19.04.2021, 10:15
Қараулар: 87
Тазалық та тәрбиемен қанаттас

Тазалық та тәрбиемен қанаттас

Қазақта сөз бар «Жинаған жерден шашылмаған жер таза болады» деген. Бұл сөздің мәні неде? Шашылған жерді жинастырып, далаға апарып төккенімен,  артынан сол орынды қайта қоқыстың үйіндісіне айналдырмайтынына кім кепіл?

Міне күн жылынып, көктем келді. Осы кезде аудан орталықтары мен ауылдарда қалаларда сенбіліктер өткізледі. Биыл да сол көктемгі тазалық айлығы жүріп жатқандығынан хабардарсаздар. Мысалы, бізде Тайпақ ауылының өзінде   көшелер мен қалтарыстардан бір күннің ішінде 6 тонна қоқыс арнайы орынға шығарылды. Жайық жағалауларын тазартып, қатты қалдықтарды жинастыруға бөлімдер мен мекемелерден жүздеген адам қатысты. Округке қарасты ауылдарда да осы іс қолға алынды. Осы орайда айта кететін мәселе – өзен жағасына демалуға келген ағайынның салақтығынан бүлінген жағалаудың  жай-күйі. Әрине, демалған жақсы-ау, таза табиғаттың ауасын жұтып, суына шомылып, сергігеннен асқан жақсы көңіл күй болмас. Бірақ оның тазалығын еш ескермейміз. Қайда көз тастасаңыз да, шашылған бөтелкелер мен тамақ қалдықтары, қолданып ап, сол күйі тастап кететін қағаздар, барлығы «мен мұндалап» жатады.

Көшелерде де осы жағдай. Ауданымыздың айнасы «Жайық таңы» газетінің №13-ші санында жарық көрген «Қоқыс құрсауынан қашан құтыламыз» атты өзекті мақала жарияланыпты. Аудан орталығындағы осындай мәселе бәрімізге де ортақ.

«Алғашқы бәйшешектер» деп астарлы әзілмен айтуы да орынды екен. Себебі қыстың күні қалың қардың астында қалатын бөтелкелер мен қағаз қалдықтары  көктемде қар астынан қылаң берсе, бәйшешек емей, немене? Тұрғындардың (бәрі емес әрине) қора-қопсыларының айналасынан жүріп өту мүмкін болмай қалады кейде. Сол жердегі жеңіл заттар желмен ұшып көшеге «қыдырып» шығатыны бар емес пе?

«Қоқыстың құрсауына» түсуіне әрбір ауылдағы ағайынның өздері кінәлі ме деген ой келеді маған. Көшелерде шемішке шағып келе жататын, болмаса қолындағы бос құтысын жерге тастай салатын жастарымызды күнде кездестіріп жүрміз. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, тазалыққа да  ата-ананың, үлкендердің берген тәрбиесі үйретеді. Үйден алып шыққан тамақ қалдықтарын қоқыс жәшігіне жеткізбей төге салғанды көрген бала солай жасауға да болады екен деп ойлауы әбден мүмкін. Тас жолдарда машинамен жүйткіп келе жатып, терезе әйнегін ашып, қолындағы керексіз болып қалған затын зытыра салатындар да көп. Ал сол көліктің ішінде отырған балалар көргенін қайталамай қайтсін?

Қоғамның тазалығы адамның өз тазалығынан басталады.Өзі таза адам айналасын шашпай, жып-жинақы ұстайтыны шүбасыз. Әрбір ата-ана ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын ұмытпағаны жөн. «Тазалықтың кез-келгені адамның өз бойынан көрініс тапсын, сонда ол айналасының тазалығына мән береді» деп бекер айтылмағаны анық.

Ауылымыздың ажарына үлес қосайық, көшелер мен аулаларымыздыың тазалығына мән берейік ағайын!

Айсара ЖАСҚАЙРАТҚЫЗЫ,

ауылдық округ әкімі  аппаратының жетекші маманы.

ТАЙПАҚ