26.04.2021, 9:13
Қараулар: 37
«Атамекеніне» түлектердің қамқорлығы

«Атамекеніне» түлектердің қамқорлығы

Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылында  ел игілігіне жақсы іс атқарылды. Ауыл жастары ұйымшылдық танытып, ауыл тұрғындарынан жиналған  қаражатқа  мектеп жанындағы жазғы спорт алаңын жөндеуден өткізді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақпыз ғой,  сондықтан бірден осы шаруаға мұрындық болған ауыл жастарын аты жөндерін атап кетейік. Бүгінде әр ауылда, әр қалада жүрсе де, туған мекенге  келіп, аз уақыттың ішінде барлығын ұйымдастырған  Бауыржан Масенов атты азамат бастаған  Дастан Сейітбаев, Мерген Төлеуғалиев, Әділбек Төлеуов, Тарғын Шатанов, Амантай Зейнуллин,  Мұрат Ізбасаров, Салауат Төлеуғалиевтерге ел жұрт дән риза. Өз қалталарынан қаражат қоса жүріп, ауылдастарын да сауапты іске тартқандарына біз де куәміз, жанұямызбен көмектестік те.  Ауылдағы әрбір жанұядан 30 мың теңгеден жиналған қаржыға әл-ауқаты жоғарылаулар қосымша үстеді. Қаражат беруге шамалары келмегендері үйінде бар, құрылысқа қажет дүниелерді әкеліп беріп жатты. Ортақ істен ешкім де қалыс қалып, тартыншақтанбағанын ерекше айтып кеткім келеді.

Темір қоршауларды сатып алып, ауылға жеткізу, оны дәнекерлеу, ойын алаңына белгі сызықтар салу – бәрін де аты аталған жігіттер атқарды. Бүгінде  қоршалған бір гектар жерге жас талдар сатып әкеліп, отырғызылды. Алдағы уақытта жайқалған теректерге айналып, ауыл сәніне сән қосары анық. Болашақта  бұл жерге бағаналар қойып, айналасын жарық шамдармен жарқыратып, жүз метр қашықтықтан электр тоғын жеткізу жоспарда.

«Қоршалған спорт алаңымыздың бір бұрышынан кішкентайларға арнап «Бүлдіршіндер қалашығы» деген атаумен орын жасақтағымыз келеді. Бұның бәрі ертеңгі күннің еншісінде еншісінде. Ауылдастарымыздың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы артып тұратын болса, оған да қол жеткіземіз деген ойдамын», — дейді басты ұйымдастырушылардың бірі Бауыржан Масенов.

Міне, күн жадырап, айнала шуаққа бөленгенде жерлестеріміз жөндеген спорт алаңында ауылдың кішкене балалары асыр салып доп теуіп, жүгіре жарысып, асыр салуда. Ата-аналар бұрын телефоннан басын алмаған балаларын «жоғалтып», осы жерден тауып жүр.

Амангелді ЖАНАЙЫСОВ

М.Өтемісов атындағы орта мектебінің директоры.

АТАМЕКЕН