19.04.2021, 10:14
Қараулар: 38
Заман көшінен қалмауымыз керек

Заман көшінен қалмауымыз керек

Ауданымыз айнасы, төл басылымымыз – «Жайық таңы» газетінің 12 наурыздағы №11 санында жарық көрген «Біле тұрып, бұра тарта беретініміз-ай…» атты мақаласы  қазіргі қоғамда бар, жаназадағы отбасына ауыртпалық түсіретін кейбір келеңсіз қылықтарымызды қаузапты. Оқып шығып, автормен екі қолымды көтере келістім.  Барлығын байыпты, салмақты оймен жеткізіпті. Осы мәселеге қосыла отырып, тағы да басқа да жайттарға өз ойымды да ортаға салғым келіп тұр.

Мына пандемияға дейін той тойлаумен басымыз қатты (әлі де солай). Қазір індет таратпау мақсатында үкімет халықтың артынан адам салып, аңдып жүр. Той жасағанын тауып алса, бәленбай ақшаға айыппұл салып жатыр. Сонда да қоятын түріміз жоқ. Осындайда өзімізді неге аямаймыз деген сұрақ еріксіз ойыма оралады да тұрады. Иә, дәстүр дейміз, тағысын тағы дейміз, бірақ соның уақыты өткенін түйсінетін кез келді. Ойдай шығынға ұшырап, өзіміз де, келген қонақ та даңғырлаған музыкадан берекетіміз бір қашса, сауатсыз асабалардың айқайлап «шапалақ соғуды» сұрауынан тағы бір шаршаймыз. Асабалардың жаттандылығы  туралы сөз қозғаудың өзі бөлек әңгіме. Барлық жерде бір сценарий болса да, тек «жұрттан ұят болмасын» деген сылтауды желеу етіп, біреуге есеп беретіндей күй кешіп жүрміз әлі.

Ал былай қарасаңыз, осының бәрі азық-түліктің, шырын-сулардың, т.б. керек-жарағымыздың  қымбаттауының себеп болатынын ойлау да бермейміз. Той-думанның маусымы деп, құлқыны көздеген саудагер де бағаны көтермесе, түсірмейді. Ағайын, өзімізді өзіміз ойламасақ, бізді ешкім ойламайды. Көл-көсір сол тамақты удай қымбатқа алған соң, пайдаңа жаратсаң, кәне?! Қайта дастарханнан қасық та тимей қайтқан тамақты күл басына апарып өзіміз төгеміз.

Айналаңыздағылардан сұрап шығыңызшы, бір демалысы бос па екен? Ай, қайдам? Той-топыр, садақа деп, кілең шапқылаған жан. Сонымыз дұрыс па, бұрыс па – ол жағынан бас қатырмаймыз. Қаншама жан сол ағайын-туманың туған күні, құдалығына барып-келе жатып, жол-көлік оқиғасына ұшырап, ажал құшып, сал болып қалып жатыр. Ойдан ой туады демекші, қонақтық пен той-топырдың арасында шапқылап жүргенде, баланың тәрбиесіне қолдары тимей жүргендер де бар. Сол балдырғандар тәрбиенің бәрін смартфоннан алып жатыр. «Қазір бала мықты, тез үйреніп алады» деп мәзбіз. Ал сол ұялы телефонның ішінде не көрсетуде, қандай адамнан үлгі алып жатыр – содан бейқамбыз. Онда қазір кілең «өз ойын айтқыш», «өзім білемдік», қаталдықтың неше түрлісін көрсетуде. Компьютер мен телефон ата-ананың тәрбиесін алмастыра алмайтынын сондай жандарға айтып көріңізші, сенен жаман адам табылмай қалады. «Қазір заман, талап  сондай» деп, қайта өзіңді адамзаттың қас жауындай көреді. Тәрбиені қолға алып, балаға жан жылуымен баулып, ғылым-технология қарыштап дамып жатырған уақытта телефонның экранына телміртпей, ұрпағымызды заман көшінен қалдырмауымыз басты мақсатымыз екенін ұмытпасақ, абзал.

Әйтпесе алдымыз бұлыңғыр, тастүнек. Өткенімізден сабақ алып, қателіктерден сабақ алсақ, артықтық етпейжі. Халқымыз талай қиындықты бастан өткізді, тізерлеп тұрып, қайта еңсе тіктеді. Көп алысқа бармай, биыл жүз жыл толатын қалың қазақтың басына төнген ашаршылық нәубетін әсте ұмытуға болмайды.

Бұл күнде көріп жүрген жағдайды сіздермен бөлісейін дегенім. Әрине ақыл айтып, данышпан болудан аулақпын. Жаным ашығандықтан айтып отырмын, ойға ой қосайын деп.

Мырза АХМЕТ,

Чапаев ауылының тұрғыны