26.04.2021, 9:18
Қараулар: 139
Ең алдымен ішкі бүтіндігіміз мызғымасын

Ең алдымен ішкі бүтіндігіміз мызғымасын

Мына дәуірдің беті қатты. Небір тағылық бар жұмыр жер бетінде. «Оның бізге қатысы жоқ»,- деп кесіп-пішіп айта алмайсың. Демек, тәуелсіз жас мемлекетіміздегі қырағылық қай кездегіден де күшейтілгені жөн.

Ең алдымен ішкі тұтастығымызды шыңдаудың барлық амалы, мүмкіндігі толық қосылғаны абзал. Онсыз сыртқы бүтіндік хақында айту қиын. Бейбіт күннің қадіріне жетпей, ақыры бөлініп-жарылып, қан төгіліп, жан-жаққа босап, бір үзім нанға зар болған жұрттар қаншама әлемде.

Ендеше, біз ашық аспанымыз аясындағы тірлігімізді бағалап, мәпелеп, мемлекетіміздің қуаттана түсуі үшін еңбегімізді еселеуге тиіспіз.

Тәу етер тыныштығымыз, әрине, аспаннан түсе салған жоқ. Жаңа Қазақстанда бұл үшін қысқа мерзімде-ақ ғасырға парапар қам жасалды. Жаңа тарихымыздағы биылғы айтулы даталар жайында тоқтала келіп, өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзат болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын… жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес»,- дегені бәрімізді ордалы ойға жетелеуі керек-ақ.

Егемендігіміздің елең-алаңында-ақ Қазақ елі ғаламшарымызды ядро жұмыртқалаған заманнан арылту жолында өте ерек үлгі көрсетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991-дің 29 тамызында  соған дейін жосықсыз қаруланған КСРО-ның стратегиялық мақсаттарына жұмыс жасаған Семей ядролық полигонын жабу жөнінде Жарлық шығарды. Егер дейсің, Кеңес Одағы келмеске кеткен соң бұл полигон сақталса, оны ұстап тұруға орасан қаражат керегі әдбен түсінікті еді, сол кезде қаржының табылуы мүмкін емес те еді. Осыны айтпағанда, халқымызды, қасиетті топырағымызды радиациялық сәулеленуге ұшыратқан тажал көзіне Қазақстанның ішкі де, сыртқы да мүдделілігі болған жоқ. Мұны айтпағанда, атын естігеннің өзінде тұла бойың дір ететін жүздеген ядролық оқтұмсық, құрлықаралық баллистикалық зымырандар, әйтеуір толып жатқан ажал айдаһарларына әнеу шеттерден құныға, тамсана көз тігіп, бұларды қолға түсіргісі келетіндер табылуы ықтимал-ды.

Полигонды жауып, құртып, бітеумен іс бітер ме, мемлекетіміз өзінің тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына басқалардан кепілдікті сенімді түрде алу үшін қаншама іс орындалды десеңші. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған қыруар қадам елімізді әлемдік ядролық қаруға қарсы күресушілердің көшбасшысына айналдырды. Бүкіл Орталық Азияны ядролық қарусыз аймаққа айналдыру шараларына мұрындық болдық. 180-нен аса мемлекет ядролық жарылыстардан бас тартуға келісті.

Бұл – бұл ғой, көш-керуеніміз басындағы асыл азаматтарымыздың, дипломаттарымыздың жеріміздің тұтастығын қысқа мерзім ішінде біліктілікпен, тап-тұйнақ ықтияттылықпен, бейбіт түрде жүзеге асырған еңбегіне де мың тағзым етуге тиістіміз.

Қытаймен мемлекеттік шекарамызды орнатудың ежелден бергі аса күрделі, шым-шытырық тарихы бар екен, оны кезінде ішіміз сезіп жүрді. Кез-келген күні жанжал тууы мүмкін-ді. Жаратқан Иеміз сақтады. «Бұл екі елдің шекара мәселесінде келісімге келуі мүмкін емес»,- деген пікірлер әлсін-әлі естілген. Тәубе, тәуелсіздігіміздің арқасында, басшы-қосшыларымыздың ұйқы-күлкіні ұмытып, тұрақтылығымызды ойлап, ата-бабаларымыз рухы алдындағы парызға адалдығының арқасында 1992 – 2005 жылдар аралығындағы қым-қуыт  келіссөздер нәтижесін берді. 1783 шақырым шекара барлық периметр, өлшемдерімен нақтыланды.

