26.04.2021, 9:29
Қараулар: 114
Індетке тосқауыл вакцина ғана

Індетке тосқауыл вакцина ғана

Қоғамда коронавирусқа қарсы екпе екпе жасату төңірегінде дау-дамай толастар емес. Бірдақты пікірін нөсерлеткен блогерсымақтар мен солардың сөзіне ілесіп, айналасындағыларды дүрліктіргендер дабыра қарсылық тудырып, елдің көңіліне күдік сеуіп жатқаны да жасырын емес. Десек те, ерікті түрде алынатын вакцинадан қашпай, өзінің және жақындарының денсаулығын осы екпенің көмегімен сақтағысы келгендердің де қатары қалың. Солардың бірқатарымен редакция тілшілері сұхбаттасып, пікірлерімен танысты.

Сәбит ЖАРДЕМҰЛЫ,  аудандық аурухананың терапеві: Коронавирус  инфекциясы пайда болып, жер шарының түкпір-түкпіріне тарағалы, міне, бір жылдан астам уақыт өтті. Бір өкініштісі, пандемия біздің елімізді де айналып өтпеді.

Өткен жылдың жазында ойран салып, артынан бәсеңсіген дерт қайта өршіді.  Облысымызда күн санап жүздеген адам ауру жұқтырып, өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бойынша «қызыл аймақтан» шыға алмай жатқанына айдың үстіне шықты. Алысқа бармай-ақ қоялық, аудан орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімінде бүгінде 40 қа жуық науқас ем алып жатыр. Әріптестерім сол жерде күн-түн демей, жұмыс жасауда. Ауыр жағдайда жатқандары да жоқ емес.

Індеттен арылудың жалғыз жолы – вакцинациялау.  Осы жылдың ақпан айынан бастап, ресейлік «СпутникV»  вакцинасы елімізде қолданысқа енгізілді. Міне, содан бері жер-жердегідей біздің ауданымызда да саулығын қамдаған вакцинаны ерікті түрде алуда. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында аудандық емханаға қызметкерлері түгел келіп жатқан мекемелер де аз емес. Мен де осыдан жарты ай бұрын екпенің алғашқы дозасын алдым.

Вакцина пайда болғалы бері қоғам арасында алыпқашпа гу-гу әңгімелер желдей есіп жүр. «Екпе жасатқан соң адам жағдайы қиындайды екен, тіпті мүгедек болып қалып жатқандар бар», «вакцина арқылы елдің барлығын чиптейді екен», «бұл екпенің кесірін қазір емес, бірнеше жылдан кейін көресің»… Осы сынды ақылға сыймайтын дүдамал пікірлер, әлеуметтік желілілердегі жазбалар көп адамның көңіліне күдік ұялатады.  АҚШ, Еуропа елдері, Ресей сынды әлем алпауыттары алып жатқан вакцинадан бүгінгідей ғылым мен медицина дамыған заманда еш қорқудың реті жоқ деп ойлаймын.

Екпеден кейін еккен жері аздап ауырды. Алғашқы күні кеште дене қызуым 37,2 градусқа көтерілді, қызу басатын дәрінің біреуін ғана қабылдаған соң бәрі жақсарды, жұмысымды жасап жүрмін. Енді 21 күн өткен соң екінші екпені қабылдауға дайынмын десем болады.

Бір түсіндіре кететін жағдай –  екпе алғаннан кейін жүз пайызға вирус жұқпайды деген мәлімет жоқ.Алайда «жаман айтпай, жақсы жоқ», ауырып қалған жағдайда жеңіл түрімен ғана өтеді. Дегенмен, әлем тәжірибесінде екпенің  екі дозасын алған адамның вирус жұқтыру көрсеткіштері өте төмен. Яғни вакцина алған адамның ағзасы ауруға қарсы күресті күшейтеді.

Екпені алуға болмайтын адамдар да бар:  жас балалар, жүкті әйелдер және бұрыннан созылмалы аурулары бар науқастар. Емханаға келген адамның әрбірін міндетті түрде медицина мамандары тексеруден өткізіп, денсаулығына қауіп төніп тұрмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сондықтан еш қорқыныш болмасын, келіңіздер, індеттің тарамауына сіз бен біз болып, атсалысайық, ауырмайтын жол іздейік. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін!

