19.04.2021, 10:16
Қараулар: 187
Шариғаттықтан ауытқымаған абзал

Шариғаттықтан ауытқымаған абзал

«Жайық таңы» газетінің ағымдағы жылдың нөмірі 11 санында Чапаев ауылының тұрғыны Бекем Бекұлының «Біле тұра, бұра тарта беретініміз-ай» мақаласы жарияланған екен. Осыған дейін де бұқаралық ақпарат беттерінде қаузалып жүрген мәселе – тек тыңдайтын құлақ керек.

Мақалада садақалардағы ысырапшылық, аста-төктік, өлім-жітім бар жерде қаулаған әңгіме, шариғатқа қайшы дүниелерге әлі де болса да мұсылман бауырларымыздың құлақ аспайтыны тілге тиек етілген.

Бірде үлкен кісісі дүниеден өтіп, қаралы үйге көңіл білдірейін деп барғам. Ауладан кіре бергенім сол еді, қазан ошақтың басынан тарқылдап күлген әйелдердің дарақы дауысын естіп, шошып кеттім. Ішімнен «Абайша айтқанда кім өлсе сол үй қаралы деген, қазір керісінше болды-ау» деп ойладым. Қайғы жұтып, қара жамылып жатқанда, сол отбасының басына түскен ауыртпалықты ортайтуға емес, бос әңгіме айтып, көңілін көтеретіндердің заманы ма қазір? Тіпті кейбір жерлерде сүйек жерге түспей жатып, ұрыс-керіс шығарып жататын отбасыларды да көзіммен көргенмін.

Осындай адамы қайтқан үйлерде ауылдан келін-кепшік, қыз-қырқын,көрші-көлем көмектесіп жатады, бұл енді жақсы үрдіс, бірақ сол көмектесіп жүргендердің арасында бітпейтін бір әңгіме – сол қаралы үйдің жағдайын өсектеп, бар болса, көре алмай, жоқ болса күліп тұрғаны. Пыш-пыш, гу-гу гәп, негізсіз әңгіме, өсек, кейде осындай жерлерде «құлағым сен тыңда» деп, бүгін жерге түскелі тұрған марқұмның ата тегінен бастап, бала-немересінің бүкіл хикаяларын естіп қаламын. Бала болсақ та, есімде қалыпты, қайтқан үйде сүйек күзететін үлкен кісілер таңға дейін кірпік қақпай отырушы еді, ал қазір ше? Өздері қайғырып отырған отбасы мүшелері солардың асты-үстіне түсіп, шайға, асқа тойдырып әлек боп жүреді. Сол күзетке келген адамдардың «қан қысымым көтерілді» деп, үйіне кетіп бара жатқанын қайтерсің?!

Бірде Қаратөбе өңірінде құдам қайтып барғанбыз. Міне, сонда қаралы үйге деген сыйластықты, бір-ізбен кіріп, бір-ізбен шығып, бір-бірін ыммен түсініскенді көрдім. Аста төк ысырапшылдық жоқ. Әкем садақаларға барып келгенде «Дастарханға торт, пирог неге қойылады» деп ренжитін. Бізге де насихаттағаны сол: «Садақада тек бауырсақ, нан мен май тұрсын».

Өмірге келу де хақ, жалған дүниеден мәңгілік мекенге өту де хақ. Тағдырдың ертең саған не тосып тұрғанын ешқайсымыз білмейміз. Сондықтан садақа-жаназаға барғанда, аяулысынан айрылып, қабырғасы қайысқан отбасын сынайын деп емес, қайғысына ортақтасайын деуіміз керек. Әйтпесе, біздің мұсылмандығымыз кәне?

Меніңше, адамды ақтық сапарына шығарып салу шариғатқа сай салтымен өту керек. Ысырап, шашпалыққа жол бермейік.

Эльмира ТАЖЕНОВА,

мұғалім,

ЕСЕНСАЙ