине, жұмысын енді бастаған қай бизнес нысаны болмасын, жергілікті басшылықтан демеу керек. Сондықтан облыс әкімі жуырда өткен селекторда мен атап өткен салаларда кәсібін жандандырған кооперативтерге республикадан бөлінетін 25 пайыздық субсидиямен қатар облыстық бюджеттен тағы 25 пайыз демеуқаржы қарастыруды тапсырды. Өңірде кәсіп ашып, өздерінің кәсібін өрлеткісі келетін ынталы азаматтарға бұл мол мүмкіндік, — деді аудан басшысы.

Көріп отырғанымыздай, ауданға келген инвестордың мақсат-межесі айқын, жоспары мығым. Ақбұлақтың басында күні ертең-ақ кешенді өндірістің жұмысы қыз-қыз қайнап, көрікті мекенге айналып, бақ өнімдерінің өңіріміздің бағын ашатынына сенім мол.

Әлия ШАРАПИЕВА