Наталья Кадрова, цветовод районного центра туризма и экологии: Первый компонент вакцины от коронавирусной инфекции «Спутник V» получила и я. Решилась на эту процедуру добровольно, понимая, что вакцинация – единственный путь защитить  себя, родных и близких, коллег по работе от коварной болезни. Вообще, считаю, если встал вопрос брать или – нет прививку, надо исходить из соображения, что вакцинация помогла населению планеты избавиться от таких заболеваний как корь, краснуха, полиомиелит, дифтерия и другие.

Пугаться вакцинации не следует. Перед  прививкой меня, как и других  пациентов, пришедших на прививку, осмотрел врач на наличие температуры, других болезненных симптомов, обострения хронических заболеваний. После процедуры, 30 минут находилась под наблюдением, но, Слава Богу, всё обошлось нормально. Не было осложнений и в последующие три дня. Теперь, после истечения определённого времени, думаю, пройти второй этап вакцинации.

Конечно же, и после вакцинации не надо забывать о мерах предосторожности, не отказываться от соблюдения социальной дистанции и масочного режима. Иначе нельзя, ведь опасность не миновала.

Верю, что наступят времена, когда вирус отступит и исчезнет, и мы сможем вернуться к обычной жизни.

Біржан Сабиров, аудандық білім бөлімінің басшысы:

Пандемия ең алдымен білім беру мекемелері, мектептерде оқитын оқушылардың сабағына әсер етті. Былтырғы оқу жылының соңғы тоқсанында оқушылар түгел қашықтан білім алуға мәжбүр болса, қазірдің өзінде бала саны көп мектептер мен жоғары оқу орындары әлі осы әдіспен оқытуда.

Қашықтан оқытудың әбігерін ата-аналар әлі де ұмыта қойған жоқ. Ауылдық жерлерде ұялы байланыс, ғаламтордың жылдамдығының төмендігі барлығы балалардың еркін білім алуына кедергі болды. Көктем айларында қайта өршіп, науқастар саны артуына байланысты білім ұяларында талаптарды күшейттік.

Ұл-қыздарымыздың мұғалімнің алдында білім алуына ықпал етер тәсіл вакцинация екені аян. Қазіргі талаптар бойынша мектепте бір адам вирус жұқтырса, ол түгел карантинге жабылады. Сондықтан білім беру процесінің штаттық жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін педагогтардың вакцина алғаны абзал. Бұл ең алдымен, олардың өздерінің денсаулығының, сонымен қатар күнделікті сабаққа келіп, алдынан дәріс алатын оқушыларының амандығының кепілі. Сондықтан өзім бастаған білім беру бөлімінің ұжымы аудандық емханаға барып, екпе алдық. Әрине, жаңа вакцина болғасын, көптің көңілінде қорқыныштың бар екені анық. Біз осылайша өзге әріптестерімізге үлгі болайық дедік.

Алдымен бізге дәрігерлер бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, екпенің маңызы мен болуы мүмкін салдарын айтып берді. Егілгеннен кейін жағдайым жақсы болды. Бірге барған ұжымдағы қызметкерлер де кері әсері жайында шағымдар айтқан жоқ. Екінші мәрте екпе алатын күн де жақындап келеді. Аудан орталығындағы мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға өзім эпидемиолог дәрігерлермен бірге жүріп, түсініктеме жұмыстарын жүргіздім.

Екпе салдырту жайында бізге халық тарапынан қойылатын сұрақтың ең бастысы «Ауылдық жердегі мектептер ұстаздары екпе алу үшін аудан орталығына келуі керек пе?». Осы сауалға да жауап бере кетсем, аудан орталығынан алыс, шалғайда орналасқан ауылдардың ұжымында вакцина қабылдауға ниеттілер көбейсе, біз аудандық емхананың басшылығымен келісіп, арнайы медецина көлігімен қызметкерлері жолданады.

Бір мысал, жақында Есенсай ауылындағы орта мектеп басшылығынан шақырту түсіп, сол ұжымдағы 22  ұстазға екпе салынды. Міне,  жаппай вакцинациялаудың арқасында бұл індетті де еңсереміз деген ойдамын. Алдағы оқу жылының алғашқы қоңырауын бұрынғыдай салтанатпен қарсы алып, шәкірттер алтын ұя мектептерімен түгел қауышады деген сенім бар ұстаздарда.

