19.04.2021, 10:03
Қараулар: 100
Рухани жаңғыру – өркендеудің зор кепілі

Рухани жаңғыру – өркендеудің зор кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында қазіргі заманның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл  мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, еліміз азаматтарын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін дара бағыт. Еліміздің Тұңғыш Президенті ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынғалы , міне, 4 жылдың жүзі болды. Ауданымызда осы мақаладан туындаған бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында мазмұнды жоспар жасақталып, атқарылуда.  Басты мақсат –халқымыздың діліне, дәстүрлеріне сүйене отырып, жаңа заман форматындағы санасы ашық, рухы биік азаматтың тұлғасын қалыптастыру. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллинмен сұхбаттастық

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолға алынғанына 4 жылдан астам уақыт өтті. Бұл саладағы жұмыстар қалай басталып еді, еске түсіріп жіберсек.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақжайықтықтардың ықылас-пейілі ерекше. Өркениетті елдер қатарына қосылуға талпынған елімізді жаңа белеске көтеретін деңгейдегі бастаманы бірден көпшілік қолдап, бұл бағыттағы жұмыс ауданда бірден жолға қойылды. Алдыман қоғам белсенділері, белсенді азаматтардың басын қосып, маңызды мақаланы жан-жақты талқылап, таяу жылдарға ауқымды міндеттерді айқындап алдық. Осы орайда ауданымызда бағдарламаның басым бағыттарын ілгерілету, насихаттау және түсіндіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында «Рухани жаңғыру» штабы құрылды.

Бұдан бөлек аға буын өкілдері және жастардың ұйымдастыруымен өткен түрлі шаралар халықтық сипатқа ие болды. Кездесулерде мақаладан туындайтын міндеттер түсіндіріліп, бірлікті, тұрақтылықты сақтауға атсалысуға шақырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау насихатталды.

Бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша аудандық газетте арнайы айдар ашылып,  қолдау шаралары және әлеуметтік желілерде оң пікірлер жарияланды. Халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін түрлі мәдени шаралар, бағдарламалар өткізілді.

– Бағдарламаның бағыттарына нақтырақ тоқталып өтсеңіз.

Бағдарламаның алты бағыты бар: бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлік, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, еліміздің эволюциялық дамуы. Осының бәрі, сайып келгенде, елдің байлығы – адамның әлеуетін ашу, оның бүгінгі кезеңге сай бәсекелестігін қалыптастыру, өзге елдердегі жамандықтан жиреніп, жақсылығын сіңіруіне бастайды. Әрине, мұның бәріне тек көзі ашық, көкірегі ояу жанның ғана лайық болары анық. Сол себепті, бағдарлама бойынша жұмыстарды біз тәрбиенің бастауы – мектептен бастап, игі бастамаға жастар, аға буын өкілдерін де жұмылдырдық. «Жақсыменен жарты сағат», «Тарихи квест», «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» өзге де тағлымы мол шаралар өткізілді.

Іргелі, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін айқындауда салмағы мол шаралардың бірі — «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған «Ақжайықтағы Алаш іздері» ғылыми-танымдық конференциясы. Оның жұмысына елімізге танымал белгілі алаштанушылар, еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Конференция материалдары топтастырылып, жыл басында қос кітап ретінде оқырмандарға таныстырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған қос кітап баспаға дайындалып жатыр.

Жерлес ақын, заманының лиригі, қазақтың мақтанышы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітов пен Желтоқсан жебесі, жасын жырдың ақиығы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы, қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Михаил Абдоловтың 90 жылдығына арналған шаралар да республикалық деңгейде кеңінен аталып өтілді. Халықтың ауызбіршілігінің арқасында аудан орталығында Сағынғали ағамыздың мүсіні орнатылып, ақынның рухын жаңғыртқан азаматтардың бірігуімен бой көтерген Жұбан орталығы ауылдастардың рухын бір серпілтті.

Ауданымызда жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, олардың белсенділігін жоғарылату, ой бөлісіп, пікір алмасатын ашық алаңын құруға мүмкіндік беретін коворкинг орталықтар бірнеше елдімекенде ашылды.

Жастар дегенде, ең алдымен, тілге оралатыны – еріктілердің жұмысы. Былтырдан бері індеттің салдарынан елде енгізілген шектеу кезінде қолдауға мұқтаж жандардың жағдайын жасап, олардың көмектен тарығып қалмауында осы волонтерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Төтенше жағдайда індетпен күресте дәрігерлермен қатар алдыңғы күресте жүрген олар мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек, өзге де керек-жарақтардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етті. Жанашыр жандарға мың алғыс, өткен жылдың жазында науқастар көбейген кезде, оттегі концентраттары, дәрі-дәрмектерді тегін беріп, қолдау көрсетті. Ал белгілі меценат Ерболат Құрманғалиев аудан орталығындағы аурухананың ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілуі үшін ауыз су  жүйесін толық өз қаражатына жаңғыртып, ел-жұрттың ризашылығына бөленді. Тиынсыз тұлпар тұяғын қимылдатпайтын бұл заманда осындай жандардың арамыздан көптеп табылуы рухани жаңғыруымыздың, ауызбіршілігіміздің айғағы емес пе?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елең еткізер тұсы –түлектер, азаматтар ауылға бет бұрып, туған мекендерін көркейтуге барын салуда. Осы бағытта 4 жылдың ішінде ауданда қандай жұмыстар атқарылды?