Өзбекстанмен (2351 шақырым), сосын бізбен бөліп тұрған шекара дүние жүзіндегі ең ұзын (7591 шақырым) болып табылатын Ресеймен арадағы өту сызығын анықтап, қаншама қиындықпен тиянақтауда да есеміз кеткен жоқ. Маңайымыздағы басқа көршілестермен де осылай болды.

Ал көршілестерімен шекарасын көптен бері шегендей алмай, сөйтіп, келешек ұрпақтың басын қатырар зіл-батпан жүкті ертеңге тастап кетуі ықтимал елдер баршылық.

Қазақстан мәселені біржолата шешіп алды.

Бүгінде мол жемісін беріп келе жатқан соның бәрі оңайлықпен келмегенін жіті ұғынған абзал. Бодандық бұғауынан құтылған бойда бұдан былай кең байтақ жерімізге ешкім көзінің сұғын қадамауы үшін не қажеттің бәрі жасалды, одан әрі жасалуда да. Бұл әлемде бұрын болып көрмеген жаңа сынақтар жағдайында жүргізіліп жатқандықтан, оның күрделілін аңғару қиын емес. Жақсы жағымен қоса ызғарлы кілтипаны да жетіп жатқан мынау жаһандануда тек патриоттық рухы жалындаған жұрт қана көштен қалмайтынын адамзаттың озық ойлылары қайта-қайта қаперге салуда.

Осы орайда індете үңіліп, шымыр, ширақ шарасын талап еткен кесір жетерлік.

Ең алдымен, иә, өз ішімізді бекемдемесек, дәуірдің жаңа сын-қатерлеріне дайындықта, соған қарсы тұруда уақыттан ойсырап ұтыларымыз шүбәсіз. Алаңдатар гәп, мазалайтын жәйт сан сауалды қаумалатады келіп. Шектен шыққан қырсықтарға аттаған сайын ұшырайсың.

Міне, осы айдың басында Қарағандыда әлденеше миллиард теңгенің «өнімдерімен», оны жасайтын құралдарымен қоса, синтетикалық есірткі жасайтындар қолға түсті. Сәл кейін Жамбыл облысында да ірі көлемді есірткі анықталды. Бұл тек таяудағы оқиғалар, жасырын жұмыс жасаған мұндай «өндірушілер» (қыста біздің өңірімізде де ұсталды) әлі қаншама екен, жастарымыздың қаншасын улауда екен?,- деп пұшайман болуға мәжбүрсің. Тұтастығымызға ішкі бір қауіп осы, әрине. Дербестігіміз кезеңінде нығайтылған бірлігімізге, моля түскен берекемізге сырттан көз алартушылар ішіміз ірісе сақтығымыз солғындаса, қиқулайды ғой.

Автокөліктің тізгінін есірткіге елтіп алып ұстағандардың (арақты сіміріп алып рөлге отыратындар аздай) ұшырасатыны да үрей әкеледі. Автокөлік демекші, еліміздің бірнеше шаһарында жүргізуші куәлігін сату деректері де ашылуда. Және ашықтан-ашық, заңға пысқырмай саудалау! Елді басынудың «классикалық үлгісі» ғой бұл. Олардың артында кімдер тұр? Осындай ұйірлердің арам тамыры қашан қиылмақ?

Біз атүсті шолып отырған сол келеңсіздіктердің қайдан шығып, тарап жатқанын ауылдағы, қаладағы әлеумет арасында жақсы білетіндер әрине, аз емес. Тек біздің баяғы немкеттілігіміз соны жалғанның жарығына шығаруға  кесе-көлденең кедергі-ақ. Сөйтіп, жебірлерге, қаскүнемдерге, оңай олжадан семіргендерге жолды ашық тастаймыз.