Мұстафа ЖҰМАҚҰЛОВ, аудандық полиция бөлімінің жедел кезекшінің көмекшісі, полиция аға сержанты: Былтыр пандемияның алғашқы толқыны басталғанда-ақ коронавирус індетінің қаншалықты қауіпті екеніне өзімнің  көз жетті. Блок-бекеттер қойылып, сонда кезекшілікте тұрғанда, короновирус жұқтырып алдым. Бас солқылдап, дене қызуым көтеріліп, тынысым тарылып, өкпе қысылып,  ауру жаныма қатты  батты. Екі апта бойы ешқайда шықпай карантиндік режімді сақтап, үйде болдым.  Бұлай бұрын ауырмаған едім. Аталарымыздың «Ауырмаған күннің бәрі жақсы» деген сөзінің мағынасын сонда түсінгенмін. Өзім Базаршолан ауылында туып-өстім, ата-анам қазір сонда тұрып жатыр. Сол күндері жанұямды сонда жіберіп, өзім үйде жалғыз болдым.  Ол кезде вакцина шықпаған, бұл бәлеге халықтың көп бөлігі бұған сенбей жүрген уақыт еді. Анам өмірбойы медбике болып қызмет етіп келген, сол кісімен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, түрлі ем-дом қабылдап сауығып шықтым. Былай қарасаңыз, жасым 26-ға келген аяқ-қолым сау, атпалдай жас жігітпін, ауырамын  деген ой болмайтын.

Бір ұл, бір қызым бар, отбасым үшін алаңдаймын. Аты жаман дерт тезірек жойылып, бұрынғы жайма-шуақ кезге оралсақ екен деген тілек қана.

Осы ауруға қарсы вакцина шықты дегенде көңілім жайланды. Індетті ауыздықтайтын тек вакцина екені ғылыммен дәлелденген. Сондықтан өз ұйғарымым бойынша ерікті түрде екпе қабылдаймын деп шештім.

10 сәуір күні аудандық емханаға барып алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейін вакцина салдырдым. Отыз минөттей дәрігер бақылауында болып, үйге жақсы көңіл-күйде оралдым. Ешқандай қызу көтерілу, ауырсуыну деген болмады. Қазіргі уақытта біздің полиция бөлімінің 90 пайызы екпе жасатты, себебі халықпен жұмыс жасап жүргендіктен вакцина салғызу біз үшін басты орында. Сондай-ақ, қауіптің алдын алу үшін, одан әрі ауру таратпау үшін өте қажет нәрсе деп санаймын.

Айнагүл БЕГЕЕВА, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторигі бөлімінің бас маманы:  «Індет оны жұқтырмау міндет».  Осы нақыл әрбір адамның ойында жүруі керек, себебі жұмыс орындарында, көшелерде сауда үйлерінде науқас немесе олармен байланысы бар адамдар кездессе, оның ауруы  сізге жұғуы әбден мүмкін.  Сондықтан мен ұжымдағы әріптестеріммен бірге вакцина алуды жөн көрдім. Өйткені біздің  аудандық әкімшілікке шаруаларымен келетін жұртшылықтың қарасы қалың. Сол келушілердің денсаулығы мен жанұяның қауіпсіздігі мен үшін маңызды.

Екпеден кейін  таныстар, жақындарым қоңырау шалып та, арнайы келіп те, жағдай сұрап жатты. Көбі ең бірінші күнгі әсерді нақтырақ білгісі келеді. Шошып, жаға ұстататындай дәнеңе де жоқ. Еккеннен кейін орыны екі күндей ауырды. Дәрігерлердің кеңесімен қызуға арналған дәрі іштім. Жұмысыма келіп, әріптестеріммен бірге қызметімді жалғастыра бердім.

Вакцинация басталғаннан бері тараған әр түрлі дүдәмал әңгімелер көпшіліктің бойына күдік пен қорқыныш ұялатып, екпеден бас тартып жатқандар бар арамызда. Бірақ сол айтқандардың барлығы алып-қашпа, дәлелі жоқ дүниелер екенін ұқтым. Сауатымыз бар емес пе?! Ешқандай негізі жоқ осындай өсек-аяңға қалай сенесіздер? Бұл істе де бірлік керек, індетті жеңеміз десек, телефоннан қуалаған қауесетке сенбей, ғалымдардың жер-жаһанды жайлаған вирусты жою үшін еңбегін төгіп, жасаған дауасына сүйенгеніміз абзал. Елге келген жаман індетті бірге жеңейік, өзімізге  жұқтырып, оның залалын өзге біреуге тигізуден аулақ болайық.