– Елбасымыз осы мақаласында елінің баскөтерген азаматтарына, іргелі кәсіпкерлерге «Туған жерге туыңды тік» деп, түлеген, қанат жайған өңірін көркейтуге шақырды, үндеу тастады. Осының жарқын көрінісі біздің ауданнан анық байқалады. Бағдарлама іске асырыла бастаған 2017 жылдың өзінде құны 11 млн 586 мың теңгенің 21 жобасы жүзеге асырылды. Ал 2018 жылы 70 млн 470 мың теңгенің 45 жобасы қолға алынды. Солардың ішіндегі көлемділеріне тоқталып өтсем, Алғабас ауылында көлемді спорт алаңы салынып, Көнеккеткенде мұражай ашылды. Қарауылтөбе, Есенсай ауылындағы балғын спортшылар заман талаптарына сай жабдықталған күрес залдарында жаттығуға мүмкіндік алды. Осындай жұмыстар барлық елдімекендерде де атқарылды. Ерекше атап өтеріміз – Тайпақ ауылдық округінің азаматтары мен түлектерінің белсенділігі. Тек осы жылдың өзінде бұл ауылда 7 жоба аяқталып, салтанатты түрде тапсырылды. Атап айтар болсақ, ақын Сағат Әбдуғалиевтің бюсті орнатылып, жазғы сахна, балалар ойын алаңы бой көтерді. Күре жолдан ауылға дейінгі кірме жол түгел жарықтандырылып, Шабдаржап ауылының көшелеріне техникалық су тартылды.

2019 жылы да жаны жомарт жерлестеріміздің қолдауымен ауыл-елдің игілігін арттыруға арналған 31 жоба (құны 41 млн 450 мың теңге) қолға алынса, өткен жылы енгізілген шектеулерге қарамастан 53 млн 160 мың теңгенің 15 жобасы сәтті аяқталды. Олардың ішінде біз үшін құндысы – жоғарыда атап кеткен Жұбан орталығы. Жерлестерінің ақын рухына құрметі деп білеміз, жергілікті кәсіпкерлер, аудан түлектері 30 млн қаражат бөліп, ұрпаққа ұлағат болар осы орталықтың бой көтеруіне атсалысты.

Биылғы жылы әлеуметтік бастамалар картасына енген жобалардың ауқымы да, материалдық жағынан қамтылу деңгейі де жоғары. Ауданымыздың жанашыр азаматтары, ірі жерлес кәсіпкерлер, барша тұрғындардың көмегімен құны 35 млн 150 мың теңге тұратын ауыл-аймаққа қажет 14 жоба қолға алынбақ. Олардың алғашқылары жүзеге асырылуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Төлеген Хамиев Мерген ауылында ашылған күрес залына төсеніштер, күрес кілемі, манекен, өзге де спорт жабдықтары алып берді.

Көріп отырғанымыздай,ортамызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген атымтай жомарт азаматтар жетерлік. Айналасына жанашыр меценаттарға, бизнес-құрылым өкілдеріне, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Осыған орай жыл сайын 25- мамырда жерлестердің форумы өткізіліп, мейірімді азаматтарымызды «Жомарт жүрек» премиясымен марапаттадық. Былтыр карантинге байланысты ауқымды шара өткізуге мүмкіндік болмаса да, атаулы марапаттың өз иесіне тапсырылуын қамдадық.

Осындай жобалардың нәтижесінде ағымдағы жылы бірнеше елдімекендерде жазғы сахна,  балалардың ойын алаңдарының құрылысы басталса, енді бірлерінде техникалық сумен қамтамасыз ету мақсатында арық жүйелері жаңартылып, жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Мұның бәрі, Елбасымыздың халыққа рухани серпіліс, отансүйгіштік, бастамашылдықтың қадірін ұлағаттаған аталмыш бағдарламасының арқасында жүзеге асырылған істердің тек бір бөлшегі ғана. Жерлестеріміздің бірлігі мен алтын бесігінің игілігіне атқарған еңбегімен келешекте де еңселі істер жүзеге асарына ақжайықтықтар кәміл сенеді.

Әңгімелескен Әлия СЕРІКҚЫЗЫ