19.04.2021, 10:19
Қараулар: 76
Оқуға құштар шәкірт көп

Оқуға құштар шәкірт көп

Өткен жылы еліміздегі кітапханалар ахуалын жақсарту және оқушылар мен жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы бастау алды. Осы тұрғыда аудандық білім беру ұйымдарында оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру бағытында  жоспар жасақталып, мектеп кітапханаларында іс-шаралар қолға алынуда.

Мысалы, Ақсуаттағы С.Ошанов атындағы орта мектебінің бастауыш сыныптар оқушылары «Аңқау қасқыр», «Қаңбақ шал», «Түлкіні алдаған шал», «Қуырмаш», «Қотыр торғай», т.б. ертегілері оқыған болса, 5-8 сынып оқушылары «20 минөт оқы да, 3 минөт эссе жаз» айдарымен өздері оқыған кітаптарына эссе жазып, суреттер салды.

Адамзат ақыл-ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Сол сандықтағы байлықты қалай алуға болады? Шәкірттердің бұл сұраққа жауап табуға «Өзің оқып, өзгеге ұсын» ReadХ book жобасы көмекке келді. 7 сынып оқушылары Г.Аманжолова  С.Елубаевтың  «Менің құрдастарым», А.Есекеш Д.Исабектің «Гаухар тас», Г.Тілекқабыл  С.Мұратбектің «Жабайы алма» шығармаларын, Ж.Жакен Ғ.Мүсірептің «Ұлпан»  романын туралы өз ойларын ортаға салып, оқуға кеңес берді.

Жоба аясында ата-аналар белсенділігін арттыру мақсатында «Бір отбасы –бір кітап», «Әкеммен бірге оқимын» инста-акция ұйымдастырылды. Бастауыш сынып жетекшісі Г.Рысқалиева  оқушыларымен бірге  «Бір сынып – бір кітап» флешмоб өткізді. Бұл шараға сыныптардағы оқушылар ата-аналарымен белсене қатысуда.

Осы жоба аясында Тайпақ мектеп-гимназиясында да айшықты жұмыс жүргізілуде. Оқушылардың демалыс кезінде олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қашықтан оқуға арналған «Кітаппен өткен демалыс күндер қызық» атты кітап оқу марафоны өткізілді. Ал мектеп қабырғасында бастауыш сыныптар арасында қашықтықтан «Ертегілер әлемінен сыр шертейік» тақырыбында сурет байқауы, «Әжемнің ертегілері» атты оқу ұйымдастырды.

Сондай-ақ 5 сынып оқушылары арасында ертегі оқу арқылы оқушылардың ауыз әдебиетіне байланысты білімдерін кеңейтіп, адамгершілік, батылдық қасиеттерін  тәрбиелеу мақсатында  «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің желісі бойынша «Алтын сақа» сайысы өтті. Сайысқа белсене қатысқан оқушылар  дипломмен марапатталып, ілтипатқа бөленді.

Еліміз болашағы тек білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан бүлдіршіндерімізді білім ұясының табалдырығын аттағаннан жетектеп әкелген ата-ана, қабылдап алған ұстаз болып ұдайы назарда тыс қалдырмау қажет. Мына жарық дүниеде білімсіз ешқайда қадам басып, діттеген мақсатымызға жетудің еш жолы жоқ. Бұл тұрғыда мемлекет арнаған осындай жобаны тиімді пайдалану, оқушыларды кітап оқуға ортақтастыру – ұстазға артылған үлкен жауапкершілік.

Аида АСЫЛБЕК