Бір мысал: сатармандар алдын ала белгілеп қойған таса орындардан «өнімді» алып тұратын алармандардың «жорығы» өздеріне көптен бері мәлім болса керек, Алматыдағы бір шағын ауданның тұрғындары соларды ұстап, полицейлер қолына тапсыру үшін әрекет жасағанын 9 сәуірде «КТК» телеарнасы көрсетті. Осыған байланысты қазір тиісті зерттеу, анықтау жүргізілуде екен. Міне, жоғарыда «білетіндер аз емес» деп айтып отырғанымызға бір дәлел осы.

 

Ендеше, ішіміздегі ауруды жасырудан арылайық де. Біліп тұра, тымырайып жүре берсек, тауқымет деген аяғымызға тұсау бола береді. «Оны айтасыз, тіпті ауыл-аймағымызды көріктендіруге, құрылыстар жүргізуге қатысты жиылыстарға қатысуға тұрғындар құлықсыз»,- дерсіз. Рас. Ал түптен келгенде, мұндай күллі бейқамдық, селқостық, жаны ашымастық өзімізге соққы, ұрпағымызға зиян екенін білу қиын ба? Елде асқынған алаяқтық та сол баяғы қалғып-мүлгіп жүруімізден ғой. Ащы да болса, ақиқат осы, әйтпесе көпке топырақ шашудан аулақпын.

Мемлекет ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың мұқтажына жарату жөнінде ауқымды істерді жүзеге асыруда. Тоқымдай жерімізге дейін ата-бабаларымыз қырағылықпен, қаһармандықпен қорғаған қастерлі топыраққа маңдай терімен нәр беріп, еңбектің құдіретін асқақтатқан еңбеккерлерімізді жас ұрпаққа таныту тәрбиенің нағыз бір темірқазығы екені анық. Шаруалармен дала төсінде ұл-қыздармен неге дәрістер өткізбеске? Қыс бар, жаз бар, мұндай ықпалды еңбек сабақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік жетеді. Қырды түлеткен азаматтарымыздың қиындық атаулыны жеңуі жайында әңгімесі мұғалімнің де, шәкірттің де басын қатырған кейбір шалажансар оқулықтан артық… Жұртымыздың мақтанышына айналған шаруақорлар арқылы балауса өрімдеріміздің көп нәрсеге көз жеткізері кәміл. Ертең ел тізгінін ұстауға тиіс ізбасарлардың бағы үшін осындай-осындай амалдарды қолға алмасақ, олардың бойына оңай олжаға құнығу секілді дерттер, «бәрін ақша шешеді» дейтін теріс түсінік жармасатынын өмір көрсеткелі қашан?!

Еліміздегі еріктілер қозғалысы имандылық, адамдық, ұғыныстық ахуалына ажар үстеуде. Осыдан айырылмау керек. Ортақ істі үйіріп алып кететін, басқаның көмегі ауадай қажет жас-кәріге қол ұшын созбай отыра алмайтын өрендерімізге, алуан сала мамандарына сүйсініп жүрміз. Тіршілікті көркейту деген осы. Өнеге өрісті болсын, жас ұрпаққа жұқсын. Еріктілер тәжірибесін үздіксіз қанаттандырған жөн.

Ұл-қыздарымыз төңірегіне сергек қарап, оқып-тоқумен жан дүниесін байытып, бір болса екен, ірі болса екен. Өткен ғасырларда талай өксіген, аты сорға жығылып, сордан шығып, орға жығылған, ақыры азаппен азаттыққа жеткен халқының өткенін ұғынып, құрметтеп, бас исе екен. Тарихын білмеу, бүгінгі бейбітшілігіміздің бағасын, парқын білмеу – күпірлік, пақырлық. Мұның түбі – бұлыңғыр болашақ, рухани кедейлік. Ана шеттегі пиғылы бөтендердің жастарды ерттеп мініп алуына сондай жағдайлар түрткі емес пе?!

Бытырамайық, шашылмайық, жарылмайық.

Тәуелсіздік жолында арыс-айбоздарымыз, баһадүрлеріміз арпалысып, жанын қиған жұртқа естиярлық, сергектік, зерделілік, ұйысу жарасады. Бізден бұрын өткендер «Бөлінгенді бөрі жейді»,-деп ескерткен. Осыны жадымызға шегелейік.

Болат ЕСҚАЛИЕВ

журналистика ардагері